Жаңалықтар

Жоспар – нақты, мақсат – айқын

Облыстағы жалпы жол ұзындығы – 9 332 шақырым. Оның 1 825 шақырымы – республикалық, 2 566 шақырымы – облыстық, 2 212 шақырымы – аудандық маңызы бар жолдар. Елдімекендер ішіндегі жолдардың жалпы ұзындығы – 2 729 шақырымды құрайды. Биыл 1 032 шақырым автомобиль жолы жөнделмек. Оның ішінде, 461 шақырымы – республикалық, 178 шақырымы – облыстық маңызы бар жолдар. Ал, 393 шақырымы – қалалар мен ауданаралық жол.

Республикалық маңызы бар автожолдарға тоқталсақ, «Қарағанды-Балқаш» автожолын қайта құру жұмыстары аяқталды. Бүгінде 363 шақырым жолға асфальтбетонның үстіңгі қабаты толық төселді. Биыл 5 желтоқсанда автожол ресми ашылды. Сонымен қатар, «Балқаш-Буырылбайтал» автожолының екі учаскесі, ұзындығы 91 шақырымдық жолдың құрылысы аяқталды. Үшінші учаскенің ұзындығы – 50 шақырым. Оның 17 шақырымына, яғни, Тасаралдан Сарышағанға дейінгі аралыққа асфальттың үстіңгі қабаты төселді.

