Жаңалықтар

Жорналшының болмысы

Жазу білетіні бар, білмейтіні бар, редакторы жоқ мыңдаған жазғыштар ию-қию араласып кетті. Ал, көсемсөз ұстаған, терең сараптамасымен айқындалатын шын мәніндегі кәсіби жорналшылар сенсация іздегендер мен пәле-жала, өтірік-өсек аңдыған «журналистердің» көлеңкесінде қалды. Десек те, салиқалы сөзімен, жазбаларынан терең мазмұн мен үлгі боларлық мән-мағынаға толы жазбаларымен ерекшеленетін әріптестеріміз баршылық. Оның біреуі емес, бірегейі – менің досым Оралбек.

… «Орталықтан» «Егеменге» ауысқаныма біраз болса да, Нұрмахан Оразбектің бас редакторлық орынтағын басқан Мағауия Сембаймен аралас-құраласымыз тоқтаған жоқ. Бірде ол Астанаға жетіп келсе, бұрынғы үйірін аңсаған саяқтай болып, бірде мен Қарағандыға келемін.

Дәстүрлі қонақ күтудің басы кімнің не жазып жатқанына ауысқанда, Мағаш өз гәзитінің тігіндісіне қол созады.

– Міне, қара! Сенің «Егеменіңнің» қолы ұзын болса да, меншікті тілшілеріңнің тісі батпайтын тақырыпты біздің жігіттер бұрқ еткізеді! – дейді танауы желбіреп.
– Кім ол «собкорың?» – деп сауалдатамын.
– Бізде осал «собкор» жоқ. Жезқазғанды Амандық Рахұлы ұршықша иірсе, Теміртаудың қаптаған қазақ еместері Аманжол Ақыннан именіп тұрады, ал, Балқаш өңірін Оралбек Жүнісұлы уысына ұстап тұр! Абыройлары әкімдерден кем емес… Біздің тілшілердің осалы жоқ. Әрқайсысы әлденеше рет кітаптарын да шығарып жатыр, – дейді Мағашым маңғаздана. Сөреде тұрған жуан-жіңішкелі кітаптардың тізбесін иегімен нұсқап. Бас редактор атап отырған жігіттердің бәрін танысам да, тығыз араласпаған соң бірінің шығармашылығын ғана бажайласам, бірінің сырт пошымын ғана біледі екенмін.

Оралбекпен аралас-құраластығымыз шамалы болатын. Жорналшыны тану үшін оның келбеті мен киімін, мінезі мен жүрген ортасын білу шарт емес. БАҚ қызметкерінің бар болмысы жазбаларында тұрады. Ол уақытта «Орталықты» Қарағандыдағы үйге жаздырып қойғам. Жолым түскенде балалар газеттің тігіндісін қолыма ұстата береді. Сондағы әр номердің жүгін көтеріп, көзге ұрып тұратын дүниелер Оралбектің жазбалары болады. Газеттің қай жанрын болса да, еркін меңгерген қаламгер екені бірден ерекшеленіп тұрған соң көңіл аудармаса болмайды.

Осы күні ұмытыла бастаған замандастарымыз жайлы очерк дейсіз бе, көргенін қылқалам шебері сияқты суреттеп беретін жол жазбалары мен репортаждары, тіпті, ең қиын жанр деп есептелетін хабардың өзін ойнатып беретін Оралбектің шығармашылығына деген қызығушылығым сонда пайда болды.

Бертін келе, біраз кітаптары қолыма түсті. Қарағанды университетінде бізбен қатар оқыған Жандос Смағұлов осы күні өз альма-матерінде ұстаздық етеді, профессор атағы бар. Жандостың бір жазбасы да көзіме түсті. Журналист Оралбектің шығармашылығын саралай келе, Жандос айтады: «Республикада демей-ақ қоялық, барша облыс көлемінде мақалаларына поэтикалық сарында тақырып беретін екі-ақ журналист бар. Бірі – Оралбек Жүнісұлы болса, екіншісі – Төрехан Майбас. Мысалы, «Мен сені сүйемін, өмір», «Жалғасын айт, сол әннің», «Сіздерді сағынамын, ағалар», «Адамдарға сену керек, бауырлар!», «Мерейің биік болсын, құлыным!» деген тақырыпты көрген адам «мынау бір новелла, эссе шығар» деп назарын тіктей қалады…» Ия, жұрт назарын аударатын тақырып қою да үлкен біліктілік. Жазбаның жарты жүгін көтеретін – сол. Мен үшін қазақ журналистикасында тақырып қоюдың шебері Нұрмахан Оразбектен соң Жанболат Ауыпбай болып тұрған. Енді ол қатар Оралбектің орамдарымен, Төреханның төкпе де сырлы сөзімен толықты.

