Жыл құсындай жаз дәурен
Стив Джобстың «Демалуына мән бермеген жан кейін ем алуына тура келеді» деген нақыл сөзін кезіктірген боларсыз. Жаз келісімен адам біткен демалыс пен саяхат толқынына ерікті-еріксіз ұрынатын уақыт. Сол секілді өңір тұрғындары да байтақ отанымыздың ең көркем де абат жерлеріне көз жүгіртіп, алыс-жақын шетелге саяхаттап, зерттеп-танып, саяжай таңдап демалып, жаңа әсерге бөленгісі келетіні аян. Жазғы демалысты әдетте қалай өткізесіз?..
Еңбек демалысына шықпас бұрын…
Бүгінде қаржылық сауаты едәуір өскен жұртшылықтың дені демалыс уақытын әрісі бір жыл, берісі бір ай бұрын жоспарлап қоятын ғадет тауып алғалы қашан. Әлбетте, қаракөздеріміз көк сабағы сүйем шығысымен той-томалақ, мерейлі жиыннан құралақан қалмасы анық. Не десек те, бұрнағыдай ас та төк тірлік бүгін аңғарылмайды. «Демалыс» деп қалсақ болды, «Қай жаққа саяхаттаймыз?» деген қарсы сауал дігерлейтін таныс-жуығымыз аз емес. Ондағы діттегені – қоршаған ортасын уақытша өзгертіп, табиғат таңғажайыбына мейірін қандыру. Ал, «талғамға талас жоқ» деген ағылшын мақалы дәп осы арада өзіне жалт қарататыны тағы бар. Тек, алдын ала қаражатыңыз сайлаулы болса, алты тарабыңыз ашық дей беріңіз онда.
«Қайда саяхаттаймыз?»
Мақұл, бүгінде тақ-тұғырынан түспей тұрған Қазақстандағы ең танымал демалыс орындарының бірі – Бурабай. Уағында әлемнің екінші Швейцариясы атанған, Абылай ханның ордасы болған бұл жерұйық ел тұрмақ, жаһан саяхатшыларын өзіне іңкәр етіп келеді. Мұндағы саф таза ауа, көк мөлдір көлдер мен миялы орман тауы кім-кімді болсын, бей-жай қалдырмасы ақиқат. Көрші елдің туристері де көрікті Көкшенің көк шалғынына табан тірегеніндей демалысының тұғырына қанғандай мейманасы асып та, тасып та қалатыны содан болар, бәлкім! Ресми дерек қоры жыл сайын Бурабайға 500 мыңға жуық турист келетіндігін айғақтайды.
Бұдан кейінгі орынды қарт Каспий теңізінің жағалауы иемденіпті. Бұл ара құмдауыт жағажайымен һәм шомыларға жайлы күн көзіне жылынған жылымшы айдынымен баурап алады. Ақ шағаласы аспан кезген ару Ақтау-Каспий жағалауындағы туристік инфрақұрылым – белсенді дамып келе жатқан негізгі курорттық қаланың бірі. Былтыр ғана Каспий жағалауына келген турист саны 300 мыңнан асып жығылған. Көрсеткіш демей көріңіз.
Өңірде демалысқа өң беретін Балқаш, Қарқаралы Ұлттық Паркі бірден еске түседі. Екі ара да өзгесінен кем түспегенімен, туристік инфрақұрылымы енді-енді заманауи қалыпқа, көңіл сергітерлік сервиске еге болып келеді. Бұл араға әдетте көршілес Ресей, Қытай, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия, Тәжікстан азаматтары келіп жатады. Облыс дәстүрлі жағажай демалысымен қатар, экотуризм мен шытырман оқиғалы турларға мейлінше икемді. Қарқаралы, Ақсораң шыңдары сияқты таулы маршруттар ашық ауа әуесқойларын ынтық қылады. Туристік агенттіктер треккинг пен жаяу серуендеуге, әсіресе, жастар арасында сұраныстың артқанын атап өтті.
Қазақстандық туризм қауымдастығының жүргізген зерттеуіне сәйкес, 2023 жылы тау баурайында белсенді демалысты таңдаған адам саны өткен бұрнағы жылдармен салыстырғанда 20 пайызға артқан. Бұл саламатты өмір салты мен спортқа деген сауатты көзқарастың қалыптасуынан ақпар берсе керек.
Шетелде
Жаз айлары авиакомпаниялар танымал курорттық қалаларға рейс көбейтетін мерзім. Қаракөздеріміз шетелге барып саяхаттағанды сәнге айналдырып келеді. Сән дейміз-ау, бұған кәдімгідей мән беріп қаражат ажырататынын айтпай кетпеске болмас. Қай ел десеңіз, бірден Түркия, Араб жазығы, әрмен қарай Таиланд атауы ең танымал халықаралық бағыттар ретінде үздік үштікке ілігеді. Былтыр Қазақстаннан Анталияға ұшу саны 15%-ға, ал, Түркиялық турларға сұраныс 25%-ға еселенген. Биылғы болжам «тек өсім болады» деген сөйлеммен шектеледі.
