Жыл басынан бері Қарағандыда 8 бала терезеден құлап кетті – ТЖД
Жыл сайын жаз мезгілі басталысымен балалардың терезеден құлауынан болатын жазатайым оқиғалардың жиілеп кетеді. Қарағандыда жыл басынан бері 8 бала терезеден құлап кетті, өкінішке қарай бір бала қайтыс болды. Бүгін облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында онлайн брифинг өтті. Брифинг барысында Қарағанды қаласы Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Бауыржан Хабдуллин жарақаттың алдын алу жағдайлары туралы айтты.
Қарағанды қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы балалардың терезеден құлау жағдайларының алдын алу бойынша белсенді жұмыс жүргізуде.
Балалардың терезеден құлауы салдарынан болатын жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында құлаудан қорғау шаралары туралы бейнероликтер мен түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Барлығы 2024 жылдың наурыз айынан бастап рейдтік шаралармен 835 адам қамтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.
Қарағанды облысының Төтенше жағдайлар департаменті ескертеді:
- Балаларды қараусыз қалдырмаңыздар!
- Балалар бар пәтерлердің терезелеріне арнайы қорғаныс құралдарын орнатыңыздар!
- Терезелердің тұтқасын бала өз бетімен аша алмайтындай бекітіңіздер!
- Ешқашан да антимоскитті торларды қолданбаңыз – балалар оған сүйенеді де, сыртқа онымен бірге құлайды.
- Бала терезеге өздігінен шыға алмайтындай жиһаздың барлық түрлерін терезе жанынан алыстатып қойыңыздар!
Оқыс оқиға орын алған жағдайда 101 немесе 112 телефондарына хабарласуларыңызды сұраймыз.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz