Ресми

Жылу жүйесін жөндеу жоспарға сай

Бүгінде жалпы елдегі жылу жүйесінің ахуалына Үкімет деңгейінде назар аударылып отыр. Жылу электр орталықтарының жағдайы талқыланып, мүмкіндіктер мен мүлт кеткен тұстар  сарапқа салынып жатыр. Қуат өндіретін ұйымдардың алған міндеттемелерін орындауы да бақыланып, қадағалануда. Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық  басқармасының мәліметінше, аймақта жылу көздеріне жөндеу жоспарға сай жүргізіліп келеді.

Қарағанды облысында жылу және қуат өндіру күз-қысқы кезеңде қалыпты жұмыс істеу үшін жыл сайын меншік иелері жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді. Ол жұмыстар барысында негізгі және қосымша құрал-жабдықтар жөндеуден өтеді. Биыл қуат көздерін жөндеуге 18 млрд.теңге инвестиция  құйылғанын атап өткен жөн. Бұл болса, былтырғы жылмен салыстырғанда 6,4 млрд.теңгеге артық.

«Бүгінде жыл бойы жүретін жөндеу  кестесіне сәйкес жоспардағы 44 қазандықтың 38-і және 26 турбинаның  22 -сінде  жұмыс аяқталды. Екі қазандық пен екі турбинада жөндеу  жалғасуда.

Сондай-ақ, қуат көздерін дамыту жоспарына сәйкес, оның ішінде, Энергетика министрлігі мен қуат өндіретін ұйымдар арасындағы инвестициялық келісім аясында Қарағанды ЖЭО-3, «АрселорМиттал» Теміртау» АҚ ЖЭО-2, «Қазақмыс Энерджи» ЖШС Балқаш ЖЭО және «Топар ГРЭС» ЖШС-інде жаңа қуат өндіру бойынша бірқатар жобалар жоспарланған», – деп хабарлайды энергетика басқармасы. 

Мәселен, 2027 жылға дейін қосымша 310 Мвт электр және 430 Гкал/сағ.жылу қуатын алу көзделуде.  Сонымен бірге, жылу беру маусымына дайындық кампаниясы аясында жыл сайын жылу желілері учаскелерін жөндеу жүзеге асады. Биыл жылу магистралін жөндеуге және қайта жаңғыртуға 19 млрд.теңгеден астам қаражат бөлінді. Ол өткен жылдан 5,3 млрд.теңгеге көп. «Бұл инвестициялық салымдардың бәрі  тұтынушылардың  энергетикалық қауіпсіздігін және стансалардың қалыпты жұмысын жақсартуға бағытталды», – дейді басқарма мамандары.

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button