Журналист жетістігі – оқырман мерейі

Биыл Жаңаарқа ауданының 90 жылдық мерейтойы өткені белгілі. Жыл қорытындысында аталған мерейтой қарсаңында игі шаралардың өтуіне ұйытқы болған азаматтар алғысқа кенелді. Қарымды қаламгер, «Ortalyq Qazaqstan» газеті Бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабек «Жаңарқа ауданына – 90 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталды.

Жыл бойы өңірден түлеп ұшқан абыройлы азаматтар 90 жылдық торқалы тойға тарту ұсынып, аудан жұртшылығына айтарлықтай жоралғы жасады. Ерсін Кәрібайұлы аудан орталығының кіреберісіне өз есебінен тоқсан түп қарағай отырғызып, мәрттік танытқан еді. Бұл игі іс «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге туың тік» жобасы аясында ауданның 90 жылдығы мен Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдық мерейтойына арналған-ды. Сондай-ақ, Ерсін Кәрібайұлы «90 жылдыққа – 90 қарағай» атты бастамасын туған ауылында жалғастырып, мешіт жанына 10 түп қарағай көшетін отырғызғаны тағы бар.

Баталы іс ескерусіз қалмады.

Газет ұжымы мен оқырмандар атынан әріптесімізді лайықты марапатымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз!

Жәлел ШАЛҚАР.