Жыл басынан бері Қарағандыда 70 мың тонна қоқыс жиналды
Қарағандыдағы Жастар ресурстық орталығы ECO Network экологиялық ұйымымен бірігіп, «Taza Qala Eco Fest» өткізді. Жастар табиғатты қорғау – әрбір адамның күнделікті таңдауы екенін көрсетті.

Жыл басынан бері қарағандылықтар 50 экологиялық шараға қатысып, 200 гектар аумақты тазартты. Нәтижесінде 70 мың тонна қоқыс жиналды.
–Қазақстанда басталған «Таза Қазақстан» акциясының түпкі мақсаты да осы – қоғамға жаңа мәдениет әкелу. Тазалықты бір күндік сенбіліктен, бір реттік науқаннан шығарып, өмір салтына айналдыру. Осы идеяны жаңа форматта Қарағанды облысы Жастар ресурстық орталығы ECO Network экологиялық ұйымымен бірігіп, «Taza Qala Eco Fest» деген атаумен жүзеге асырды. Шара Эко-Хаб ашылуына орайластырылған. Бір қуантарлығы – еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін келіп, атсалысты. Жастардың қоршаған ортаны қорғауды жай ғана тренд деп қабылдамай, өркениеттің өлшемі, болашағымыз үшін жасалып жатқан нақты қадам деп түсінетіні көңіл көншітті, – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей.
Аяулым СОВЕТ