Жыл қорытындысы: денсаулық сақтау жүйесінің сапасын жақсарту және жаңа медициналық мекемелердің құрылысы
Primeminister.kz редакциясы Қазақстанның 2023 жылғы даму қорытындылары туралы материалдар сериясын жалғастырады, деп хабарлайды Ortalyq.kz Primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.
Биыл отандық денсаулық сақтау үшін маңызды жыл болды: «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру басталды, Астанада бірегей жабдықтармен жарақтандырылатын Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталуда, азаматтар үшін медициналық скринингтер кеңейтілді және т.б.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Үкіметке денсаулық сақтау мен жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды.
–Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет, – деді ҚР Президенті.
Биыл Қазақстанның денсаулық сақтау саласында қол жеткізілген нәтижелер туралы осы шолудан оқыңыз.
– Биыл республика өңірлерінде 90 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды, оның ішінде 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде іске қосылды. Сонымен қатар 80 медициналық мекеме жөнделіп, 4 көпсалалы орталық аудандық аурухананы күрделі жөндеу жұмыстары басталды.
– Стационарларда 3 млн-ға жуық адам көмек алды, алғашқы медициналық-санитариялық көмек желісі 90 мл-нан астам адамды қабылдады, 360 мыңнан астам жаңа туған нәресте дүниеге келді (11 айдың қорытындысы бойынша), жедел медициналық жәрдем күштерімен 8 млн шақырту бойынша көмек көрсетілді.
– Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 ай ішінде халықтың жалпы өлім-жітімінің көрсеткіші 5,7%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім-жітім – 6,9%-ға, қатерлі ісіктерден – 0,6%-ға, тыныс алу органдары ауруларынан – 4,7%-ға, туберкулезден 22,1%-ға төмендеді. 11 айда нәресте өлімі 9,6%-ға, ана өлімі 24,4%-ға төмендеді.
– Осы жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 2,5 трлн теңге болды. Амбулаториялық деңгейдегі шығындар ұлғайтылып, жалпы көлемнің 56%-ын құрады. Бұл ретте медициналық оңалтуды қаржыландыру 13 есеге – 2019 жылғы 6 млрд теңгеден 2023 жылы 78,1 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Жалпы Қазақстан 2027 жылға қарай медицинаға жұмсалатын шығыстардың үлесін ЖІӨ-нің 5%-на дейін жеткізу жөніндегі мақсатқа жету үшін сенімді түрде қадам басып келеді.
– Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2 еседен астам ұлғайды және 237 млрд теңгені, оның ішінде орфандық ауруларды емдеу 51,8 млрд теңгені құрады. Барлығы 3,9 млн пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
– Республиканың 20 медициналық ұйымында дәрілік заттардың пациентке дейін (таңбалау, кодтау) жетуін қадағалауға мүмкіндік беретін дәрілік заттарды бөлудің толық циклі іске қосылды.
– ҚР медициналық мекемелері үшін 58,8 млрд теңгеге 514 бірлік медициналық техника сатып алынды. Медициналық ұйымдардың медициналық жабдықтармен жарақтандырылуы 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға ұлғайып, 84,15%-ке дейін жетті.
– 2023 жылы көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтердің саны 2,5 есеге артып, 324 млн-нан асты. Биыл 1,1 млн адам қымбат диагностикалық қызмет түрлерін (КТ/МРТ) алды.
Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту шеңберінде мынадай жұмыстар жүргізілді:
– Алматы облысында Оңтүстік Кореяның SGP фирмасымен бірлесіп шприцтер өндіру жобасы іске асырылды;
– Алматыда Оңтүстік Кореяның Samsung Madison компаниясының жоғары және сараптамалық кластарының ультрадыбыстық стационарлық диагностикалық жүйелерін шығару жолға қойылған;
– Маңғыстау облысында есту аппараттарының өндірісі іске қосылды;
– Солтүстік Қазақстан облысында сәулелендіргіштер мен бактерицидтік ауа рециркуляторларының өндірісі іске қосылды;
– Шымкентте сүзгіш жартылай маскалар өндірісі іске қосылды;
– Қарағандыда клапаны бар KN95 медициналық респиратор маскаларын өндіру желісі толығымен дайындалды;
– Жамбыл облысында қуаттылығы жылына 270 млн бірлікке дейін бір рет қолданылатын стерильді шприцтер өндірісі іске қосылды.
– Биыл 48 амбулаториялық-емханалық көмек ұйымдарында үздік тәжірибелер орталықтары ашылып, 160-тан астам маман оқытылды.
– ҚР-да ересектер үшін 8 ауру түрін (артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома, сүт безі обыры, жатыр мойны обыры, колоректальды обыр, вирустық гепатит) ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарлама іске асырылуда. 2023 жылы скринингтік тексерулермен қамту 2022 жылмен салыстырғанда 19,7%-ға артып, 8,5 млн адамды құрады.
– Ауыл тұрғындары үшін бүйрек, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу органдары және қуықасты без обыры ауруларын ерте анықтауға арналған скрининг кеңейтілді. Жалпы профилактикалық тексерулермен шамамен 2,6 млн ауыл тұрғыны қамтылды. Сондай-ақ шалғай ауылдардың 50 мыңнан астам тұрғыны медициналық пойыздардың қызметімен қамтылды, бұл 2022 жылғы қамтудан 58%-ға артық.
– Биыл 688 мың қашықтықтан медициналық қызмет көрсетілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6,7 есе көп.
– Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде ҚР-да 2023-2027 жылдарға арналған онкологиялық аурулармен күрес жөніндегі кешенді жоспар бекітілді.
– Елімізде трансплантология, кардиохирургия, онкология, инновациялық жасушалық технологиялар саласында 80 жаңа технология енгізілді, олар бойынша 20 мыңға жуық адам емделді.
Орталық жүйке жүйесінің ауруларын радиохирургиялық емдеу жүзеге асырылатын Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығының «Гамма-нож» орталығында 233 операция жасалды. 2021 жылы ашылғаннан бері барлығы 1037 операция жасалды.
– Семей қаласындағы Ядролық медицина орталығы радионуклеидтік терапияның 776 курсын өткізді.
– Дәрігерлерге, оның ішінде аса тапшы мамандықтар бойынша қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 2023 жылы республикалық бюджет есебінен 6 мыңға жуық білім беру гранты бөлінді.
– Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 16,5 мың маман біліктілігін арттырумен қамтылды.
– 2023 жылы ҚР медициналық жоғары оқу орындарын 7 мыңға жуық дәрігер бітіріп шықты. 23 мыңнан астам орта медициналық қызметкер дайындалды.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.