Бас тақырып

Журналистер ғарышқа ғана ұшқан жоқ

Әр жылдың басында республикалық басылымдарға сұхбат беріп, газет арқылы қазақстандықтармен ой бөлісуді дәстүрге айналдырған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықаралық «Түркістан» газетіне берген сұхбатында: «Газет-журналдар қайта өрлеу дәуірінің бастауында тұр. Себебі, әлеуметтік желі адамның ойлау (танымдық) қабілетіне зор зиян келтіріп жатыр. Газет тілшілері жан-жақты шолулар мен терең сараптамаларға мән береді, ағартушылықпен айналысады. Оқу мәдениеті жоғары елдер әрдайым жаһандық дамудың алғы шебінде бола беретіні сөзсіз», – деген еді.

Коллажды жасаған А.Коктаева

Бұл пікірінен ел Президентінің Ұлттық баспасөзге деген шексіз құрметі мен ыстық ықыласын аңғаруға болады. Сонымен қатар, «Қазақ» газеті жарық көрген (1913 жыл 2 ақпан) 2 ақпанды «Ұлттық басылым күні» деп белгілеуінде де аса зор тарихи мән жатыр. Бұл күн айналасы үш жылда алғаш газет шығарып, ұлттық санаға сілкініс әкелген Алаш зиялыларының жанқиярлық еңбегіне құрмет көрсетіп, аяулы аманаттарының салмағын сезінетін қастерлі күнге айналды. Ұлттық баспасөзін ұлықтап, сөз бостандығын құндылық санайтын мемлекеттің рухы биік, мәртебесі асқақ болатынын 2022 жылы барлық ғаламтор бұғатталып, телеэфирлер тоқтатылған «Қаңтар қасіреті» кезінде мерзімді басылымдар дәлелдеген. Арнайы шығарылымдар арқылы халықты сабырға шақырып, шынайы ақпарат таратқан газеттердің әлеуметтік желіден бәрібір бәсі артық екеніне көз жеткізгенбіз.

Иә, ұлт баспасөзінің бастауында тұрған Алаш қайраткерлерінің қажырлы еңбегі мен ұлттық публицистиканы қалыптастырудағы қалам құдіреті қазақ журналистикасы деп аталатын қасиетті мектептің қабырғасын қалап, дәстүрін жасады. Сол сабақтастық бүгінгі күнге дейін үзілген жоқ. Ол – Рух сабақтастығы еді!

Сол асқақ рух ХХ ғасырдың басында ағартушылық миссиясын да адал атқарып, 30-шы жылдар зобалаңында да елдің еңсесін түсірмеуге еңбек қылды. Ашаршылық жылдарының да, саяси қуғын-сүргін кезеңінің де қаралы статистикасы бізге ұлттық басылымдардың сарғайған беттері арқылы жетті. 1937-1938 жылдары сол кездегі «Социалистік Қазақстан» газетінің және барлық облыстық газеттердің бас редакторлары тұтқындалып, сотталған екен. Арасында тағдыры оққа байланып, атылып кеткендер де бар. Сонда да рухымыз аласармапты.

Сұрапыл соғыс жылдарында да Баубек Бұлқышев, Бейсен Жұмағалиев, Әзілхан Нұршайықов, Қасымхан Алдабергенов, Қалмұқан Исабаев сынды қаруы мен қаламын қатар ұстаған қаһарман қаламгерлеріміз болғанын қалай ұмытайық?!

Тың игеру кезінде де қара қосқа қонып, егіс даласы мен жайылымнан репортаж жазған ұлт баспасөзінің өкілдері баршылық.

Биыл 95 жылдық мерейтойын атап өтетін Арқа баспасөзінің абызы «Ortalyq Qazaqstan» газетінің сарғайған беттерінде де ұлтымыздың тағылымды тарихы мен кенді өлкенің шерлі шежіресі, еңбек адамдарының еңселі келбеті мен қоғамның өзекті проблемасы бар. Тым әріге бармай-ақ, 1991 жылғы «Тамыз оқиғасы» кезінде Алаш көсемсөзінің алдаспаны Нұрмахан Оразбековтің «Иә, бұл – төңкеріс!» деген тарихи мақаласын айтсақ та, қазақ баспасөзінің жасқаншақ болмағанын танитын едік. Одан кейінгі тәуелсіздік жылдарында да аймақ жылнамасын тасқа басып, қоғамдық пікірге қозғау салған әріптестеріміздің еңбегіне осы Ұлттық басылым күнінде құрмет көрсетуге тиіспіз. Тіпті, кейінгі жас толқын тілшілеріміздің аға буын аманатына адалдық танытып, «Орталықтың» бай дәстүрін байыппен жалғастырып, «мінезді газеттің» өткірлігінен таймай келе жатқанын бірнеше мысалмен дәлелдеуге болады.

