Әр жарияланымда жүректің үні бар
Бүгін «Saryarqa Aqparat» медиахолдингінің шығармашылық ұжымы алда өтетін референдум қарсаңында арнайы кездесу өткізді. Холдинг құрамындағы облыстық ortalyq.kz және inkaraganda.kz газеттері мен life09.kz ақпарат агентігінің бас редакторлары атқарылған жұмыстар мен алдағы шығармашылық жоспарларын мәлімдеді. Басқосу барысында ел өміріндегі маңызды саяси науқанның мәні мен маңызы жан-жақты талқыланды.

Медиахолдинг басшысы Қайрат Әбілда осындай жауапты кезеңде әсіренауқаншылдыққа ұрынбай, мемлекетшіл ұстаныммен, кәсіби деңгейде қызмет атқарып жүрген журналистерге алғыс айтты. Сондай-ақ, жаңа Конституция жөнінде өткізілетін республикалық референдум қарсаңындағы бағыт-бағдарымызды айқындап, атқарып жатқан жұмысымызды саралау маңызды екенін атап өтті.

– 15 наурызда жалпыхалықтық референдум өтеді. Бұл – әрбір азаматтың тағдырына тікелей әсер ететін, елдің ертеңін айқындайтын тарихи шешім. Сондықтан уақыт оздырмай, саналы таңдау жасау – баршамыздың азаматтық парызымыз. Уақыт бір орында тұрмайды, қоғам да, мемлекет те үнемі дамып, жаңарып отырады. Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Негізгі заңды қабылдау – бүгінгі күннің шынайы талабы мен заманауи үдерістерге берілген нақты жауап, – деп атап өтті медиахолдинг директоры Қайрат Жүнісұлы.

Кездесу барысында журналистер референдум тақырыбының қоғам үшін өзектілігіне ерекше тоқталды. Ақпарат саласының өкілдері ретінде олар бұл науқанды жан-жақты, байыпты әрі жауапкершілікпен жариялап келеді. Медиахолдингке қарасты басылымдарда, сондай-ақ әлеуметтік желілерде сараптамалық мақалалар, түсіндірме материалдар мен қоғам пікіріне ықпал ететін тұлғалардың көзқарастары тұрақты түрде жариялануда. Бұл – тұрғындардың дұрыс ақпарат алып, саналы шешім қабылдауына ықпал етуде. Осы орайда медиахолдинг директоры журналистердің әлеуметтік желілерде де белсенді екенін атап өтті.

– Шығармашылық ұжымның бұл бағыттағы еңбегі зор. Газет беттерінде терең талдауға құрылған авторлық мақалалар жарық көріп жатыр. Бұдан бөлек, журналистеріміз әлеуметтік желілерде де белсенді. Ондағы жазбалар жалаң насихат емес, жүректен шыққан, мемлекетшілдік көзқараспен өрілген пайымды ойлар. Әркімнің ой еркіндігі бар, бірақ баршамыздың ортақ мүддеміз – мемлекет мүддесімен үндес. Қоғам өкілдерін, ғалымдар мен саясаткерлерді сөйлетіп, сан алуан пікірді ортаға салдық. Соның бәрі оқырманға ой тастап, толғандырса, нұр үстіне нұр, – деді медиахолдинг басшысы.

Шығармашылық ұжымдар басшылары сөздерінде бүгінгі таңда мемлекет ұстанған бейбітшілік пен келісімге, тұрақтылық пен өркендеуге бағытталған стратегиялық бағдарды қолдау аса маңызды екенін атап өтті. Олардың атап өтуінше, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылық – кез келген елдің дамуының берік негізі. Ал оны сақтау мен нығайту әр азаматтың белсенді ұстанымына байланысты.

Кездесу барысында референдумның тарихи маңызы айқындалып, ақпарат құралдарының қоғам алдындағы жауапкершілігі тағы бір мәрте атап өтілді. Холдинг басшылығы осындай жауапты шақта салиқалы газет шығарып, сапалы бейнематериал жасап, мазмұнды контент әзірлеп отырған редакторлар мен журналистерге шынайы алғыс білдірді.
Аяулым СОВЕТ
Ortalyq.kz



