Журналистика жолында із қалдырған абзал азамат
«Табын-табын малыңмен емес,
қатар-қатар қосыңмен емес,
ақ адал досыңмен мақтан»
Тоқсары
Дана халқымызда «Туысты саған Құдай береді, ал, досты өзің таңдайсың» деген ұлағатты сөз бар. Достық деген бір қасиетті де қадірлі сезім. Бала шақтан болашаққа асыққан кездегі асыққа таласып өскен балалық достық, жастық оты жалындаған студенттік кездегі қара нанды бөліп жеген достық әр адамға жеке тұлға ретінде қалыптасуына белгілі бір дәрежеде әсер ететінін ешкім де жоққа шығара алмасы анық.

Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында Қарқаралы ауданы Нұркен ауылында тай-құлындай тебісіп бірге өскен балалық шақтағы, білім нәрін терген, бір күнінен бір күні ыстық, студенттік шақтағы аяулы достарымның бірі – Тілеуқабыл Байтұрсын еді. Анасы оны еркелетіп, «Тілетай» десе, достары «Тілеш» дейтінбіз. Тілеш мектеп қабырғасында жүрген кезінің өзінде-ақ сыныптастарынан оқ бойы озық тұрды. Үздік оқыды. Есте сақтау қабілеті жоғары, ел тарихы, тарихи оқиғалар, тарихи тұлғалар жайлы, әдебиет, өнер жөніндегі оқығандары, көңілге түйгендері көп оқушылардың бірі ретінде мектептің қабырға газетіне шағын мақалалары, өлеңдері шығып тұратын. Болашақта журналист мамандығын таңдауына осы шығармашылық қабілетінің ықпал еткендігі де сөзсіз деп есептеймін. Жоғары сыныптарда оқыған кездерінде мектеп оқушылары комсомол комитетінің хатшысы болды. Мектептің ішкі тәртіп ережелерін бұзған, сабаққа немқұрайлы, салғырт қарайтын комсомол мүшелерін ұстаздардың, ата-аналардың қатысуымен комитет отырысында қарап, олардың алдағы уақыттарда мұндай келеңсіз оқиғалардан бас тартуына барынша ықпал ететін. Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады деген ұстанымына сай мектепте өтіп жататын тәрбиелік бағыттағы барлық іс-шаралардың манызды болуына ерекше көңіл бөліп, тікелей басы-қасында жүретін. Ұстаздардың сенімді серігі болатын. Біздер, сыныптастары, Тілешке қарап бой түзеп, оған еліктеп өстік.
У.Черчилль бірде Қаныш Сәтбаевтан «Сіз бойыңыздағы жақсы қасиеттер мен білімді қайдан алдыңыз?» дегенде, «Өз ауылымнан, өскен ортамнан алдым», деген екен. Адамға бойындағы жақсы қасиетті өскен даласы, өскен ортасы береді десек артық айтқандық емес.
«Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі». Адам ең алдымен, жақсы әке, жақсы ана тәрбиесін көріп өскені жөн. Әке-ана тәрбиесімен бойына адамгершілік, ізгілік, көпшілдік, қарапайымдылық деген асыл қасиеттерді сіңіреді. Міне, осы қасиеттері арқылы елге сыйлы болып, абыройы артады. Тілеш бойындағы бар жақсы қасиеттерді өскен топырағы Қарқаралы мен әке-шешесінен, ақылшы, қамқор, жол басшы ағасынан, өскен ортасынан алды деп ойлаймын. Әкесі Байтұрған, анасы Дәнапия, ағасы Жақан біреуден ілгері болайын, біреуден кейін болайын демей-ақ, қарапайым ғұмыр кешуді мұрат тұтып, бойларындағы бар ақыл-парасатын, күш-қайратын, білім-білігін еліміздің өсіп-өркендеуіне қалтқысыз арнаған аяулы жандар еді.
Қазір екі ауыз сөздің басын қосып, топтың алдында шешенсуіміз – басқа жетістік атаулыны айтпағанда, ол тек қана сөз маржанын терген, білімі түпсіз терең біздің алтын ұстаздарымыздың арқасы. Әр шыққан белесі үшін, көзге көрінер-көрінбес жетістігің үшін сен әр уақытта еңбегі өлшеусіз ұстазға тағзым етуің керек деп есептеймін. Менің досым да Зинат Жолдаспаев, Азанбай Жұманбаев, Қоқымбай Аралбаев, Амантай Садырбаев, Қабыл Айнабаев, Көкенай Мұстағұлов, Тілеш Қишыбаев, Кеңесбек Әбділдин сынды тамаша ұстаздардан дәріс алып, қарымды қаламгер ғана емес, абзал азамат болып қалыптасты. Ол кісілердің алдында басымызды иеміз.
Адамның өмір сүруінің екі мәні бар. Бірі – ұрпақ қалдыру, екіншісі – із қалдыру. Баланы өмірге әкеліп, дұрыс тәрбиелеп, еліне пайдалы азамат етіп өсіргеннен артық бақыт жоқ. Тілеш балалары Аңсаған мен Тілек алған мамандықтарының аясында ел игілігіне қызмет етіп жүр. Аталарының атын өшірмейтін, жақсы ісін жұртқа жария ететін немерелері өсіп келеді. Ал із қалдыру үшін оған қиянатсыз, ақ пейіл керек. Жеке бастың емес, ұлттың, елдің қамын ойлаған адам ғана ел жүрегінен, тарих сахнасынан орын алады. Тілеш 1974 жылы бұрынғы С.Киров атындағы, қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін бітіріп келіп, ұстазы, іргелі ғалым Рамазан Сағымбековтің ақыл-кеңесімен облыстық телерадиокомитетінде редактор, аға редактор болып қызметін бастайды. Алматыдағы екі жылдық партия мектебін бітіргеннен кейін облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне ауысып, тілші, бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары қызметтерін абыроймен атқарады. Сол кездері жазған елдің қоғамдық өміріндегі өрелі істер, еңбек адамдарының ерлікке толы еңбегі, әсіресе облысымыздың ауыл шаруашылығы саласындағы өзекті мәселелерді тақырып еткен мақалалары, очерктері, эсселері бүгінде облыс тұрғындарының рухани қазынасына айналды.
Тілекеңнің бір асыл қасиеті – өскен жері Қарқаралысын, оның ішінде Нұркен ауылын өте жақсы көретін. Кезекті еңбек демалысына шығысымен ауылға келіп, құрылысшылар қатарына кіріп, тұрғын үйлер салуға белсене араласатын. Халыққа пайдасы тиер қимыл-әрекет үстіндегі демалысты ұнататын. Табиғатынан қуатты, күшті жан болатын. Астаудағы саз-балшықты үлкен күрекпен, май шайқағандай еш қиналмай араластыратын. Осыны көрген жан досы, белгілі журналист Сәулебек Жамкеновтің: «Тілен-ай, бекер журналист болған екенсің. Құрылысшы болсаң, осы уақытқа дейін екі мәрте Еңбек Ері болар едің», – дегені есімде қалыпты.
Адамның пенде болмаққа да, Құдай болмаққа да хақысы жоқ. Адам адам болып қалуы керек. Басыңа бақ қонса да, іс түссе де, адамдығынан айнымауы керек. Тілеш өмірі мен шығармашылығының ұқтырары – осы. Осыған тәубе дейміз!
Ерғазы ҚАДАШҰЛЫ