Соңғы үш жылда «Қарағанды-Қарқаралы» автожолының 115 шақырым учаскесінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қалған 85 шақырым жолды жөндеу жобасы келесі жылға жоспарланып отыр. Нәтижесінде Қарағандыдан Қарқаралыға дейінгі жалпы ұзындығы 200 шақырым автожол толық жөнделеді.
«Қарағанды-Павлодар» автожолының 27 шақырымы, Молодежный кенті маңында, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қарағандыдан шығар маңда осы жолдың 2,5 шақырымына орташа жөндеу басталды. Жалпы жоспарланған 30 шақырым жөндеу жұмысы 2025 жылға жоспарланса, 103 шақырым автожолдың орташа жөндеу жұмысы басталды.
«Астана-Нұра-Теміртау» жолының 7 шақырымы қайта өңделіп, асфальт жамылғысы төселді. Жұмыстар 2025 жылы жалғасады. Ал, облыстық маңызы бар 178 шақырым автожол жөндеуден өтті.
«Осакаровка-Молодежный» автожолының 16 шақырымы, «Нұра-Осакаровка» автожолының 20 шақырымы реконструкциядан өтті.
Абай ауданында «Жартас-Долинка» автожолының 21 шақырымын реконструкциялау жалғасуда.
«Саран-Шахтинск» автожолының 19 шақырымы күрделі жөнделуде. Шахан ауылынан Тентек шахтасына дейінгі 5 шақырым учаскеде негізі орнатылып, асфальттың төменгі қабаттары төселді. Биылға жоспарланған жұмыстар аяқталды, жоба 2025 жылы жалғасады.
«Үштөбе-Кұрылыс» автожолының 9 шақырымын реконструкциялау жүргізілуде. Жоба 2025 жылы толық аяқталады.
Сонымен қатар, екі көпірдің реконструкциясы жүргізілуде. Жеті бағаннан тұратын бірінші көпір «Теміртау-Токаревка» автожолында Нұра өзені арқылы өтеді. 4 баған толық орнатылып, 2 пролеттық құрылыс салынды. Екі тіреудің астында ұңғымалық тіреуден тұратын негізі орнатылған. Ал, тағы бір бағанда арқалық орнату үшін жетекші бұрғылау жұмыстары жүргізілуде.
«Саран-Шахтинск» автожолында Шерубай-Нұра өзені арқылы өтетін екінші көпірді жөндеу жұмыстары жалғасуда.
Ағымдағы жылы «Сәкен Сейфуллин-Өспен-Ақадыр» автожолының 26 шақырымы және «Ақсу-Аюлы-Ақтоғай» автожолының 57 шақырымы орташа жөнделді. Ал, «Қарқаралы-Қоянды» автожолының 29 шақырымын орташа жөндеу аяқталды. Жаңа жобалар бойынша Дубовка ауылынан Саран қаласына дейінгі облыстық маңызы бар автожолдың 0-6 шақырымын және «Шахан-Жаңаталап» автожолының 12-17 шақырымын реконструкциялаудың жобалық құжаттамасы әзірленді. Жобаларды жүзеге асыру 2025 жылға жоспарланған.
Сондай-ақ, «Қарағанды-Шахтинск» автожолындағы екі көпірді реконструкциялауға жобалық-сметалық құжаттаманың әзірленуі жалғасуда.
Облыс орталығында құрылыс және жөндеу жұмыстары 128,5 шақырым аумақты қамтыды. Қазір К.Дүйсембеков көшесі мен Б.Момышұлы көшесі арасындағы аралық көшелердің құрылыс жобасы және Е.Бөкетов көшесінің жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Ғарышкерлер көшесінің реконструкциясы, Пичугин және Четская көшелерінде күрделі жөндеу жалғасуда. Бүгінде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген жолдың ұзындығы 115 шақырымға жетті.
Ағымдағы жылы жаңа жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленді. Мұқанов көшесінен Тәттімбет көшесіне дейінгі учаскеде автомобиль жолын салу құны – 9 млрд, Университет көшесінен Гапеев көшесіне дейінгі учаскеде автомобиль жолын салу – 4,1 млрд, Приканальная көшесінде автомобиль жолын салу – 4,2 млрд теңге. Күнгей мөлтек ауданында магистральды автожолдарды салу жобасы мемлекеттік сараптамадан өтуде. Жүзеге асыруды бастау 2025 жылға жоспарланған.
Облыс аумағындағы ауылдық елдімекендердегі ішкі жолдар бойынша «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы жүзеге асырылуда. Бұл арнайы жоба ауыл тұрғындарының оң пікірін алып, даму әлеуеті бар елдімекендерде іске асырылуда.
2023 жылғы 23 қазаннан бастап, КМА ЖК РК төрағасының 2023 жылғы 23 қазандағы №108 бұйрығымен бекітілген «Сапа орталығы мен жергілікті атқарушы органдардың өзара әрекеттесу регламенті» (п.3.1.26) бойынша, ЖАСҰО-ның ескертулері бар объектілер қабылданбайды. Барлық өткізілген сынақтар мен анықталған ақаулар сапа орталығында KazRoadLab порталында тіркеледі. Қабылданған сынамалардың қолданыстағы нормативтерге сәйкессіздігі анықталған жағдайда, мердігер ұйымдар ақаулы учаскелерді қайта өңдеу жұмыстарын жүргізеді. Қажет болса, жабындыны қайта құрып, материалдарды ауыстырады. Автожол жобаларында сапа бақылауын техникалық бақылау мамандары жүргізеді. Жергілікті атқарушы органдар үнемі техникалық бақылау жұмысын мониторинг жүргізеді. Ағымдағы жылы техникалық бақылауды жүргізу және жұмыстарды орындау кезінде бұзушылықтар үшін Қарағанды облысы бойынша СҚББ үш ұйымға айыппұл салды. Көлік министрлігі мен жол институттары саланы цифрландыру жұмыстарын жүргізуде.
Барлық қолданыстағы жүйелерді біртұтас ақпараттық жүйеге, Е-Жолдары платформасына біріктіру жоспарлануда. Платформаны енгізу 2025 жылдың соңына дейін жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, Көлік министрінің тапсырмасы бойынша Қазақстандық жол ғылыми-зерттеу институты Біріккен жол-құрылыс материалдары базасын (RCM Base) құрды. Электрондық алаңда карьерлер, зауыттар және жаңа материалдар туралы ақпарат жинақталған.
2024 жылдың 10 айында көлік қызметтерінің көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10% артып, 339,6 млрд теңгені құрады. Жыл қорытындысы бойынша өсім 6,1%-дан кем болмайды деп күтілуде.
Қоғамдық көлікті әрі қарай дамыту үшін бірқатар шаралар жүргізілуде. Өткен жылы автобус паркі айтарлықтай жаңартылды. Тасымалдаушылар 195 жаңа автобус сатып алды. Биыл Теміртау қаласында – 23, Балқаш қаласында – 22 және Абай ауданында 8 жаңа автобус сатып алынды. Барлық автобустар отандық өндірушілер QazTehna, Daewoo Bus Kazakhstan (Теміртау) компанияларынан алынған және жолаушыларға қызмет көрсету сапасы бойынша талаптарға сай, мүмкіндігі шектеулі адамдарды тасымалдауға арналған арнайы мүмкіндіктермен жабдықталған.
Қыркүйек айында «Қарағанды-Теміртау» №100 бағытында 4 жаңа автобус іске қосылды, бұл бағыттағы көлік құралдарының жартысын жаңартты (барлығы 8 автобус). Жолаушылар тасымалдарын цифрландыру жұмыстары жалғасуда. 2024 жылдың мамыр айында «ОNAY!» электронды билеттеу жүйесі Теміртау қаласының маршруттарында енгізілді. Саран, Балқаш қалаларында және қала маңындағы маршруттарда электронды билеттеу жүйесі былтырдан бері тұрақты жұмыс істейді. Жалпы, осы жүйені енгізу жолаушыларға қызмет көрсету сапасын жақсартуға, жолаушылар ағымы мен тасымалдаушылардың табыстарының ашықтығын қамтамасыз етуге, тасымалдау процесінің қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік берді.
Қыркүйек айынан Теміртау қаласында 7-18 жас аралығындағы балаларға тегін жүру құқығы берілді. Облыс әкімінің тапсырмасымен былтырғы мамыр айынан осындай жеңілдік облыс орталығындағы маршруттарда да енгізілді. Бірінші кезектегі бағыттардың бірі – азаматтық авиация саласын дамыту. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында туризмді дамыту мақсатында әуе көлігі инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде, әсіресе, Балқаш қаласының әуежайын жаңғырту бойынша.
Қазіргі уақытта №2 ұшу-жолақ және әуежай перронын қайта жаңарту жұмыстары аяқталды (жобаның жалпы құны – 3,8 млрд теңге, 2024 жылға бөлінгені – 3,4 млрд теңге). Биыл қыркүйекте Балқаш әуежайының ғимаратын қайта жаңарту (жобаның жалпы құны – 3 млрд теңге, 2024 жылға бөлінгені – 913,6 млн теңге) және арнайы көлік қызметі ғимаратын салу (жобаның жалпы құны – 576,5 млн теңге) жобалары іске асырыла басталды. Бұл жобаларды жүзеге асыру әуежайдың өткізу қабілетін сағатына 60-тан 80 адамға дейін ұлғайтуға, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасауға, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімділікті қамтамасыз етуге және әуежай құрылыстарының сипаттамалары мен параметрлерін Халықаралық азаматтық авиация ұйымының Ұсынылған практикасына сәйкестендіруге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, әуежайдың әрі қарай жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында, жұмыс істеп тұрған заңды тұлға «Ақтоғай-абат» ЖШС қайта тіркеліп, жаңа кәсіпорын «Аэропорт Балқаш» ЖШС құрылды, оның 100%-ы мемлекетке тиесілі. Қазіргі уақытта кәсіпорынның қызмет түрлерін антимонополиялық органмен келісу рәсімі жүргізілуде. Балқаш қаласының әуежайында жер үсті қызметтерін толыққанды көрсету үшін кезең-кезеңімен арнайы аэродромдық техниканы сатып алу мәселесі қарастырылуда, ол бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Келесі жылға қажетті алғашқы кезектегі арнайы техника (аэродромдық өрт сөндіру көлігі, аэродромдық тартқыш, жанармай құю машинасы, өздігінен көтерілетін трап) сатып алуға 500 млн. теңге бөлінуі жоспарлануда.
«Сарыарқа» әуежайын дамыту бойынша шаралар қабылданып жатыр. Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» Жолдауында әуежай хабтарын дамыту маңызы ерекше аталып өтіп, елдегі әуежайлардың жүк тасымалдау мүмкіндіктерін кеңейту үшін барлық жағдайды жасауға ерекше назар аударылды. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында биыл «Сарыарқа» әуежайында мультимодальды аэрохаб «CargoHUB Karaganda» құру мәселесі пысықталып жатыр. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары тиісті жол картасын бекітті. Жақында әуежайдың акционерлер құрамына ірі инвестор кіргенін атап өткен жөн. Оның негізгі мақсаты – әуежайды елдің ірі логистикалық аэрохабы ретінде дамытуға инвестициялар салу.

