Жаңалықтар

Жылу жүйелері жаңғыртылады

Өткен жылы Петропавл және Екібастұз қалаларының жылу орталықтарында бол­ған апатты жағдайлар елді дүрліктіріп, қаншама әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Бұл мәселеге Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та ерекше назар аударып, биылдың өзінде бір емес, бірнеше рет айтты.

Сурет ұйымдастырушылардан

Бірінде ол республикалық «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында «Өңірлердегі жылу орталықтары мен басқа да құрал-жабдықтардың 80 пайызы әбден тозған. …Қазір жылу жүйелері әрең жұмыс істеп тұр. Үкімет пен әкімдіктер батыл қимылдап, қажетті шараларды дереу қолға алуы керек» десе, ал, осы Наурыз айында өткен Ұлттық Құрылтайдың үшінші отырысында сөйлеген сөзінде «Ең алдымен, қазір жұмыс істеп тұрған 55 жылу орталығын толығымен жөндеу қажет. Ұзындығы кемінде 6,5 мың шақырым болатын инженерлік жүйелерді жаңғырту керек» деп, нақты міндеттер қойған болатын.

Биыл қысы алты айға созылатын Арқа өңіріндегі Қарағанды қаласында мұндай апатты жағдайлар болмай, тұрғындар қыс­тан қысылмай шықты. Десек те, наурыз айында қаланың Гоголь, Ленин және Назарбаев (бұрынғы Бейбітшілік бульвары) көшелерін көлкіген су алып кетіп, екі күн бойы елдің есін шығарғаны бар. Әйтеуір, құдық шұңқырынан басталған бұл қатер тез арада ауыздықталып, беті қайтарылған. Бұл жанталас сәтінде кеншілер астанасындағы «ЖылуТранзитҚарағанды» ЖШС ұжымы қатты қажыр-қайрат көрсеткенін айтқан ләзім. Әсіресе, аталған серіктестікке қарасты Механикаландыру және көлік қызметі адамдарының апат салдарын жоюдағы қимылы ересен болды. Оны серіктестіктің жұмысына жан беріп тұрған жұлын жүйесі мен күретамыры деуге де болады. Мұнда онсыз бірде-бір шаруа бітпейді. Өйткені, осы қызметтің адамдары қаланы жылумен қамтамасыз етудің қашанда алдыңғы шебінде жүреді. Олар құбырларды дәнекерлеп, орағаннан басқа шаруалардың бәрін атқарады. Яғни, ор қазып, суын сорып, құбырларды тиісті жеріне жеткізіп, кранмен көтеріп, орнына қойып, олар төселіп болған соң қазылған топырағын тасып әкетіп, асфальтін тегіс­теп, жып-жылмағай етіп кетеді. Қайда ақау анықталса, бірінші болып баратын да – солар.

Бұл жылу орталығындағы Механикаландыру және көлік қызметін 13 жылдан бері өз ісінің білікті маманы Бейбіт Жағалтайұлы Түсіпов үзбей басқарып келеді. Қырықтың бел ортасындағы жігіт ағасы екі бірдей жоғары оқу орнын – Қазтұтынуодағы Қарағанды университетінің экономика (1997 ж.) және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің жол қозғалысын ұйымдастыру мен көлікке қызмет көрсету (2018 ж.) факультеттерін бітірген. Еңбек жолын жүргізушіліктен бастап, осында жөндеу қызметінің шебері, одан кейін бастығы болып істеген оның тәжірибесі мол.

– Бүгінде біздің Механикаландыру және көлік қызметі саласында 140 адам еңбек етеді, – дейді Бейбіт Жағалтайұлы. – Оларға жеңіл көліктен бастап, ауыр жүк машиналарына дейін 114 техника бекітіліп берілген. Бұлардың арасында қызметтік жеңіл көліктер, «Газельдер», крандар, жүк көтергіш, су сорғыш, асфальт кескіш машиналар мен экскаваторлар, бульдозерлер, тіпті тральға дейін бар. Қазір солардың 98 пайызы әзірлік күйіне келтіріліп, тек 2 техника ғана жөнделу үстінде. Енді жақында қысқы жылыту маусымы аяқталып, жылу тораптарында гидравликалық сынақтар өткізілгеннен кейін қауырт жұмыстар  басталады.

Оның айтуына қарағанда, былтыр Қарағанды қаласы бойынша жылу тораптарының 16 шақырымы жаңғыртылып, ауыстырылса, биыл да жұмыс көлемі сол мөлшерде белгіленіпті. Ал, оған бұлардың дайындығы сақадай сай. Төрт бокста қаз-қатар тізілген техникалар жұтынып-ақ тұр. Жүргізушілер мен жұмысшылардың әрқайсы өз міндеттерін жақсы біліп, тапсырылған істі жауапкершілікпен орындайды екен. Себебі, бұл жерде олардың алаңсыз жұмыс істеуі үшін қолайлы жағдайдың бәрі жасалған. Асханалары, киініп-шешінетін орындары, жуынып-шайынатын душы мен моншасы қай кезде де дайын. Бұдан бөлек, Бейбіт өзі келгелі автожуу орны мен жөндеу, мотор цехтарын ашқан. Олардың орташа айлық жалақысы 250-300 мың теңгенің мөлшерінде. Ендеше білекті сыбанып, іске кіріскеннен басқа жоқ…

– Сондықтан қарағандылықтар алдағы қыстың қиындығына қам жемеуіне болады.Сол үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, – деді Бейбіт Түсіпов бізді шығарып салып тұрып.

Ержан ИМАШ,

ortalyq.kz

ҚАРАҒАНДЫ

Сурет ұйымдастырушылардан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button