Мәселен, облыс орталығындағы басты көше Бұқар жырау даңғылындағы үйлер қабырғасындағы «Б.Жырау» деген белгілерге қатысты «Б.Жырау деген қай жырау?» деп дабыл қаққанбыз. Мектептердің күзет қызметіндегі қауқарсыз қарияларға қатысты «Әлжуаз топты әжелер күзетеді» деп мәселені өткір көтеріп, билік назарын аудартқан да біз едік. Кеңес дәуірінде Арқаның даңқын Одаққа танытқан Қарағанды аяқ киім фабрикасы болған өңірде жеңіл өнеркәсіптің жолы ауыр болып тұрғанын «Кигенім – қырғыз көйлек, қытай етік» деп жазғанымыз оқырманның есінде болар. Редакция ғимаратының дәл алдында үнемі жол апаты тіркеліп, «қанды қиылыс» аталып кеткен Ермеков-Ержанов көшелерінің қиылысына бағдаршам орнатуға сеп болған еңбегіміз ше?.. Ақадыр кентінің тұрғыны Болатбек Аяпбергенов деген ақсақалдың қабырғасы қақырап, іргесі сөгіліп тұрған апатты жағдайдағы үйі туралы да дабыл қағып, екі ұлы мен келіні жол апатынан қайтыс болған отбасыға баспана алып бергенбіз. Мұның барлығы – ұлт рухының үні болып асқақтаған Ұлттық баспасөздің намыс найзағайындай өткірлігі мен сөз киесіне адалдығын танытар тарпаңдығы.

Тізе берсек, мұндай мысалдар толып жатыр. Сенбесеңіз, редакцияға келіп газет тігінділерін парақтап көріңіз.

Жалпы, өркениет қарбаласымен қабаттаса дамып, бірге тыныстап келе жатқан ұлттық баспасөздің ұнжырғасы түсетін реті жоқ. Қайталап айтамын, біздің әріптестер қажет болса, жүгері егіп, күріш орады. Шахта шыңырауларына түсіп, болат балқытады. Қой да бағуға қауқарлы. Өйткені, олар – әр мамандық иесінің ішкі жан дүниесіне үңіліп, жұмыс процесінің барлық қыр-сырын жетік меңгеріп алған әмбебап мамандар. Қазақ журналистері ғарышқа ғана ұшқан жоқ. Адамзат тарихында ғарышқа самғаған үш-ақ журналистің есімі аталады. Олар – ресейлік Юрий Батурин, жапон журналисі Тойохиро Акияма жән канадалық Джулия Пейетт. Сәті түссе, қазақ журналистерінің қанатты қаламы Айдан хабар таратар күнге де жетерміз!

Әңгімемізді қызықты дерекпен түйіндейік…

Өте еңбекқор жәндік құмырсқа өз салмағынан 10 есе ауыр салмақты көтере алады. Мұндай күш жанды жаратылыстардың бірінде жоқ.

Ал, бал арасы 1 кг бал жинау үшін 2-3 млн гүлге қонады және 400 мың шақырым ұшады екен. Омарта мен гүл алқабының ара қашықтығын 1,5 шақырым деп алсақ, бір алғанда 20-30 мг бал соратын ара 1 кг бал жинау үшін омарта мен алқаптың арасына 120-150 мың рет қатынайтынын айтады зоолог-мамандар.
Сізді білмеймін, өз басым журналист әріптес­терімнің жанкешті еңбегін осы екі жәндіктің еңбекқорлығына қатты ұқсатамын. Ұлт баспасөзі дәуірдің ауыр жүгін көтеріп тұр.

Мереке құтты болсын, әріптестер!

Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button