Журналистер қамқорлығы
Кеше «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің ұжымы Қарағанды-Павлодар тасжолындағы блокбекетке бардық. Жай барған жоқпыз, елдің іргесін күн-түні күзетіп тұрған полицейлер мен әскерилерге түскі ас апардық. Тамақ үлестіріп бергенше жарты сағаттай уақыт өткен еді, аяғымызға сыз өте бастады. Ал, шептегі әскери құрам әлі төрт күн бойы тапжылмай, бекеттегі қызметін қырағылықпен атқару керек.
Елдіктің аманатын арқалаған азаматтардың ақ қар, көк мұздағы қалтқысыз қызметіне қолдау таныттық.
Блокбекеттегі құқық қорғау органы қызметкерлерін облыстық әкімдік 4 мезгіл тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Алайда, қаланың шетінде, желдің өтінде тұрған жігіттерге күш-қуат қазір қажет-ақ. Бастысы – қандай жағдай болмасын, бірлікте екендігімізді көрсетуді мақсат тұтқанбыз.
– Еліміздегі қалыптасқан төтенше жағдайға байланысты бекетте Сарыарқаның сары аязына шыдап, елімізді күні-түні қорғап тұрған сарбаздарды, ішкі істер органдарының қызметкерлерін қолдау мақсатында біз «Saryarqa aqparat» медиахолдингі, оның ішінде «Ortalyq Qazaqstan», «Индустральная Караганда», «Life09» интернет порталы, «Saryarqanews» ақпарат агенттігі атынан ыстық тамақ үлестіруге келдік. Және де «Jolly» мейрамханасының басшысы Олжас Әлихан да бастамамызға қолдау көрсетті. Басқа да мекемелер игі істі іліп әкетеді деген сенімдеміз. Күшіміз – бірлікте. Еліміз аман, бейбіт заман болсын, – деп шептегі жауынгерлерді құттықтады «Saryarqa aqparat» медиахолдингі директорының орынбасары Дархан Жақыпбеков.
Біз барған бекетте 18 қызметкер бар екен.
«Біз 10 қаңтардан бері осы блокбекетте күзетте тұрмыз. Өзіммен бірге үш сержант, экипаж құрамы және алты сарбаз бар. Күзет кезінде екі сағат сайын екі сарбаз ауысып тұрады. Әрлі-берлі өткен көліктерді жіті тексереміз. Біздің бағыт бойынша әзірге тәртіп бұзушылық фактілері тіркелген жоқ. Және жол-патрульдік полицейлері де күн-түні бізбен бірге. Біздің мерзім 14 қаңтарға дейін. Бізден кейін басқа әскери құрам келеді. Біз үшін басты міндет, борыш – антымызға адалдық таныту. Елдің тыныштығын күзету. Қолдап келгендеріңіз үшін шексіз алғысымызды білдіреміз», – дейді №тактикалық топтың командирі Диас Мұратұлы.
Қасымхан ҒАЛЫМ.
Суретті түсірген А.МАРЧЕНКО.