ЖаңалықтарСпорт

Жотадағы жорық: Батыр рухына

Skif – Qaraqandy облыстық спорттық клубы қысқы тау спортына қызығушылардың басын қосқан бәсеке өткізді. Ол – «QARLY TAUSERUEN» аталды. Қысқы тау спортының бұқаралық сипат алуына үлесі зор мұндай шаралар аталған клуб тарапынан үнемі ұйымдастырылып келеді. Бұл жолы жарыс – Бауыржан Момышұлының рухына арналды.

Бәсеке Құрма ауылының тұсындағы Сораң тауының шоқыларында өтті. Сораң тауы Қарағанды-Алматы тас жолынан үш шақырым солға қарай орналасқан. Теңіз деңгейінен 727 метр биіктікте.

Бәсеке бірнеше бағытты қамтып, жиналғандар назарына қызықты шаралар ұсынылды. Жарыс бағдарламасы Сораң тауына Бауыржан Момышұлының құрметіне арналған жаппай трекинг, ескерткіш тақтаймен Сораң тауына жүгіру, мықтылардың күш сынасуынан тұрды. Бұған қоса, түрлі ойын-сауық, денешынықтыру-сауықтыру бағдарламасы ұйымдастырылды. Ереже бойынша бұл шараға 12 жастан асқан спортшылар мен қызығушылар қатыса алады. Кәмелетке толмаған балаларға ата-анасының рұқсаты керек.

Дегенмен, қысқы тау спортына қызығушылар қарасы аз емес. Олардың жас ерекшеліктері де әр алуан. Мысалы, кеше қатысқан спортшылардың ең үлкенінің жасы 70-те. Ол – Төлеутай Жаманбек есімді ақсақал. Ең кішісі – Алан Герасимов, 10 жаста.

Сонымен, бәсекенің қорытындысы бойынша 12-15 жас аралығындағы жүлдегерлер ретінде Сарман Рамизан, Станислав Тищенко, Мирас Капай танылды.

16-20 жастағы спортшылардан қара үзген Нұрлан Арон, Олег Попов, Диас Ермек болды. 36- 49 жастағы қатысушылар ортасынан Ердос Төлеутай, Ербол Искаков, Мейрам Искаков оқ бойы оза шықты.

«Күш атасын танымас» дейтін қазақ мақалының растығын дәлелдеген – Денис Почепцов болды. Ол қойды 313 рет көтеріп, бәсекелестерін шаңына ілестірген жоқ. Осылайша қыс қызығын және бұқаралық спорттың мәнін паш еткен тағы бір айтулы шара жалғасын тапты.

Жан АМАНТАЙ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button