Бас тақырып

Жосыған жүк көліктері: “Қой!” дер қожа табыла ма?

Жол – елдің әлеуметтік ахуалын көрсететін бірден-бір стратегиялық нысан. Халық тұрмысының айнасы десек те болады. Әйтсе де, аймақтағы бірқатар жолдың бүгінгі ахуалы сын көтермейді. Қай ауданға барсаңыз да, халықтың бірінші көтеретін мәселесі – жолдың жайы. Ресми ақпаратқа көз салсақ, жол жөндеуге жыл сайын қомақты қаражат бөлінеді. Бірақ, одан жақсарып кеткен жағдай жоқ. Неге? Мердігердің жауапсыздығы ма, әлде салынған жолды күтіп-баптауда кемшілік бар ма? Толығырақ  тарқатсақ…

Көрнекі сурет

Ауыр көліктер айылын жимаса…

 Мәселенің мәнісін білмекке Ұлттық жол активтері сапасы орталығының облыстық филиалы директорының орынбасары Айбол Бидайбеков мырзаға хабарласқан едік. Аталмыш ұйым облыс аумағындағы республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың сапасын бақылайды. Жөндеу жұмыстары кезінде талаптардың қатаң сақталуын да қадағалайтын мекеме – осы.

– Біз негізінен республикалық маңызға ие жолдардың жайын бақылауда ұстаймыз. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктердің тапсырысы бойынша, облыстық және аудандық маңыздағы жолдарды да тексеріп тұрамыз. Аудандық және жергілікті деңгейдегі маңызға ие жолдардың сапасы сын көтермейді. Олардың бір бөлігі ұзақ уақыт бойы жөндеу көрмей, әбден тозған. Ал, келесілері жүк көліктерінің кесірінен жарамсыз халге түскен, – дейді Айбол Бидайбеков.

Маманның айтуынша, жолдардың ойлышұңқырлы болуының бір себебі – ауыр көліктердің шамадан тыс жүк артуы. Облыс аумағындағы жолдардың басым дені жеңіл көліктерге лайықтап салынған. Ал, жеке басының салмағы – 20-25 тонна болатын ауыр көліктердің салмағы жүк артқанда 40 тоннаға бір-ақ жетеді. Мұндай көліктердің жүрісіне жолдардың ешбірі шыдай алмасы анық. Осының кесірінен, күні кеше ғана қыруар қаражатқа жөнделген жолдар аз уақыттың ішінде жүруге жарамсыз болып қалады.

Ауыр көліктер айылын жимаса, аймақта сапалы жол болады деп айта алмаймыз. Өйткені, олар сапалы төселген жолдың өзін аз уақыттың ішінде бүлдіріп тастайды. Мұның соңы қаражаттың желге ұшуы мен тұрғындардың ренішіне әкеп соқтырады, – дейді Айбол Бидайбеков.

Жолдар опырылып жатыр

Қарағанды облысы аумағында автокөлік жолының жалпы қашықтығы – 12 558 шақырым. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының дерегінше, облыстық және аудандық маңызға ие жолдардың 90%-н жақсарту жоспарланған. Соңғы төрт жылда үш мың шақырымға жуық жол жөнделіп, халық игілігіне берілген. Тек, былтырдың өзінде республикалық және облыстық бюджет есебінен 1215 шақырым жол жөнделген. Қуанарлық жайт. Әйтсе де, халық жөндеу жұмыстарының игілігін толық сезіне алмай отыр. Өйткені, кен тасыған ауыр көліктері жөнделген жолдың пайдалану мерзімін қысқартып, сапасын құртуы. Мәселен, Бұқар жырау ауданына қарасты Тоғызқұдық ауылының жолы жөндеуден өткен еді. Әйтсе де, сапалы жолды ұзақ күткен тұрғындардың қуанышы көпке бармады. Іргедегі кен орындарынан көмір тасыған камаздар жөндеу жұмыстарының ізін де қалдырмаған. Мұндайда халық ашынбағанда кім ашынады? Дәл, осындай мәселені Қарқаралы ауданының халқы да айтып отыр. Әсіресе, Бақты ауылының тұрғындары. Ауыл халқы жол азабын бір тартса, шілденің шіліңгір ыстығында күндіз-түні дамыл таппай кен таситын жүк көліктерінің дөңгелегінен көтерілген шаң-тозаңмен тыныс алуға мәжбүр. Бұл тұрғындар денсаулығына да кері әсерін тигізбей қоймасы анық қой.

Қош, шалғайдағы ауылдың жолын былай қойып, республикалық маңызға ие Қарағанды – Қарқаралы тас жолының ахуалына зер салайық. Биыл көктемгі су тасқыны кезінде теміржол учаскесі бүлінген соң кен тасыған көліктер Матақ станциясына қарай ағыла бастапты. Осыдан соң тас жолдың қандай күйге түскені айтпаса да белгілі ғой…

Бұл мәселе әлеуметтік желіде де аз айтылған жоқ. Жүк артқан камаздар теміржол қалпына келген соң, қыркүйек айында бірақ тоқтады.