…Арқа мен Бетпақ даланың тоғысатын тұсында тұрып жатқан Арғынның бір тармағы Қаракесекте Шабанбай деген би өткен. Бір сөзбен дау-дамайды тоқтататын, келісті ақылмен жұртты үйіріп отыратын адам болса керек. Зерттеушілердің айтуынша, бұл әулиелі адам қазақтың ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан дүниеге келген Тоқырауын бойында, Ақтоғайдың баурайында дүниеге келсе керек. Жол үстінде келе жатқан Шабанбай би бір ауқатты адамның үйіне түсіпті. Түнде байдың қорасына қасқыр түсіп, бір-екі тоқты-торымын арқалап кетіпті.

– Шабанбай, сен би, қасиетті адамсың. Сен жүрген жерге еш пәлекет жуымайды деуші еді. Мынау енді қалай болды? Құтсыз қонақ болдың ғой, – дейді үй иесі.

Сонда Шабанбай:
– Еее, байеке, қапа болмаңыз,
Қасқыр да кетпес ұзаққа,
Ол да түсер тұзаққа,
Ізіне түсіп біреуің,
Шығыңдаршы қыр жаққа… – деп әлгі үйден аттанып кеткен екен.

Із қуғандар бір төбенің етегіндегі қараған арасында қақпанға түсіп жатқан көкжалды көреді. Сонда мал иесі:

– Опырм-ай, мына Шабанбай тегін адам болмады! Айтқаны айнымай келуін қарасаңыз! – деп таңдай қаққан екен. Шабанбай би, Әлихан сынды қазақтың біртуарлары туған киелі топырақта тура жетпіс жыл бұрын Оралбек деген болашақ сөз шеберінің де кіндік қаны тамған екен. Көріпкелдігі мен әулиелігі болмаса да, әр сараптамасында, әр новеллаға бергісіз эсселерінде жастарға үлгі боларлық мәжіліс ашып отыратын жорналшылар некен саяқ. Өз жерінің, өз елінің болашағына үлкен сеніммен қарайтын Оралбек сияқты өз мамандығына адал адам ғана солай жазса керек. Кейінгі бес-он жылда интернет пайда болып, ақпарат тарату қас-қағымдық іске айналды. Жазу білетіні бар, білмейтіні бар, редакторы жоқ мыңдаған жазғыштар ию-қию араласып кетті. Ал, көсемсөз ұстаған, терең сараптамасымен айқындалатын шын мәніндегі кәсіби жорналшылар сенсация іздегендер мен пәле-жала, өтірік-өсек аңдыған «журналистердің» көлеңкесінде қалды. Десек те, салиқалы сөзімен, жазбаларынан терең мазмұн мен үлгі боларлық мән-мағынаға толы жазбаларымен ерекшеленетін әріптестеріміз баршылық. Оның біреуі емес, бірегейі – менің досым Оралбек. Зейнетке шығып, немере баққан ата әлі шындық жолынан тайған жоқ.

Баяғы қалпы: кез келген оқиғаның ақиқатына жетіп тоқтамайтын, айтар сөзін міскіндетпей, алға қарай төтесінен тартып келе жатқан Оралбек Жүнісұлы.
Жетпісің құтты болсын, Ореке!

Нұрхан МЫҢБАЙ,
Халықаралық Журналистика академиясының толық мүшесі,
КСРО және Қазақстан Журналистер одақтары сыйлықтарының иегері.

Басқа материалдар

Back to top button