АймақБалқаш

Журналистика жампозымен жүздесті

Жетпіс жастың желкенін керген қарымды қаламгер, Қазақстан Жур­налис­тер одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ұлт мақтанышы» медалінің иегері, Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Ақпарат саласының үздігі, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері Оралбек Жүнісұлы оқырманмен жүздесті. С.Сейфуллин атындағы орталық қалалық кітапханасының ұйымдастыруымен және Балқаш қаласы әкімдігінің, қалалық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің қолдауымен өткен шарада жиналғандар журналистика ардагерінің тұлғалық тұғыры мен кісілік, кішіпейілділік келбетін айтып, ағынан жарылды.

Сурет автордан

Еркін сұхбат форматында өткен кездесуге журналистің жұбайы, жазушы-журналист Ақыл Әбілқайырқызы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, Қазақстанның Құрметті журналисі, белгілі қаламгер Жанболат Башар, ҚР денсаулық сақтау үздігі, ақын Көбен Бекмағанбетов, «Северное Прибалхашье» газетінің бас редакторы Береке Шалова, «Балқаш өңірі» газетінің бас редакторы, ақын Қуаныш Аманқұлов, ақын-сазгер Қуандық Сәденов, еңбек ардагерлері Тілеуқадыр Мұқажанов, Өмірбек Ерменбет, Жұматай Бәжікеев, Құрметті металлург, ҚР Құрметті азаматы Қабдырахман Есембеков, тарихшы Дәулет Қожақов, қоғам белсендісі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, қаламгердің рухани пікірлесі Ғабит Жақыпов және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.

Сұхбат барысында сұлу сөзді кен қазғандай қа­зып, журналистиканың жілігін шағып, майын ішкен қаламгердің жас буынға айтар өнегесі мен өсие­ті аз болмады. Кездесудегі назар аударған сәттің бірі – Оралбек Жүнісұлы жайындағы бейнежазба. Өмір жолында не­ні темірқазық етті, қан­дай соқпақтарды басып өтті, ұстанымы қандай, мақ­сат-мұратына жетті ме? Жазу­шының жан сырынан осы сауал­дардың жауабын тап­тық.

Қойылған сұрақтарға толымды жауап қайырылып, Оралбек ағаның тағ­дырының нәзік те ше­тін тұстарына қанықтық. Қаламгермен кездесуге келген оқырмандар оның шығармаларымен танысып қана қоймай, өнегелі әңгімелерімен де бөлісті. Сонымен қатар, әріптестері, замандастары мерейтой иесінің иығына шапандарын жауып, сый-құрметтерін көрсетті. Атап айтқанда, Балқаш қаласы білім бөлімінің басшысы Қарлығаш Дүбірбекованың және «Балқаш өңірі» газеті ұжымының және редакторы Қуаныш Аманқұловтың атынан ескерткіш сыйлықтар табыс етілді.

Шараны Балқаш қаласының Орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры Балшырын Мухаметжанова құттықтау сөзімен қорытындылады. Қала өнерпаздары Диана Нарова мен Индира Балкеева, Шашубай кенті клубының әншісі Ерболат Әзімбеков әннен шашу шашты.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button