АймақҚарағанды

Жылу жүйесіне «жылы» көзқарас

Қарағандылықтарды Арқаның алты ай қысында үздіксіз жылумен қамтамасыз ететін бірнеше жылу электр орталығы бар. Соның бірі – ЖЭО-1, екіншісі – ЖЭО-3. Қазіргі уақытта қос нысанда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС сәуірден жылу көздерін жаңғырту жұмыстарын бастаған. Атап айт­сақ, қос алып нысанның бес қазандық пен үш турбинасында күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Ол үшін 23,8 миллиард теңге бөлінген. Қазіргі уақытта жұмыстар кестеге сай. Жоспар бойынша барлығы қазан айында тапсырылады деп күтілуде.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қарағанды қалтырамайды

Қаланың орталықтандырылған жылу жүйесін қамтамасыз ететін басты нысанның бірі – №3 жылу электр орталығы. Бұл орталықтың өзінде сегіз бу қазандығы жұмыс істейді. Жыл сайын оның екеуіне, немесе, үшеуіне күрделі жөндеу жұмыс­тары жүргізіледі. Биыл бір қазандыққа күрделі жөндеу, екеуі ағымдағы жөндеу көреді. Ал, қазандықтың №2 құбыр агрегатына жоспарлы ағымдағы жөндеу күні кеше басталған.
Бу қазандығы – ішкі құрылымы күрделі, мыңдаған құбыр өзара байланысқан ауқымды жүйе. Мұндағы әр құбырдың қызметі нақты. Қазіргі уақытта №1 бу қазандығында бу қыздыру құбырлары толық ауыстырылуда. Жалпы, әр бу қазандығында экранды жүйе орнатылған. Ол дегеніңіз, қазандықтың ішкі қабырғасына орнатылған, жылуды сіңіріп, бу өндіретін жүйе. Сол экранды жүйе толық жаңартылады. Одан бөлек, қазандықтың экономайзері, яғни, қоректік суды алдын ала жылытуға арналған құрылғысы да жаңартылуда.

– Жылу беру тиімділігін арттыру мақсатында екі сатылы экономайзер орнатылған. Бұл жүйе суды алдын ала біртіндеп қыздыру арқылы отын шығынын азайтады. Сол екі сатысы да жаңартылуда. Одан бөлек, қуат беру жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында электр қозғалтқыштары толық ауыстырылуда. Ал, жылу орталығындағы отынмен қамту тізбегінің маңызды буыны – көмірді ұсақтап жеткізетін жүйесі. Қазір бұл нысанға да күрделі жөндеу жүріп жатыр, – деді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры Флюр Гарипов.

Инвестициялық жобалардың ішінде ең ауқымды әрі маңыздысы – ЖЭО-3-ті кеңейту жұмыстары. Биыл бұл бағытта нақты қадам жасалып, жобаны іске асыруға кіріскен. 2028 жылға дейін жаңа энергия блогы орнатылмақ. Оның электр қуаты – 140 МВт, ал, жылу қуаты – 180 сағ/Гкал болады. Бұл – қаланың жылу-­электр жүйесін тұрақтандырып, энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

– ЖЭО-1 жөндеу жұмыстары үшін 120 күн, яғни, төрт ай уақыт берілген. Осы уақыт аралығында барлық жұмыстарды аяқтау шарт. Бүгінде жұмыстардың 48%-ы тәмам. Оның ішінде, демонтаж, монтаж жұмыстары толық бітті. Ал, жөндеу тәулік бойы екі ауысыммен жүргізілуде. Қазір екі бірдей қазандықты жөндеу күтіп тұр. Қалғандары ағымдағы жөндеуден өтеді, – деді Флюр Гарипов.

Биыл жылу беру маусымы аяқталған соң №1 қазандықтың тозу деңгейі 90%-ға жеткені анықталған. Сондықтан, биыл толық күрделі жөндеуге шешім шығыпты. Ал, осы жөндеу толық аяқталғанда қазандықтың тозу деңгейі 35%-ға төмендейтін көрінеді.