Мамандар әсіресе күз және көктем айларында ауыр жүк көліктерінің жүрісін қатаң бақылауға алу қажет дейді. Өйткені, бұл кездері топырақтың ылғалы артқандықтан жол ауыр салмақты көтере алмай, тез бүлінеді. Әлгі, Оскаров және Нұра аудандарының ортасындағы тас жолда батып қалатын КамАЗ естеріңізде ме? Ауыр салмақты көтере алмаған жол опырылып, жүк көлігі төрт тәулік бойы батпаққа батып қалып еді ғой. Сол кезде бұл мәселе қоғамда біраз шу тудырған. Тіпті, жоғары мекемелерге дейін жетіп, жолдарда белгіленген нормадан артық (яғни, 10 тоннадан) жүк таситын ауыр жүк көліктеріне берілетін рұқсатты алып тастау мәселесі қаралған. Сол кезде «Қазжол ҒЗИ» АҚ президенті Бағдат Телтаев ауыр жүк көліктерінің салдарынан жолдарымыздың қызмет көрсету уақыты азайып кетуі мүмкін екенін айтып, мәселе көтерген еді.

Үш машина елу кенішке ие бола ма?

Қарағанды облысының аумағында елуден астам кеніш бар екен. Олардың дені кенді автокөлік жолдары арқылы тасымалдайды. Әлгінде жазғанымыздай, мұның соңы жол сапасының төмендеп, қызмет ету уақытының қысқаруына алып келеді. Сонда бұл жүк көліктеріне бақылау жоқ па? Құзырлы мекемелер қандай шара қолдануда? Мәселенің мәнісін білмекке облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, Бұқар жырау, Қарқаралы ауданы әкімдіктеріне хабарласқан едік. Олардың айтуынша, күндіз-түні кен таситын жүк көліктерінің жолын кесуге бұл мекемелердің құзіреті жетпейді екен.

– Бұл мәселе бізге жақсы таныс. Тұрғындар тарапынан да жиі шағымдар түседі. Әйтсе де, жүк тасымалдаушыларды қадағалау біздің құзіретімізге жатпайды. Сондықтан да, алдын алуды сұрап, тиісті мекемелерге, яғни, көлік инспекциясына, «Қазавтожол» компаниясына хат жазамыз, – дейді Қарқаралы ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, құрылыс және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің бас маманы Амангелді Жанбота.

Аймақ жолдарындағы жүк көліктерінің салмағын өлшеп, жүрістерін бақылайтын бірден-бір мекеме – ҚР ИИДМ Көлік комитетінің Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы. Аталмыш мекеме мамандарының айтуынша, аймақтағы барлық жолдарды бақылауға кадр және материалдық базаның тапшылығы қолбайлау болып отыр.

– Жүк көліктері ауыр салмақпен жолға шығарда бекітілген соммада алым төлеп, рұқсат қағазын алуы керек. Әйтсе де, көпшілігі бұл талапты ескере бермейді. Біз тексеру шаралары барысында заң бұзушыларды анықтап, жауапқа тартамыз. Көліктің жүргізушісімен қатар жүк артушы және жіберуші тұлғаларға да айыппұл салынады. Бірақ, бұл шаралар ауыр жүк көліктерінің жолға шығуына тосқауыл болмай тұр. Аймақтағы елуден астам кен орындарының барлығын бақылауда ұстай алмаймыз. Бізде көліктің салмағын өлшейтін, арнайы жабдықталған мобильді көліктердің саны аз. Небары үш машина, 12 маман ғана бар. Олар барлық жолды бақылауда ұстай алмайды ғой. Ол үшін тағы бірнеше көлік және адам алу керек. Қазір бұл мәселе бойынша ұсыныс берілді. Егер штат саны кеңейтілсе бақылау шараларын күшейтуге де болар еді, – дейді облыстық көлік бақылау инспекциясының автокөліктерді бақылау бөлімінің басшысы міндетін атқарушы Мейірман Көзтаев.

Түйін

Аймақ башысы Жеңіс Қасымбек өңірлерге жұмыс сапары барысында бірқатар аудандардың жолы жөнделетінін айтқан еді. Ауыл халқының ұзақ күткен жаңалығы – бұл. Десек те, жөндеу жұмыстарынан кейін жолдарды күтіп-баптау және сақтау мәселесі де назардан тыс қалмағаны жөн. Әсіресе, ауыр жүк көліктеріне бақылау күшейтілуі тиіс. Әйтпесе, қазынаның қыруар қаражатына жөнделген жолдар Тоғызқұдықтың күйін кешпесіне кім кепіл?..

Нұрлыхан ҚАЛҚАМАНҰЛЫ

 

Басқа материалдар

Back to top button