Бас тақырып

Жыл сайын 300-ден астам қазақстандық донор тапшылығынан көз жұмады

«Трансплантология» термині халыққа таңсық емес. Жұрт жақсы біледі. Бірақ мәйіттік донор туралы түсінік әлі қалыптасып үлгермеген. Соның салдарынан 10 жылдан бері қажетті ағзаға қол жеткізе алмай жүргендер бар. Биыл 5 айдың өзінде күту парағында тұрған 111 адам донор жетіспеушілігінен қайтыс болған, деп хабарлайды ortalyq.kz Qazaqstan ұлттық арнасына сілтеме жасап.

– Қазіргі таңда ең негізгі проблемалардың бірі ол донор тапшылығы. Трансплантацияға жетпей жыл сайын 300 ден аса пациент көз жұмып жатыр, – дейді Ұлттық ғылыми онкология орталығы ағза транспланттау секторының жетекшісі  Мэлс Асықбаев.

– Донорлыққа мұқтаж адамдардың саны өсіп жатыр. Былтыр, мысалы 3000-ға жуық болса, қазір 4000 адам мұқтаж, – дейді ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру» орталығының директоры Сәуле Талғатқызы.

Дәл осы күту парағында кезекте тұрған 3916 науқастың 110-ы бала. Оларға жүрек, бауыр, өкпе және бүйрек керек.

Қазақстанда ең алғашқы мәйіттік донор 2012 жылы трансплантацияланды. Содан бері тек, 110 адам ғана өмірден өткесін донор болуға келісім берген.

– Қазіргі таңда Қазақстанда трансплантацияның барлығы тірі донордан алынады. Статистикаға жүгінетін болсақ 95 пайызы тірі донордан туыстық трансплантация жасалады. Мәйттік трансплантация, өкінішке қарай, бізде дамымай жатыр, – дейді Ұлттық ғылыми онкология орталығы ағза транспланттау секторының жетекшісі  Мэлс Асықбаев.

– Осы жылы 60-қа жуық донор анықталды, бірақ 5 жағдайда ғана адамдар донорлыққа келісім берді, – дейді ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру» орталығының директоры Сәуле Талғатқызы.

5 баланың әкесі Нұрлан Үтебаев 3 жылдан бері жасанды жүрекпен өмір сүреді. Мәйіттік донор табылды. Бірақ…

– Алдында екі донор болды, хабарлама келді. Бірақ, екеуі де маған келген жоқ, дейді Нұрлан Үтебаев.

Мамандар донор табылған күннің өзінде оны кез-келген адамға салуға болмайтынын айтады. Реципиентпен генетикалық байланысы, тіндік және қан тобы бойынша сәйкес келетін пациент таңдалады. Яғни, күту парағындағы кезек бір сәтте өзгеруі мүмкін.

– Барлығы донор бола алмайды. 100 адамның ішінен 30-ның денсаулығы жарайды. Денсаулығына байланысты шешілетін нәрсе бұл. Тіпті, мына мәйіттердің өзінде тек қана 30 пайызы донор бола алады,-дейді Медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев.

Қазіргі заңнама бойынша науқас донор болуға келісім берген күннің өзінде туыстарынан рұқсат сұрау міндеттелген. Өкініштісі де сол, 90 пайыз жағдайда марқұмның жақындары оның шешімімен келіспей, бас тартады.

– Туысқандарына айтамыз, ол кісі тірі кезінде келісім қалдырған екен деп. Ол кезде қайтыс болған адамның пікірі бірінші маңызды болып саналады. Егер туысқандары келісім бермесе алынбайды,- дейді ҚР ДСМ «Транспланттауды және жоғары технологиялық медициналық қызметті үйлестіру» орталығының директоры Сәуле Талғатқызы.

Осы келеңсіздікті болдырмас үшін ДСМ ағза алуға рұқсат сұрау тәртібін өзгертуді ұсынып отыр. Егер марқұм көзі тірісінде үзілді-кесілді қарсы болмаған жағдайда келісті деп саналып, қайтыс болған соң ішкі органдары автоматты түрде алынуы мүмкін.