– Дубайға сапарымды әлі күнге дейін сәулелі сәттерге теңесем болатындай. Бұл модерн шаһар қазіргі замандағы бай мәдени мұрасымен астасқан шөлейттің ортасындағы тылсым оазис. Біз онда отбасымызбен бірге саяхаттадық. Ақзер әлемдегі ең биік ғимараттардың бірі саналған Бурдж Халифаның шыңына шықтық. Бақылау палубасында тұрып, өзімді бұлтқа қонғандай кейіпте сезіндім. Оның үстіне қаланы құс көзімен көру өз алдына бір ғанибет. Күннің алтынсағым сәулесімен жарқыраған зәулім ғимарат атаулысы футуристік пейзажға айналады екен. Онан соң, Парсы шығанағы круизі ерекше есте қалды. Сәнді яхтаның бортында ой кешу теңіз самалына кеудеңді тосып ой кешу ғажап әсерге бөледі. Бәрін айт та бірін айт, адам анығында саяхаттаса, көп дүниеге көзқарасы өзгереді. Өзін әлем азаматы сезінеді, – деп қайырды белгілі сазгер, әнші Марғұлан Уәли.
Ішкеріде
Соңғы жылдары отандық туризм өзекті бола түскендей. Бұған «Туризм 2025» мемлекеттік бағдарламасы еліміздің түрлі өңірлерінде туристік инфрақұрылымды дамытуға игі ықпал етеді. 2023 жылы ішкі туризм үлесі 18%-ға өсті. Бұл қызмет көрсету сапасын жақсартуға тікелей байланысты. Маңызды аспект ретінде туристерге Қазақстанда тұратын түрлі этностардың төлтума дәстүрі мен мәйекті мәдениетімен етене танысуға мүмкіндік беретін этнотуризмді дамыту саласы күн өткен сайын өзекті бола түсуде. Ауыл мен киіз үй лагерьлері бәрін жүйке-жұлынымен қабылдағысы келетін жиһанкездер арасында бәсі биіктей бастады. Соңғы жылдары дәстүрлі теңіз сапарының орнына ашық ауа астында демалуды ұнататын отбасы саны артты. Былтыр 2,5 миллионнан астам қазақстандық жазғы еңбек демалысын сәтті өткізген. Демалыс уақытының шамамен 60%-ы шілде мен сарша тамызға дөп келеді. Жазғы демалыстың орташа ұзақтығы – 10-14 күн.
– Біздің туристік компания үшін жазғы маусым дегеніңіз – қауырт жұмыс әрі жарқын мүмкіндіктер уақыты. Туроператор ретінде тұтынушы қауымына теңіз жағажайы демалысынан бастап, тарихи орындарға, танымдық экскурсияларға дейін сан түрлі бағыттарды ұсынамыз. Биыл жаңа бағыттар мен бірегей турларды қамтитын ұсыныстар ауқымын кеңейттік. Осы жазда 5000-нан астам турист қабылдамақ меже тұр. Сондай-ақ, ішкі, туризмге деген қызығушылықтың артып келе жатқанын аңдадық. Инновациялық технологиялар қызмет көрсету сапасын жақсартуға жағдай жасайды. Біз турларды брондау үшін онлайн платформаны енгіздік. Қазірде брондаудың 70%-дан астамы интернет арқылы жүзеге асырылады, – дейді турагент Мая Алпысова.
Құс қайтару
Әлқисса, күн сәулесі мен теңіз сыбыры әлемінен оралған боларсыз. Немесе, көгілдір көкжиектің көкжалқын түсіне іңкәр болып, керісінше, ертең-ақ саяхаттағалы жатқан шығарсыз. Аздаған еркіндік пен бақыт құшағының ғажайыбында уақыт тоқтап қалардай көрікті көңіл күйге бір шомып қалған ба екенсіз, кім білсін!. Оның соңы – үр жаңа үміт, асқаралы арман. Шабаданыңызды шамадан тыс лықа толтырып, әлдеқайда бара жатқан әйтеуір бір жолаушысыз Сіз. Бір шамада кеңседегі самарқау шамдарды сарғайып, сағынып үлгерерсіз. Әдепкі көшенің қарбаласы да жүрекке әлдебір жайлылық сыйлайтынын аңғарарсыз. Мегаполистің мезіретті тіршілігін тірнектеуге ықтиярыңызбен кірісіп кеткеніңізді де аңдамайсыз. Тек, есте өткен жарқын сәттердің жаңғырығы мен шәрбәттай тәтті сағыныш қалары анық нәрсе. Сонан соң өлшеулі өміріңізде таңғажайып сағаттарға да орын барын ұмытпасаңыз болғаны. Демалысыңыз басталсын, аяқталсын. Ал, оның сиқыры жүрегіңізде дамылдап жатуы да бір ақиқат. Сірә, шынайы саяхат ешқашан аяқталмайды… Ол – ерен-ғайып еркіндік пен бардам тартқан баянды бақыттың саяхаты…
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz