Журналистер ұстаханасын мерейтойымен құттықтады
Биыл Бөкетов университетінің журналистика кафедрасына – 30 жыл. Осы бір мерекені атап өту мақсатында 1998 жылдан 2023 жыл аралығында бітірген түлектер, әр жылдары журналистика кафедрасында қызмет еткен оқытушылар құрамы бас қосты. Сонымен қатар, облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов те арнайы құттықтай келе, осы салада жүрген үздік журналист-түлектерді тілге тиек етті.
Аймақтағы БАҚ жұмысын үйлестіруші және мемлекеттік ақпараттық саясатқа тікелей жауапты сала басшысы ретінде Нұрлан Рахметуллаұлы өз сөзінде:
– Баршаңызды осынау айтулы күнмен – журналистика кафедрасының 30 жылдығымен қуана құттықтаймын! Шындығында, кафедра – Қазақстан Тәуелсіздігінің құрдасы.
Ең алдымен, оның бастамашысы және кафедраның алғашқы меңгерушісі белгілі қазақ публицисі, филология ғылымдарының докторы, профессор Зарқын Сыздықұлы Тайшыбай болғанын атап өтуіміз керек.
Әр жылдары кафедраның дамуына қарағандылық қаламгер, публицист Валерий Могильницкий, журналист, сатирик Мартбек Тоқмырза, «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы Мағауия Сембай, «Индустриальная Караганда» газетінің бас редакторы Владимир Рыжков үлес қосты, – деді.
Сондай-ақ, ол кафедра түлектерінің өңірде немесе ел аумағында ғана емес, шетелдерде де абыройлы қызмет етіп жүргенін тілге тиек етті.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz