Жақсылық жасап, жаныңа шуақ шашу үшін аса бір қолайлы жағдай іздеудің қажеті жоқ. Мұны мына бір ізгілікті іске сүйсінгендіктен айтып отырмыз. Туғанынан сал ауруына шалдығып, арбаға таңылған Дос Төлегенов Нұра ауданындағы қарттар үйіне екі теледидар тарту етіпті.
Бала жасынан тағдыр тәлкегіне тап болған Дос Төлегенов – бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Сынаққа сынбады. Еңбекті сүйді. Теледидардан бастап, түрлі техникаңызды шемішкеше шағады. Тілін жетік түсінеді.
Әнеугүні аудан орталығындағы қарттар үйіне екі телевизор сыйға тартыпты. Қарттар үйінде мүлдем тележәшік жоғын естіген Дос Несіпбайұлы: – «Қарттарымыз қалай теледидарсыз отырады?» деген ой маза бермей қойды. Қолымнан келетін жақсылығым ғой. Әуелі қазыналарымызды риза етуіміз керек. Сол кісілердің батасы сөзсіз қабыл болады. Сөйтіп, өзім арнайы барып, табыстап келдім. Өзім де ерекше қуанып қалдым, – дейді.
– Расымен, біраз уақыт болды, қарттарымыз теледидардан алыстап қалған еді. Дос бауырымыз қос теледидарымен үйімізге кіріп келгенде қарттарымыз қатты қуанды. Жақсылық жасағысы келген ниетінің өзі таудай ғой. Сөйтіп, теледидарды қосып берген соң, өзіміз отырып шай іштік. Жан сарайы бай екен. Үлкендер батасын берді, – дейді қарттар үйінің басшысы Гүлнәр Түсіпбекова.
Бұл қолы алтын Дос Несіпбайұлының алғашқы қайырымдылығы емес. Ауылдастарына үнемі қарайласады. Тіпті, азықтүлік себетін де үлестіріп отырады. «Отау ТВ», «ID ТВ» секілді құрылғыларды сыйға тартып, онысын орнатып та береді. Жаны жақсылық шуағына толы шеберді ауылдастары да аса құрметтейді.
Шебердің есімі еліне жақсы таныс. Тіпті, Қарағанды, Астанаданда арнайы іздеп келіп, тұрмыстық техникаларын жөндететін тұтынушылар да бар. Себебі белгілі: техниканың тілін әбден меңгеріп алған, жұмысын сапалы атқарады.
Жары Гүлнәр екеуі үш бала тәрбиелеп отыр. Үлкен ұлы Нұрасыл әкесіне әжептәуір қолғабыс. Кәсіптерін жетілдіру үшін былтыр Үкіметтен 1,3 млн. теңге көлемінде грант алған. Бұл қаражатқа шағын шеберханасындағы жұмысты ширатып, үйінің жанындағы көліктің тоғын жөндейтін автошеберханасын жабдықтап алған.
– Жақсы автоэлектриктер өте аз. Мен өмір бойы тоқпен жұмыс істеп келемін. Көлігінің тоғы ақау бергендер де көмек сұрап келетін. Сондықтан, автоэлектрик қызметін қоса алып жүруді жөн санадым. Үш көлікке шақталған гаражым бар. Грант қаражатына көлікті диагностикалау үшін қымбат құрылғылар сатып алдым. Енді, алдағы уақытта субсидияланатын жұмыс орындарына бес адамды жұмысқа орналастыруды ойластырып отырмын. Ұлым колледжде автоэлектрик мамандығында оқиды. Негізгі көмекші – ұлым. Бар үмітім де сонда, – дейді шебер.
Дос Несіпбайұлының өмірінде мынандай да кедергі болған. Психиатрлар «ақыл-есі кем» деп сараптамалық қорытынды жасаған. Бірден сотқа жүгініп, еңбекке жарамды екенін дәлелдеп шыққан. «Қажыдым, қайратым аз деп отыратын мүлдем уақытым жоқ», – дейді өзі.
Бір жылдары Дос жол апатына ұшырап, екі қолы бірдей істемей қалған көрінеді. Әкесі Өзбекстан елінде ем-дом алып жатқанда, ұлы Нұрасыл үйдегі үйіліп қалған теледидарларды өзі жөндеп, түскен қаражатты әкесінің еміне жөнелтіп отырған. Ол кезде мектеп қабырғасында оқиды.
Әкесі баласының техникаға қызығушылығын кішкентайынан байқаған. Ойыншық әкеліп берсе, оны бұзып, қайта жинайды екен. Алты жасында алғаш рет қолына дәнекерлегішті алып, құрал-жабдықтардың түр-түрін ажырата білген. Сөйтіп, әке-шешесі шеберханадан шықпаған Нұрасылдың теориялық бағыт бойынша білімін тереңдетуге жолын ашады.
Әкесі мен ұлы айына 30-ға жуық тапсырыс орындайды. Ауылдан алыстамай-ақ, алтын қолымен осындай кәсіпті дөңгелетіп отыр. Оның үстіне жақсылық жасауды өмір салтына айналдырған. Қалай таңданбайсыз?! Нұра ауданы
Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
Ortalyq.kz