Жаңалықтар

Жылы жүздесу

Еліміздің Қарулы күштерінің қатарына жаңадан шақырылған «Астана» өңірлік қолбасшылығы әскерлеріне қарасты 06708 әскери бөлімінің жас сарбаздары Приозерск гарнизонынан зейнеткерлікке шыққан Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің ардагерлерімен кездесті.

Жас сарбаздармен жылы жүздесуді ұйымдастырған Приозерск гарнизоны Қарулы күштер ардагерлері филиалының төрағасы Тілек Алшымбекұлы болатын. Кездесуді 06708 әскери бөлімі командирінің тәрбие және идеологиялық жұмыстары жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы майор Бірлік Чебиков ашып берді.

Жас сарбаздардың ардақты ардагерлермен кездесуі «Менің Республикам – Қазақстан!» атты ерлік сабағына арналып, Тілек Кенжебеков барлық Қарулы күштердің ардагерлері атынан жас сарбаздарды 25 қазан – Республика күнімен құттықтады.

Жас сарбаздармен кездесуге арнайы шақырылған Ауған соғысының ардагері, запастағы подполковник Валерий Крупский жас сарбаздарға өзінің ерлік жолын баяндаса, Қарулы күштер ардагері, Приозерск гарнизонындағы Әскери полиция бөлімін ең алғаш басқарған запастағы подполковник Болат Шатыбеков қызмет атқарған жылдардағы сарбаздардың құқығын қорғау жолындағы атқарған жұмыстарын баяндап берді.
Кездесу барысында қазан айында егеменді еліміздің айбынды армиясының құрылуына өзінің сүбелі үлесін қосқан генерал-майор Александр Мартыновтың, көп жылдары Қарулы күштердің қатарында басшылық қызметтерді атқарған, Ауған соғысының ардагері, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың, бірқатар әскери жоғары лауазымдық қызметтерді абыроймен атқарған генерал-лейтенант Болат Дарбековтың және ел әскерінің қару-жарақ қызметі саласында қызмет еткен, сонымен қатар әскери қызметшілердің құқығын қорғау ісіндегі Әскери полиция қызметінің алға басуына зор үлес қосқан генерал-майор Шамиль Хакимовтың мерейлі жасқа толатыны айтылды. Қатарға жаңа қосылған жас сарбаздарға мерейтой иелерінің өмірбаяны мен Отан алдындағы қалтықсыз қызметі мен еңбектері жайында баяндалды.

Алдыңғы толқын ағалар мен кейінгі толқын інілердің кездесуіне қатысушылар ашық пікір алмасып, үлкендер жас сарбаздардың Отан алдындағы қызметіне табыс тілеп, әр кез Әскери антқа адал болу керектігін жеткізді.

Думан Жұмашұлы,
Приозерск гарнизонының баспасөз хатшысы, лейтенант

Басқа материалдар

Back to top button