Бас тақырыпМедицина

Жылдың жарқын жобалары

2024 жыл аяқталар тұста жылды қорытындылайтын дәстүр бар. Денсаулық сақтау саласы жылдағы мәжеден көрінді. Саладағы жаңғыртулар мен өзгерістер, түрлі бағдарламалар жоспар бойынша іске асуда. Мамандар биыл облысты денсаулық сақтау саласын дамытудағы маңызды кезеңі ретінде атап отыр.

Сурет сайт мұрағатынан

Ауылдық медицинаны жаңғырту жалғасады

Биыл ауылдық жерлерде 17 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді, тағы 24 объектінің құрылысы аяқталуда. Сондай-ақ, 51 медициналық мекеменің құрылысына дайындық жұмыстары жүргізілді. Олар келесі жылы бой көтермек.

«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының шеңберінде 2024 жылы ел бойынша 263 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Жоба бойынша ауылдық елдімекендерде барлығы 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысанын салу жоспарланған, оған 257 медициналық пункт, 238 ФАП, 160 дәрігерлік амбулатория салу кіреді.

Ауыл тұрғындарына шұғыл медициналық көмек көрсетудің уақытылығын арттыру мақсатында республика көлемінде 32 заманауи көпбейінді аудандық орталық аурухананы жаңғырту жоспарланған. Оны ішінде, өңір тұрғындары үшін медициналық көмекке қолжетімділікті айтарлықтай жақсартуға мүмкіндік беретін Теміртау мен Балқаш қалаларындағы екі ауданаралық аурухана жаңғыртылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылатын ауылдық аурухананың инфрақұрылымын жаңарту жөніндегі ұлттық жоба ауыл тұрғындарының денсаулық жағдайын жақсартуға бағытталған. Қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандырылған жетіспейтін медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарын салу ауылдағы медициналық қызметтердің, оның ішінде профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің, жүкті әйелдер мен балаларды патронаждаудың қолжетімділігі мен сапасын арттыруға, диспансерлік науқастарды байқауға, амбулаториялық оңалтуға және медициналық көмектің басқа да түрлеріне мүмкіндік береді.

Материалдық база – басты алғышарт

Аймақтың денсаулық сақтау басқармасының ұсынған дерегінше, биыл 10 объектіде күрделі жөндеу, 17 нысанда ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек 5 нысанда екі жылдық жөндеудің бірінші кезеңі басталды. Әлбетте, аймақтың денсаулық сақтау нысандары жаңа аппараттармен толықты. Онкологиялық ауруларға шалдыққан пациенттерге қызмет көрсету сапасын қамтамасыз ету бойынша жұмыс жалғасуда. Сәулемен емдеудің үздік стандарты – томотерапия сияқты жаңа технологиялар енгізілуде. Бұл – Қазақстандағы үшінші орталық екенін ерекше атап өту керек. бұған дейін мұндай аппарат Астана мен Алматы қалаларында ғана болған. Қарағандыдағы №3 көпбейінді аурухананың базасында екі жаңа бөлімше – радиациялық онкология орталығы мен химиотерапиялық орталық ашылды. Онкологиялық науқастарға арналған ПЭТ/КТ орталығының құрылысы басталды. Ол «Orhun Medical» ЖШС-мен ынтымақтастықта іске асырылады. Бұл жоба пациенттерді басқа қалаларға бару қажеттілігінен құтқарып, облыс орталығында жоғары білікті медициналық көмек алуға мүмкіндік береді.

Инсульт және жіті миокард инфарктісі кезінде медициналық көмектің қолжетімділігі проблемаларын шешу мақсатында ТАКА-орталықтар мен инсульт орталықтарының желісі дамуда. Биыл Профессор Х.Мақажанов атындағы көпбейінді аурухана базасында III деңгейдегі инсульт орталығы ашылды. Нейрохирургиялық көмектің сапасын арттыру үшін заманауи ангиограф және компьютерлік томограф сатып алынды.

