Журналистер достық пен шеберлік бәсекесінде бас қосты
Қарағандыда масс-медиа қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын Нұрмахан Оразбек атындағы III аймақтық бильярд турнирі жоғары деңгейде өтті. Қазақ журналистикасының ардақты тұлғасы, қоғам қайраткері Нұрмахан Оразбектің құрметіне арналған бұл турнир жыл өткен сайын мазмұны мен маңызы артып, өңір журналистерінің басын қосатын маңызды рухани шараға айналып келеді.

Биылғы турнир бұрынғылардан өзгеше сипат алды. Шараға Қарағанды облысының Қазақстан Журналистер одағының мүшелігіндегі 16 журналист қатысып, тастаяқ үстінде өзара шеберліктерін сынады. Жарыс достық атмосферада өрбігенімен, ойын барысы нағыз тартысты әрі қызықты бәсекеге айналды.
Турнирдің салтанатты ашылуына журналистика саласының ардагерлері арнайы шақырылып, қатысушыларға жүрекжарды тілектерін білдірді.
Шараның жоғары деңгейде өтуіне демеушілік қолдау көрсеткен азаматтық ұстанымы айқын, ел ішіндегі игі бастамаларға үнемі қолдау білдіріп жүретін Боранбай Мұқаналиев ерекше атап өтілді. Ол «Мұқаналиев» шаруа қожалығының жетекшісі ретінде бұл жолы да журналистер қауымынан шет қалмай, турнирдің табысты өтуіне зор үлес қосты.
Бәсекеде ерекше байсалдылық пен шебер ойын өрнегін көрсеткен Қайрат Жүнісұлы турнир жеңімпазы атанып, чемпиондық кубокты иеленді. Екінші орын – Михаил Бодажковқа, ал қола жүлде – Валерий Петуховқа бұйырды. Жеңімпаздар кубоктармен, медальдармен, арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Бұл жарыс – қалам иелерінің бірлігін нығайтып, мерекелік көңіл-күйді еселеген ерекше шара болды.
Толығырақ “Ortalyq Qazaqstan” газетінің келесі санынан оқи аласыздар.