Жаңалықтар

Жомарт жүректер құрмет төрінде

«Жарыссаң – жақсылық жасап жарыс» дейді. Адам бойындағы асыл қасиеттердің бірі – жомарттық, кеңпейілділік. Теміртау халқынан осы бір қасиеттерді анық байқауға болады. Қай уақытта болсын көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, бауырына басады. Ал, бұған дәлел кешегі эпидемиологиялық ахуалдың күрделенген тұсы. Сондай қолы ашық, жомарт жандардың еңбегін еш қалдырмай, қала әкімдігі Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Жомарт жүрек» сыйлығын тағайындаған еді. Аталмыш сыйлықты табыстау рәсіміне қала әкімінің орынбасары Самат ЗИЯШЕВ қатысып, алғысын білдірді.

– Қаламыздың дамуына үлес қосқан азаматтарға алғысым шексіз. Қашан да жомарттық танытып, қайырымдылықтан қалыс қалған емес. Өз тарапымыздан сондай жандарға алғыс айту мақсатында жылда «Жомарт жүрек» сыйлығын табыстаймыз. Атқарған жұмысымен көпке үлгі болып жүрген жандардың бары бізді қуантады. Алдағы уақытта қаламыздың көркейіп, дамуына бәріміз жұмыла ат салысайық, – деді Самат Саятұлы.

«Жомарт жүрек» сыйлығының «Жыл меценаты» номинациясы «Имсталькон» ЖШС Бас директоры Иван Георгиадиға табысталды. Иван Владимирович Қазақстан халқы Ассамблеясының қа йырымдылық қоры мен тәлімгерлер клубының мүшесі. Қаланың қоғамдық өміріне белсене қатысып, қайырымдылықпен айналысып келеді. Аз қамтылған отбасыларға, жалғызбасты және мүгедек жандарға үнемі қол ұшын созып, қамқорына алған. «Халық достығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлішер Жақыпбеков «Жыл тұлғасы» номинациясына лайық деп танылды. Себебі, Әлішер Маханбетжанұлының бастамасымен «АрселорМиттал Теміртау» этномәдени бірлестігі құрылды. Түрлі этнос өкілдері іс-шараларын осы шаңырақ астында өткізіп, тілін, салт-дәстүрін, мәдениетін насихаттауда.

– «Жомарт жүрек» сыйлығын жыл сайын табыстаймыз. Алайда, былтыр эпидемиологиялық ахуалға байланысты салтанатты шара өтпей қалды. Бұл сыйлық қала тұрғындарының және қала әкімінің атынан беріледі. Себебі, өз кәсібінен бөлек, тұрғындарға уақыт бөліп, қайырымдылықпен айналысып, қаланың көркеюіне үлес қосып жүрген атымтай жомарт жандардың еңбегі еленбей қалғаны болмайды. Сондықтан, алғыс айтып, жылы лебізімізді білдіру мақсатында осы сыйлық берілді, – деді ішкі саясат бөлімінің басшысы Айнагүл Абдрахманова.

«Туған өлке» номинациясында қайырымдылықты дамытуға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға қосқан үлесі үшін «KMK TRADE COMPANY» компаниясы марапатталады. Компанияның басшысы Александр Мичуровтың қолдауымен түрлі бастамалар жүзеге асып келеді. Балаларға арналған медициналық және әлеуметтік мекемелерге қажет құрылғыларын алуға және жаңартуға барынша көмек беруде. Сондай-ақ, аталмыш номинация «Central Asia Cement» компаниясының Бас директоры Петр Дурневқа берілді. Петр Владимирович басқарып отырған кәсіпорын Ақтау кентін абаттандыруға, аллеялар, балалар ойын алаңдарын қайта жаңартуға, жаңадан салуға және маңызды әлеуметтік жобаларды іске асыруға қол ұшын беріп келеді. Ал, «Ерен еріктілік» номинациясына «Шаңырақ» еріктілер орталығы лайық деп танылды. Орталық басшысы Айгерім Ержанованың жетекшілігімен пандемия кезінде біршама істің басын қайтарған. Сол уақыттағы атқарған еңбегі күні бүгінге дейін ел жадында. «Central Asia Cement» компаниясының тарихы өз алдына бір төбе. 1953 жылы негізі қаланған кәсіпорын бүгінде қанатын кеңге жайып, дамыған үздік компаниялардың қатарына енген. Компания басшылығы жыл сайын ақша бөліп, қайырымдылыққа аударып келеді.

– Компанияның елдегі ірі цемент компанияларының бірі. Бұл сыйлық мен үшін күтпеген дүние болды. Себебі, бұл номинацияға ұсынған бізден бөлек басқа да кәсіпорындар бар. Еңбегімізді елеп, лайық деп танығандарыңызға алғысымды айтамын. Ал, қаламыздың көркейіп, дамуына қашан да көмек беруге әзірміз, – деді Петр Владимирович.

Ербол ЕРБОЛАТ.

ТЕМІРТАУ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button