Журналистердің көшбасшысы еді…
Володя Рыжковты көптен білуші едік. Қарағанды облысында әуелі одақтық «Комсомольская правда», одан кейін елдің бас газеті болып есептелетін «Правданың» меншікті тілшісі болды. Содан егемендік алып, заман өзгерген тұста «Правда» жабылып қалып, шығармашылығы кемел шақта ұсақ-түйек коммерциямен айналыса бастады. Биыл, жыл басында 75-ке толуына байланысты облыстық «Индустриальная Караганда» газетіне жазған естелік мақаламда осыны еске алып, қазақтың «Алтын кездік қын түбінде жатпайды» деген мақалын келтірген едім. Шынында да, ол көп ұзамай республикамыздың орыс тіліндегі бас газеті – «Казахстанская правданың» Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі болып бекітілді. Меншікті тілшілікке өзінің отыз жылдан астам өмірін арнап, Қарағанды облысын тегіс шарлап, тәжірибелі қаламгер ретінде онымен көршілес солтүстік облыстарды да қамтыған кезі болған. Орталық Қазақстанда ол аяқ баспаған совхоз бен аудан, ірі өндіріс ошағы сірә да жоқ шығар. Жетістіктерін жария етіп, кемшіліктерін бетке басып дегендей, облыс өмірін жан-жақты көрсете білді. Әсіресе, ол өлкеміздің адамдарын, тіпті, ол лауазымды басшы, қатардағы еңбек адамы болсын жақсы білетін. Жасым үлкен болса да, одан ақыл-кеңес алып тұруға арланбайтынмын.
2006 жылы сол кездегі облыс әкімі оны «Индустриалканың» бас редакторы етіп тағайындады. Бір ғимаратта жұмыс істеп, ара-қатынасымыз одан сайын нығая түсті. Бас редакторға қалыптасқан тәжірибеге сәйкес журналистер одағы облыстық бөлімшесін басқару жүктелді. Қоғамдық ұйымның мүшелік жарнадан басқа қаржысы жоқ. Владимир Иванович болса демеушілер тауып, бізді жұмылдырып, әйтеуір, журналистер одағының жұмысын жандандырып жіберді. Түрлі байқаулар жариялап, жүлделер тағайындап, одақ пен редакциялардың, әкімдіктің мақтау қағаздарын жаудырып жіберді. Онымен қоймай, облыс басшысымен келісіп, қазіргі аса танымал «Алтын сұңқар» сыйлығының негізін қаласты. Басында 200 мың теңге болып белгіленген жүлде қыза-қыза келе миллионға жетті, ал, арнайы сыйлық екі миллионға барды. Журналистер үшін бұл бұрын құлақ естіп, көз көрмеген қаржылай табыс еді. Бір сөзбен айтқанда, журналистердің лайықты көшбасшысы бола білді.
Владимир Иванович тұрмыста қарапайым, мәдениетті азамат, қарамағындағы қаламгерлермен өзін тең ұстап, үнемі жайдары қалпынан бір айнымайтын. Өмірлік серігі Наталья Ивановна да журналист болғандықтан бұл отбасында шығармашылық ахуал қалыптасқандығы таңсық емес. Өмірінің соңғы кезеңінде әдеби шығармашылықпен айналысып, бірнеше кітабы жарық көрді. Бұл да болса, жас қаламгерлерге үлгі-өнеге. Балалары әке-шешесінің абырой-даңқын пайдаланып емес, өз қарым-қабілеттерімен ер жетіп, өмірден өз орындарын тапты. Тіпті, мәдениеттілігі мен ізеттілігіне қарап, батыстың үлгісімен емес, қазақи тәрбие алды ма деп қаласың.
Осындай тамаша азаматтың өмірі қазіргі мөлшермен алғанда ерте қиылуы өкінішті-ақ. Оның өмір жолы журналистердің бүгінгі толқынына өнеге болары сөзсіз. Қош, айтулы азамат, қимас дос, қаламы қарымды әріптес!
Аман ЖАНҒОЖИН,
әріптесі, Қазақстанның құрметті журналисі.