Руханият

Журналистердің бильярд бәсекесі

Өткен сенбі күні қарағандылық журналистер бильярдтан сайысқа түсті. Бұл жолғы тастаяқ турнирін облыстық «Saryarqa» телеарнасы мен Қазақстан Журналистер одағының аймақтық филиалы ұйымдастырды.

Суреттерді түсірген
Александр МАРЧЕНКО

Отандық тележурналистиканың дамуына сүбелі үлесін қосқан мемлекет және қоғам қайраткері, Қарағанды телестудиясының тұңғыш директоры Қали Аманбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай өткен облыстық турнирге 22 БАҚ қызметкері қатысты.

Турнирдің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын қатысып, журналистерге сәттілік тіледі.

– Қарағандының тарихында өзіндік орны бар Қали Аманбаевтың 100 жылдығына орай өткізіп жатқан турнирге сәттілік тілейміз. «Өткенін ұмытқан елге болашақ тас атады», дейді. Бұл толқын өздеріне артылған міндетті абыроймен атқарды. Ағамыздың Қарағанды журналистикасына, телевидениесіне сіңірген еңбегі – талай кітапқа жүк. Ұлтқа адал қызмет етті. Жүрген жолы бәрімізге өнеге. Міне, сол ағамыздың құрметіне бильярдтан турнир өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғыс айтамын, – деді Ерлан Бейсембайұлы.

Құрметті қонақтардың қатарынан Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет жанашыры Рымбала Омарбекқызы да табылып, Қали Аманбаевтың өнегелі өміріне қысқаша тоқталып өтті.

– Қали Әлібекұлының шәкіртімін десем де болады. Кәсібіне өте адал бола білді. Ұлттық деңгейдегі мәселелерді шешуге атсалысты. Ұйымдастыра білетін қасиеті ерекше еді. Қарағанды телевизиясын басқарып тұрғанда да айтулы шаруалар атқарды. Міне, соны ескерген телевизия саласындағы шәкірттерінің бүгінгі турниріне ерекше ризашылығымды жеткізгім келеді, – деді Рымбала Кенжебалақызы.

Турнирдің ашылу салтанатында сөз алған Қали Аманбаевтың ұлы Сайран Әлібеков әкесінің құрметіне өткізіліп жатқан турнирдің ұйымдастырушыларына айрықша алғысын жаудырды.

«Әкеміздің атын жаңғыртып жатқан телеарна журналистеріне ерекше ризамыз. Ол кісінің еңбегін бағалап, осындай құрмет танытқандарыңызға алғыстан басқа айтарымыз жоқ», – деді ұлы.

Турнирге өңірімізге қарасты БАҚ саласындағы 22 қызметкер қатысты. Тартысқа толы бәсекеге жас журналистер де, ардагер аға буын да бақ сынап, сайысқа түсті. Турнирге арнайы бекітілген төрешілер байқауды барынша бақылауларында ұстап, ереже тәртібімен өткізді.

Таңертең басталған турнир қас қарайғанша созылды. Жеребе арқылы сайысқа түскен журналистер арасындағы турнир тартысты өтті. «Бірінші Қарағанды» телеарнасының монтажері Марат Тәкішев жүзден жүйрік шықты. Ал екінші орын «Индустриальная Караганда» газетінің ардагер фото тілшісі Валерий Петуховтың шеберлігіне бұйырды. Үшінші орынға Қазақстан Журналистер одағының облыс­тық филиалының директоры Жәнібек Садықанов ие болды. Жарыс жүлдегерлеріне арнайы диплом мен қаржылай сыйлық табысталды.

Бұдан бөлек, үш аталым бойынша арнайы сыйлық табысталды. «Көрермендер көзайымы» номинациясы ардагер журналист Сүйіндік Жанысбайға берілсе, «Үздік техникасы үшін» марапатына «Saryarqa Аqparat» медиахолдингінің директоры Қайрат Әбілда лайық деп танылды. Ал «Бірінші Қарағанды» телеарнасының директоры Ержан Мақатов «Жеңіске деген ұмтылысы үшін» арнайы сыйлығына ие болды.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button