Жылан жылы жайлы ма?
Арқаға көктем кеш келсе де, Ұлыстың ұлы күні қарсаңында күн жылып, қар еріп, қара жер көріне бастады. Қылтиып көктемнің белгісі көзге түспесе де, көңіліміз гүлдеп тұр. Күн мен түн теңелер сәт жақын. Кезекті ұлу жылы тарих қойнауына кетіп, жылан жылы да сусып кіріп келді. Жыл келгенде көңілде «Қалай болар екен?» деген алаң бар. Жылан жылының сырына үңіліп көрейік.

Әр жыл өзіндік мінез бен қасиетке ие. Әуелден қазақ жылан жылын ақыл-парасаттың, сақтықтың және терең ойдың символына балаған. Халық танымындағы жыл санаудың 12 жылдық циклінде жылан жылының тарихына үңілсек, күрделілігімен, жұмбақтылығымен және өзгерістерге толы кезеңдерімен ерекшеленіпті. Қазақы жыл қайыруда жылан жылы ұлудан кейін алтыншы тұр. Бұл жылды халқымыз ерекше құрметтеп, жыланға табиғаттың тепе-теңдігін сақтаушы ретінде қараған.
Халқымыз жыланға ырыздық пен тыныштық белгісі деп қараған. Үйге кірген жыланның басына ақ құйып, шығарып жіберуі де содан. Бұл – ырыс пен құт шақыру белгісі. Ал, қиын кезеңде жыланның ақылы мен сақтығына көңіл бөлген.
Жылан жылындағы тарихи оқиғалар да ойландырмай қоймайды. Мәселен, өткен ғасырдағы жылан жылы 1905, 1917, 1929, 1941, 1953, 1965, 1977, 1989 жылдарға сәйкес келген. Көзі қарақты оқырман бұл жылдардағы оқиғаларды өзі-ақ түйсінер.
Қытайлықтар жылды «отты жылан», «су жыланы» деп бөліп қарастырады екен. Бірі сынақ арқылы болатын өзгерісті, екіншісі жайлылықты білдіреді.
Сонымен қатар, жылан жылы туғандарға қарап, жақсылыққа жоруға әбден болады. Жылан жылында Абай Құнанбайұлы, Мағжан Жұмабаев туған. Бұл қатарға Пабло Пикассо, Индира Ганди, Аристотель Онассис, Мұстафа Кемал Ататүрік және басқа да бірқатар тұлғаны жатқызуға болады.
Сонымен қатар, Адам ата мен Хауа ананың жұмақтан қуылуы жайлы аңызда жылан жағымсыз сипатқа ие. Тарихи деректерде де жайсыз жағынан кездеседі. Бірақ, әр нәрсені жақсыға болжау қанға сіңген үрдіс.
Мифолог-ғалым Серікбол Қондыбай қазақ халқындағы жыланға байланысты түрлі мифтерді түркі кезеңімен байланыстырады. Қазақтар, жалпы түркі дәстүріндегі «жылан мифологиясының» болғанын дәлелдеу, айғақтар келтіру барысында кем дегенде кейінгі 6-8 мың жыл ішіндегі арғықазақтардың (дей-түркілердің) қай жерлерде мекендеп, кімдермен көршілес болғанын, яғни, қай жақтан шыққандығын анықтай алатынымызды жазған, – депті этнограф Батырхан Жұмабай бір сұхбатында.
Бұдан бөлек, ертегілер мен аңыздар әлемінде жыланды қазына күзетшісі ретінде білеміз. Сондықтан, молшылық жылы деп санауға негіз бар. Десе де, алдап-арбау мен алаяқтықтан сақтану ләзім. Сондай-ақ, астрологтар бұл жылда барынша әділ болуға шақырады.
Ал, жорамалдар шығармашылық адамдары үшін жылдың жемісті болатынын жасырмайды.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»