– Соңғы қабылдаған кодексте бір-біріне қарама-қайшы келетін нормалар бар. Бір нормада жазылған «егерде адам тірі кезінде өзінің рұқсатын беру иә бермеуді қабылдамаса одан алуға болады деген». Бірақ сол нормада жазулы тұр тіпті ол мәйіт болған кезде туысқандарынан сұрау керек деп жазылған. Сондықтан заңды түзету керек. Егер осы қайшылықты алып тастасақ мәйіттен алатын донордың саны көбейеді деген сөз, – дейді Медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев.

Мәселен, Ұлыбританияда міндетті ағза донорлығы туралы заң қабылданған. Нәтижесінде, жыл сайын мыңдаған адамды ажалдан арашалап отыр. Жалпы, Еуропада донор атанып, өзгелердің өмірін сақтап қалған адамдар туралы деректі фильм түсіреледі. Яғни, ақпараттық және ағартушылық жұмыстар жақсы жолға қойылған.

– Мысалы оқу орнына түсерде екі адамның балы бірдей болатұғын болса басымдықты донордың паспорты бар адамға беру керек деп ойлаймын. Кредиттің пайызын азайтуға болады. Тіпті, мына автобус пен метроларға тегін жүретіндей мотивация қылмасақ ешкімде мен донор болам деп жүгірмейді, – дейді Медицина ғылымдарының докторы, профессор Жақсылық Досқалиев.

Сала мамандары, «егер, науқасқа қажетті орган тек мәйіттен алынса, сау адамға донор болу қажеттілігі туындамайды. Тіпті, қара нарықта ағзасын саудалайтындар мен алыпсатарлар азаяр еді»,- дейді. Сол үшін 2020 жылдан бастап «eGov.kz» порталы арқылы алдын-ала донорлыққа келісім қалдыру мүмкіндігі берілген. Бірақ 3 жыл ішінде 20 млн халықтың тек 35 мыңы ғана сайтқа кіріп, төрт мың адам ғана келісім берген.

– Мен өмірден кеткеннен кейін өз ағзамды донорлыққа келісім беремін. Өйткені, өзім міне 12 жыл басқа бөтен адамның жүрегі маған өмір беріп тұр, – дейді «Өмір тынысы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жәнібек Оспанов.

– Мен қазір осындай жағдайда тұрсам да егов арқылы келісім бердім. Егер жүрек табылмаған жағдайда басқа адамдарға салдыруға келсім бердім, – дейді науқас Нұрлан Үтебаев.

«Науқастың мәйіттік донор болудан бас тартуына негізінен діни ұстаным кедергі»,- дейді дәрігерлер. Бірақ дін өкілдері мәйіттік донор болудың үлкен сауапты іс екенін растайды. Әрине, нақты талаптар ескерілсе…

Донор болайын деп жатқан адам тірі кезінде келісім берген болу керек және өлім жағдайы нақты тіркелу керек. Одан кейін ақшаға қарымта есебінде болмауы керек және адамның іші босап қалатындай бүкіл ағзаларының алынуына тыйым салынады,-дейді ҚМДБ шариғат және пәтуә бөлімінің маманы Елібек Тасболатұлы.

Елімізде ағза трансплантациясы толықтай ақысыз негізде жасалады. Сонымен қатар операциядан кейінгі емге қажетті дәрі-дәрмектің бәрі тегін беріледі. Заманауи медициналық құрал-жабдықпен қамтылған Астана, Алматы, Ақтөбе, Шымкент қалаларындағы 7 трансплантация орталығы жүрек, бауыр, бүйрек, өкпе, ұйқы безі және көздің мөлдір қабаты трансплантациясын жасай алдады. Ендігі қалғаны, халықтың мәйіттік донорға деген көзқарасының бір арнаға түсуі.

Кәсіби маман болмаса, қарапайым адам үшін қарап тұрудың өзі оңай емес. Дәл қазір тірі ағзадан алынған бүйрек трансплантациясы болып жатыр. Сала мамандары егер донор тапшылығы қазіргі қарқынмен жалғаса берсе, күту парағында тұрған науқастар қажетті ағзаға 400 жылдан кейін қол жеткізуі мүмкін екенін айтады. Елдегі орташа өмір сүру ұзақтығы 74 жас екенін ескерсек, бұл тым көп уақыт секілді.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button