Скрининг – қосымша көмек

Аймақ тұрғындары үшін ауқымды скринингтік бағдарламалар жүргізілді. Соның арқасында 20 мыңнан астам ауру ерте кезеңдерде анықталды. Биыл жалпы скрининг жүйесінде өзгерістер болды. Кейбір ескірген және ақпаратсыз зертханалық-аспаптық әдістер дәлелденген дәлдікпен заманауи және жоғары тиімді әдістерге ауыстырылды. Мәселен, қант диабетін диагностикалау үшін гликирленген гемоглобин (HbA1c) енгізілді. Бұрын қандағы глюкозаны анықтау жүргізілген болатын. Бүйрек ауруларын ерте анықтауға арналған шумақтық сүзілу жылдамдығы, жүрек-қан тамырлары ауруларының даму қаупін бағалау үшін қан сарысуындағы төмен тығыздықтағы липопротеидтер, жатыр мойны обырын ерте анықтауға арналған сұйық ПАП тестті қазір қолданыста. Бұл тәсілдер мүгедектікке немесе өлімге әкелуі мүмкін асқынулардың алдын алуға бағытталған. Сондықтан, скринингтер ауруды ерте диагностикалауда маңызды.

Үздік тәжірибе жалпыға ортақ

Тәжірибені арттыру ғана емес, бөлісу де керек. Медициналық қызметтердің сапасын арттыру үшін үздік тәжірибе орталықтары арқылы алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жандандыру жұмыстары басталды. Қазіргі кезде осындай бес орталық жұмыс істейді. Ал, келесі жылдың соңына дейін олар облыстың барлық емханаларын қамтитын болады.

Денсаулық сақтаудың ашықтығын қамтамасыз ету үшін патронаж қызметі, қоғамдық мониторинг және кері байланыс енгізілді. Қорды ішінара ұстау пилоттық жобасына 78 отбасылық дәрігер жұмыс істейтін Қарағанды және Теміртау емханалары қатысады.

Сондай-ақ, мейіргерлік қабылдау ұйымдастырылды. Бұл дәрігерлердің жүктемесін азайтуға мүмкіндік берді. Орталық пациентке тиімді медициналық көмек көрсетуді бес минутта жүзеге асырады. Бағдарланған «триаж» жүйесіне тіркеу арқылы жұмыс істейді.

Кадр әлеуетін арттыру – маңызды мәселе

Медициналық кадрлар қашан да басты назарда. Кадр тапшылығы мәселесін шешу үшін мамандарды ынталандыру жұмыстары үнемі жүргізіліп келеді. Биыл көтерме төлемдердің сомасы айтарлықтай өсті. Атап айтқанда, ауылдық жерлерге барған мамандар 1,5 миллионнан 8,5 миллион теңгеге дейін алды. Осы шаралармен 63 маман тартылды. Сонымен қатар, қайта даярлау бағдарламасы жүргізіліп жатыр. Жыл бойы жүзден астам маман шетелде оқудан өтіп, тәжірибесін арттырып келді.

Мамандарды ынталандырудың тағы бір әдісі – қызметтік пәтерлер ұсыну. Осы уақытқа дейін 199 жас дәрігер мен мейіргер қызметтік пәтерге ие болды. Медицина қызметкерлеріне арналған жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспары бар. Бұл мақсатта «Жаңа қала» шағын ауданында 1 гектар жер бөлінді. Биыл аймақ дәрігерлерінің жұлдызы жарқырады десе болады. Облыстық клиникалық аурухананың хирургиялық орталығының жетекшісі Борис Цхай алғашқылардың бірі болып Республика күніне орай «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағына ие болды. Биыл тұңғыш рет табысталған құрметті атақтың иесі болу жекелеген адамның ғана емес, тұтас аймақтың биік деңгейін білдіретіні анық. «Үздік ауылдық мейіргер» номинациясында Осакаров аудандық ауруханасының қызметкері Татьяна Шкляревич үздік танылды.

Мұның барлығы аймақтың денсаулық сақтау саласы жалпы республикалық көрсеткіште алдыңғы орындарда екенін көрсетеді.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button