Жаңалықтар

“Жомарт Жан” қоры балалардың арманын орындады

Жаңа жыл – әр бүлдіршін асыға күтетін, ғажайыпқа толы мерекенің бірі. Балалар бұл күнді Аяз атаға хат жазып, мерекені ерекше көңіл күймен қарсы алады.

Суреттерді түсірген автор

Осы орайда Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жомарт Жан» орталығы балалардың арманын ақиқатқа айналдырды. «Шаңырақ астындағы жаңа жыл!» қайырымдылық жаңа жылдық шырша тойын өткізіп, бүлдіршіндерге сый-сияпат тарту етті. Қарағанды қаласындағы Достық үйінде өткен мерекеге өңірдің түпкір-түпкірінен келген әлеуметтік жағынан қорғалатын 200 бала қатысып, жаңа жылдық шыршаның шамын жақты. Іс-шараға облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов қатысып, бүлдіршіндерді мерекесімен құттықтады.

Аталған мерекелік іс-шара екі кезеңнен тұрды. Алдымен бүлдіршіндерге қазақ тіліне дубляждалған «Мұз дәуірі-3» анимациялық фильмі көрсетілді. Одан кейін балалар жасыл шырша жанына жиналып, шамдарын жақты. Сонымен қатар, түрлі ертегі кейіпкерлерімен бірге ойын-сауық бағдарламасына қатысып, көңілді ойындар ойнады.

– Бұл іс-шаралардың барлығы демеушілеріміздің қолдауымен жүзеге асып отыр. Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына – 30 жыл. Жыл басынан бері өңірде мерейтой аясында 1500-ден астам іс-шара ұйымдастырылды. Оның ішінде республикалық деңгейде өткен мазмұнды басқосулар да бар. Солардың қатарына ақсақалдар мен Аналар кеңесінің атқарған жұмысын ерекше атап өткен жөн. Олардың бастамасымен ел көлеміндегі бірқатар өзекті мәселелер оң шешімін тапты. Ал, бүлдіршіндерге арналған бұл жаңа жылдық мереке жыл бойы атқарылған игі істердің қорытындысы іспетті. Осы орайда барша өңір тұрғындарын алдағы мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді Нұрлан Рахметоллаұлы.

Қазақстан халқы Ассамблеясының Қарағанды облысы бойынша Аналар кеңесінің төрағасы Айжан Қиясова да жылы лебізін білдіріп, аталған іс-шараның қоғам үшін маңыздылығына айрықша тоқталды.

– Жаңа жыл мерекесіне орай әр өңірден келген бүлдіршіндер бүгін бізбен бірге мейрамды тойлауда. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Сонымен қатар, атап өтетін жайт «Жомарт Жан» қайырымдылық қорының төрағасы жаңа жыл қарсаңында онкологиялық аурумен күресіп жүрген балаларға бір миллион теңге көлемінде көмек көрсетуде. Бұдан бөлек, біз жаңа жыл мерекесі алдында Ассамблея мүшелерімен бірлесіп, 20-дан астам бүлдіршіннің шаңырағына арнайы барып қайтуды жоспарлап отырмыз. Оларды мерекемен құттықтап, тарту-таралғы жасаймыз, – деді ол.

Шахтинск қаласының тұрғыны Орынбасар Сағымбаев жаңа жылдық мерекелік шараға 1-сынып оқитын ұлы Омар Тұрсынбайды ертіп келді. Өзі үш қыз, бір ұлдың әкесі. Мұндай мерекелік шыршаға бірінші мәрте келіп тұрғанын айтып, әсерімен бөлісті.

– Бізді арнайы шақырғандарын естігенде, қатты қуанып қалдық. Ұлым жаңа жыл мерекесін әрдайым асыға күтеді. Әр мерекеде түрлі мультфильм кейіпкерлерінің бейнесіне еніп, ерекше образ таңдауға тырысады. Бұл жолы Аяз ата кейпінде келді. Бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл күй сыйлаған, әсерлі мерекені ұйымдастырған жандарға шынайы алғысымды білдіремін, – деді Орынбасар Тұрсынбайұлы.

 

Ербол ЕРБОЛАТ
Ortalyq.kz

 

Басқа материалдар

Back to top button