Жылу беру жүйелі
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск қаласындағы жылу электр орталығына барып, жұмысымен танысты. Жауапты мамандар аймақ басшысына жылыту маусымының штаттық режимде өтіп жатқанын баяндады. Сонымен қатар, алдағы күндерге арналған жұмыс жоспары да назарда болды.
Шахтинскідегі жылу электр орталығы 60 жылдық мерейтойын атап өтуге дайындалып жатқанын да атап өткен жөн. Биыл аталған энергия көзін жылыту маусымына дайындау бойынша ауқымды жұмыстар жүргізілген.
Атап айтсақ, негізгі және қосалқы жабдықтар күрделі жөндеуден өткізілді. Қалаға берілетін жылудың сапасына кепіл болатын қазандық қондырғыларына көп көңіл бөлінді және жұмысшы мамандардың басты назарында.
– Бүгінде екі қазандық пен екі турбина, төрт негізгі қазандық жұмыс істеп тұр. Барлық жабдықтар штаттық режимде. Температура режимі сақталған. Ешқандай проблема жоқ, – деп атап өтті «Шахтинсктеплоэнерго» ЖШС техникалық директоры Абылай Сейдуәлі.
Аталған станцияда отынның нормативтік қоры да жеткілікті. Осы маусымда жеткізуші компания ауысқанын айту керек. Енді мұнда көмір «Молодежный» разрезінен жеткізіледі.
Сонымен қатар, станцияның қажеттіліктері үшін қажетті жаңа техника да сатып алынған. Нақтырақ айтсақ, бульдозер, шағын тиегіштер, жылу желісіне шығуға арналған автокөлік және басқа да техника сақадай сай.
Одан бөлек, жылумен жабдықтау құбырлары да қысқа мұқият дайындалған. Осы жазда Шахтинск қаласында 4 шақырымнан астам желі ауыстырылып үлгерген. Жылу оқшаулағыштар да қалпына келтірілді.
Қала әкімі Мұрат Қыдырғанбеков биыл 4 шақырымға жуық құбырдың оқшауланғанын атап айтты. Алдағы жылы жылу оқшаулау жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр.
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев мұқият жүргізілген дайындық жұмыстарының оң нәтиже көрсетіп отырғанын атап өтті. Сонымен қатар, келесі жылы тұрғындарды тұрақты сапалы жылумен қамтамасыз ету үшін жұмыстың қарқынын төмендетпеу қажеттігін жіті назарда ұстауды тапсырып, келесі жөндеу науқанына дайындықты уақытылы бастау керектігін де назардан тыс қалдырмады.
Сонымен қатар, өз кезегінде облыс әкімі Шахан кентіндегі жылу беру маусымының ойдағыдай өткеніне де көз жеткізді.
Өз тілшімізден