Жалпы, бұл жоба «Сарыарқа» әуежайында жаңа кәсіпорындар құру арқылы жүк тасымалын арттыруға бағытталған. Болашақта өңделетін жүк көлемі жылына 15 мың тоннадан 200 мың тоннаға дейін ұлғайтылады деп күтілуде. Осы арқылы 2030 жылға қарай шамамен 2 000 жаңа жұмыс орнын құру және салықтық түсімдерді арттыру жоспарлануда.

Қоғамдық көлік қызметтерінің сапасын арттыру мақсатында Қарағанды қаласы бойынша шамамен 70 жаңа қалалық және қала маңы автобусын сатып алу жоспарлануда. Бұл автобустар 2011-2012 жылдары шыққан ескірген көлік құралдарын ауыстырады. Келесі жылы әуе көлігі инфрақұрылымын модернизациялау шаралары аяқталады. Атап айтқанда, Балқаш қаласының әуежайы ғимаратының қайта жөндеу және арнайы көлік қызметі ғимаратының құрылысы аяқталады. Сонымен қатар, келесі жылы Қарағанды қаласының әуежайын мультимодальды аэрохаб ретінде дамыту жұмыстары жалғасын табады.

Мақсұт ҚОЖАНОВ,
Қарағанды облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары
басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button