Жылдамдық өлшеудің жаңа жүйесі
18 наурыздан өңірдің облыстық және республикалық маңызы бар жолдарында жылдамдық режимін тіркейтін аппараттық-бағдарламалық кешендер жұмыс істей бастады.

Облыстың полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының мәліметінше, алғашқы кезеңде екі жылдамдық өлшегіш құрылғы іске қосылады. Бұл құрылғылар бұған дейін жол-көлік оқиғалары жиі тіркелген қауіпті учаскелерге орналастырылады.
– Аппараттар жол-көлік оқиғалары тіркелген аймақтарға қойылады. Негізгі мақсат – жол апаттарының санын азайту. Себебі, апаттардың басым бөлігі жылдамдықты шамадан тыс асыру салдарынан орын алады, – деді облыстың ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бағдат Кәкімов.
Бұған дейін өңірде стационарлық және қызметтік көліктерге орнатылған мобильді жылдамдық өлшегіштер қолданылып келген. Енді олардың қатарына треногаға орнатылатын жаңа кешендер қосылып отыр.
Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – автоматтандырылуында. Яғни, полиция қызметкерлері тек құрылғыны орнатып, іске қосып және өшіріп қана отырады. Ал, жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері автоматты түрде тіркеліп, бірден Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізіліміне жолданады. Бұл өз кезегінде адам факторын азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік береді.
Мамандардың айтуынша, бұл бастама цифрлық технологияларды дамыту және жолдағы қауіпсіздікті арттыру бағытында жүзеге асырылып отыр. Алдағы уақытта мұндай кешендерді облыс қалаларының көшелерінде де қолдану жоспарлануда.
Жаңа бақылау жүйесі жүргізушілердің тәртібін күшейтіп, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға ықпал етеді деп күтілуде.
Салтанат ІЛИЯШ,
«Ortalyq Qazaqstan»



