Бас тақырыпМедицина

ЖРВИ мен тұмау маусымы 1 қазаннан басталады

Қарағанды облысында осы жылдың сегіз айы ішінде эпидемиологиялық жағдай қанағаттанарлық деп бағалануда. Бұл кезеңдер арылығында дифтерия, полиомиелит, қызамық, безгек, іш сүзегі, паратиф, тырысқақ сынды қауіпті аурулар тіркелмеген. Дәрігерлер тұрғындарды алдағы ЖРВИ мен тұмау маусымына сақ болуға шақырып, уақытылы вакцинациялаудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, 1 қыркүйектен бастап мектептерде балалардың дұрыс әрі қауіпсіз тамақтануын қамтамасыз етуге бағытталған жаңа стандарт енгізілді.

Сурет ria.ru

Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда бірқатар көрсеткіштердің төмендеуі байқалады: көкжөтелмен сырқаттанушылық – 7 есеге, скарлатина – 2,5 есеге, қызылша – 100 еседен астам, «А» вирустық гепатиті мен коронавирус инфекциясы – 3 есеге, ал аскаридоз – 35%-ға азайған. Жіті ішек инфекциялары бойынша жағдай тұрақты.

1 қазаннан бастап ЖРВИ мен тұмаудың эпидемияға дейінгі маусымы басталатынын ескере отырып, мамандар тұрғындарды алдын алу шараларына ерекше мән беруге шақырады. ЖРВИ мен тұмау – әлем бойынша өзекті медициналық әрі әлеуметтік-экономикалық мәселе болып қалып отыр. Бұл олардың кең таралуымен, созылмалы ауруларды асқындыру қаупімен, вирустардың мутациясымен және экономикалық шығындарымен байланысты.

Соңғы бес жылда облыста жыл сайын эпидемиялық маусымда ЖРВИ және тұмаудың 140 мыңнан астам жағдайы тіркеледі, оның жартысынан көбін 14 жасқа дейінгі балалар құрайды. 2024–2025 жылғы маусым ерекшелігі – аурудың алғашқы жағдайлары қазан айының соңында тіркеліп, А/H1N1 тұмауы вирусы (41%) басым болғаны. Өлім жағдайлары тіркелген жоқ, бұл иммундаудың тиімділігін және ұжымдық иммунитеттің маңызын көрсетті.

Тұмаудан қорғанудың ең тиімді жолы – қыркүйек-қараша аралығында жүргізілетін вакцинация. Биыл жергілікті бюджет есебінен «тәуекел топтарына» жататын азаматтарды қамту үшін 173 мың доза «Гриппол» вакцинасы сатып алынды.

– Тұмауға қарсы вакцина алуға диспансерлік есепте тұрған балалар, балалар үйлерінің тәрбиеленушілері, қарттар үйлерінің контингенті, жүрек-тамыр жүйесі мен тыныс алу органдарының созылмалы аурулары бар адамдар, екінші және үшінші триместрдегі жүкті әйелдер мен медицина қызметкерлеріне салынады. Бұдан басқа, біз әскери қызметшілерге, педагогтарға, 65 жастан асқан адамдарға тұмауға қарсы вакцинация алуды ұсынамыз. Осы осал топтарында инфекцияның таралу қаупі жоғары болып табылады. Сонымен қатар, уақытылы иммундау аурудың ауырлығын азайтады.

Уақытылы вакцинация еңбек ұжымында аурудың таралу қаупін және ауруға шалдыққан жұмыс күндерінің санын азайтуға мүмкіндік береді, – деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Юрий Залыгин.

Тұмаудың алдын алу үшін:

Маска тағу, қол жуу, бөлмені желдету, ылғалды тазалау.
• Жөтел этикетін сақтау.
• Иммунитетті күшейту, дұрыс тамақтану, шынығу.
• Мектептерде сырқаттанушылық 30% асса – онлайн оқытуға көшу қажет.

Сондай-ақ, білім беру ұйымдарында жаңа тамақтану стандарты 1 қыркүйектен бастап енгізілді. Негізгі талаптар бойынша оқушыларға:

  • көкөніс пен жеміс тұтынуды арттыру, тұз, қант, майды азайту.
  • Шұжық өнімдері, тәтті сусындар мәзірден алынды.
  •  Балаларға қант мөлшері аз сусындар, ашытылған сүт өнімдері ұсынылады.
  • Ерекше диеталық қажеттіліктері бар балалардың (аллергия, диабет, глютен, лактозаға төзбеушілік) тамағы ескерілген.
  • «Жеуге жарамсыздық индексі» енгізілді – тамақ қалдықтарын есептеу арқылы сапаны бақылау күйшейтілді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button