– Былтыр жөндеуге 18 млрд теңге бөлінген. Биылғы бюджет одан көбірек. Жыл сайын орталықтың жөндеу аумағы көбейеді. Сәйкесінше, жабдықтардың да бағасы өседі. Былтыр №5 қазандық күрделі жөнделді. Ол үшін бюджеттен 4 млрд-тан астам теңге бөлінді. Биыл бірінші қазандықты күрделі жөндеуден өткізу үшін 5 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарының 48%-ы аяқталды. Әлі біз берілген уақыттың ортасына да келмедік. Мамандар жеткілікті. Жоспарды мерзімінен бұрын орындауды көздеп отырмыз, – деді «Қарағанды Энергоцентр» ЖШС бас директоры.

Тариф өсімі қажеттіліктен туындайды

Жыл басынан бері өңірде электр энергиясының тарифі – 25%-ға, жылу энергиясының бағасы 20%-ға өскен. Бұл өзгеріс алдымен тұтынушыларға азды-көпті салмақ салғанымен, ол ақшаға жөндеу жүргізілуде.

Тариф өсімі «Тарифті инвестицияға айырбастау» жобасы аясында жүзеге асырылуда. Яғни, жобаға сәйкес өңірлік жылу-электр орталықтарына тарифті белгілі бір мөлшерге көтеруге рұқсат берілген. Ал, түскен қосымша қаражат күрделі жөндеу, техникалық қызмет көрсету және жүйені ауыстыруға бағытталады. Мәселен, ЖЭО-3 нысанындағы күрделі және ағымдағы жөндеу тарифтік түсімдер есебінен қаржыландырылуда.

– Жылу мен жарық тарифінің өсуіне көмір бағасы да себеп. Басты жеткізушіміз – «Богатырь Көмір» ЖШС. Биыл аталған кәсіпорын былтырғы бағаға қарағанда жеткізу құнын 24%-ға өсірді. Сәйкесінше, біздің де баға көтерілді. Жалпы, кәсіпорынның екі негізгі табыс көзі бар. Бірі – жылу, екіншісі – электр энергия­сы. Алайда, жылу жүйесіне ұзақ жылдар инвестиция құйылмаған. Біз көбіне жөндеу жұмыстарын, жабдықтарды ауыстыру және сатып алу үшін электр энергиясынан түскен табыстан алып отыруға мәжбүр болдық. Ал, бұл бізге тиімсіз. Енді жылу тарифі инфляцияға байланысты жыл сайын өсіп отырады. Сол ақшаға тиісті күрделі жөндеу өтеді, – деді бас директор Флюр Гарипов.

Құбырлар толық жаңартылады

Өңірдегі ең маңызды инженерлік жүйе – магистральдық жылу жүйесі. Биыл жылу маусымындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін ЖЭО-3 станциясынан басталатын ұзындығы 4,8 шақырымдық негізгі магистральдық желі қайта жаңартылуда. Яғни, мұнда жылу беру және кері қайту құбыры толық ауыстырылады. Ал, әрқайсысының ұзындығы – 2,4 шақырымнан.

Бұл – соңғы онжылдықтағы ең ірі инфрақұрылымдық жобаның бірі. Бұған дейін жылу құбырының диаметрі 1000 мм еді. Ал, ауыстырылып жатқан жаңа құбырдың диаметрі – 1200 мм. Бұл – құбыр желісіндегі апат қаупін азайтады. Әрі қысымға да төзімді. Тіпті, қосымша тұтынушыларды қосқан жағдайда ешқандай мәселе туындамайды.

– Жөндеу жұмыстары облыс әкімінің тапсырмасының негізінде 2024 жылы басталды. Жоспар бойынша 2026 жылы аяқталады. Жалпы, магистральға уақытылы ағымдағы жөндеу жүргізілгенімен күрделі жөндеу жасамағалы 50 жылдан асыпты. Екі жобаның тапсыру мерзімі үш жылға жоспарланған. Қазіргі уақытта біршама жұмысты еңсеріп қалдық. Жұмыстар кестеге сәйкес, – деді Қарағанды қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысының орынбасары Жанболат Тоқмурзин.

Жалпы, ЖЭО-3-тен екі бірдей магистральдық жылу құбыры шығатын. Бұған дейін қаланы осы екі құбыр жылумен қамтамасыз етуші еді. Былтыр үшіншісі іске қосылып, едәуір қысым азайған. Осы үш бірдей жылу құбыры белгілі бір аймаққа дейін тартылады. Яғни, бұлар негізгі орталық жылу көздері. Ал, осы орталық жүйеге қосымша жалғанған жылу құбырлары қосылады. Мәселен, Пришахтинск және Сұрыптау станциясына баратын жылу желісі осы бірінші магистральдық жылу құбырына қосылады.

Құбырлар – «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында орналасқан «Изоплюс Орталық Азия» кәсіпорнында дайындалған. Сапасы – еуропалық деңгейде. Жалпы, құрылыс материалының бәрі – отандық өнім. Қазіргі уақытта құрылысқа ешқандай кедергі жоқ.

Басқару торабы – ЖЭО-ның миы

Жылу электр орталығындағы басқару торабы – бүкіл станцияның жүрегі деу­ге болады. Себебі, мұнда ЖЭО-ның өн­дірістік процесін, жабдықтардың жұ­мысын, технологиялық жүйелердің қауіпсіздігі, бәрі-бәрі осы орталықтандырылған пульт арқылы басқарылады. Яғни, ЖЭО-нан шығатын екі бірдей магистральдық жылу құбырына қосымша жалғанған жылу құбырлары да осы торабтан басқарылады екен.

Одан бөлек, мұндағы қазандықтар, турбиналар, генераторлар, сорғылар, трансформаторлар, автоматтандырылған жүйе арқылы жұмыс істейді. Осында отыр­ған операторлар нақты уақыт режимінде температура, қысым, тоқ, кернеу, су деңгейі сынды ондаған параметрді бақылап, реттейді. Егер қандай да бір апат немесе төтенше жағдай орын алғанда диспетчерлер бірден әрекет етіп, станцияны қауіпсіз режимге ауыстырады.

Үнемнің өзегі не?

Биыл №1 қазандық агрегатына күрделі жөндеу барысында оның батареясы да жаңартылады. Мұнда қазір 2-ші буындағы батареялық эмульгаторлары тұр. Енді жетілдірілген 3-ші буындағы батарея­лық эмульгаторлар ауыстырылады.

3-ші буындағы батареялық эмульгаторлар дегеніміз мазутты тиімді жағу үшін арнайы әзірленген заманауи жабдық. Бұл құрылғы мазут пен суды араластырып, тұрақты эмульсия түзеді. Нәтижесінде, отын толық жанып, зиянды қалдықтарды азайтады. Бірнеше эмульгирлеу секцияларынан тұратындықтан «Батареялық» деп аталады. Ал, дәп осы 3-ші буындағысы көпсатылы екен.

Батареялық эмульгатордың жүрек соғысын реттеп тұрған қос тетік бар. Бірі – желдеткіш, екіншісі – тамшы ұс­тағыш. Бірі – отын мен суды үйлесімдесе, екіншісі – оны бақылап, сұрыптап тұратын сүзгі. Екеуінің үндестігі болмаса, тиімділік те, үнем де – құр сөз.

– Эмульгатордың екінші тірегі – там­шы ұстағыш. Ол – технологиялық процестегі тазалық пен тәртіптің күзетшісі іспетті. Желдеткіш қанша жерден жұмыс істеп тұрса да, кейде араласпай қалған су немесе мазут тамшылары тұрады. Міне, тамшы ұстағыш соларды дер кезінде ұстап, қазандыққа жібермейді. Себебі қазандыққа өтсе, жанбай қалуы мүмкін. Салдарынан қондырғы былғанып, экология ластанады. Қазандыққа тек жоғары сапалы эмульсия ғана өтуі тиіс. Бұл – бұлжымас заңдылық, – деді ЖЭО-3 директоры Константин Пятков.

Ал, желдеткіш дегеніміз эмульгатордың ішкі қозғалтқыш күші екен. Оның міндеті – мазут пен суды турбулентті ағымға түсіріп, оларды микробөлшектерге айналдырады. Қарапайым тілмен айтсақ, бұл – ауыр мазут пен жеңіл суды бір ритмге түсіріп отырады. Қос тетіктің бірі қозғалысқа жауап берсе, екіншісі – тазалыққа. Бірі жасайды, екіншісі сұрыптайды. Бұл – технологиядағы қос қанат. Егер, олардың бірі дұрыс жұмыс істемесе, эмульгатор толық қызмет ете алмайды. Ал, бұл ЖЭО үшін шығын.

Жаңадан ауыстырғалы жатқан заманауи 3-ші буындағы батареялық эмульгатор тек құрылғы ғана емес. Энергияны үнемдеп, ауаны ластаудан қорғайды.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button