Руханият

Жомарт десе, дегендей еді…

Жақында Қарқаралы қаласындағы балалар кітапханасының ғимаратына ел жадында игі істерімен қалған кәсіпкер, осы қала мен ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азамат Жомарт Жаилминге арналған мемориалдық тақта орнатылды. Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына Жомарт Олжабекұлының жақын туыстары, замандастары, аудан-қала басшылары мен жергілікті тұрғындар қатысты.

Сурет автордан

Рәсім барысында аудан әкімі Әділжан Арғынов, ардагер ұстаз Дүйсентай Оспанов, Жокең­нің замандастары Сержан Аймақов, Алма Татиевалар сөз алып, марқұмның азаматтық келбетін еске алысты. Асыл азаматтың жары Сана Жөкебаева осы ізгі шараға мұрындық болған, атсалысқан жандарға алғысын білдіріп, кітапхана ұжымына естелік сыйлық жасады.

Жомарт Олжабекұлы ғұмыры қысқа болса да, халыққа көп жақсылық жасаған аяулы жан еді. Е.Бөкетов атындағы Қар­У­-дың экономика факультетін тәмамдаған ол Қарқаралы ауданының түрлі құрылымдарында есепші, бас есепші қызметін атқарып, 2000 жылдардың басында жеке кәсіпкерлікке ден қойып, құрылыс, жөндеу жұмыстарымен айналысатын «Өнім» акционерлік қоғамын құрды.

Ел экономикасы жүрелеп қалған тоқсаныншы жылдардан кейін екінің бірі мұндай тәуекелге бірден бара алған жоқ. «Өнім» кәсіпорыны аудандағы мектептер мен мәдениет ошақтарын күрделі және ағымдағы жөндеу ісін қолға алып, ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды. Шалғайдағы Томар ауылында мектеп салды, осы елдімекендегі ауызсу құбыры мен Қарқаралы қаласындағы кәріз жүйесін, жылу жүйелері мен қазандықтарды жөндеуден өткізді. Қараағаш ауылына су құбырын тартып, Бейбітшілік ауылындағы су құбырларына реконструкция жасады. Қарқаралы қаласындағы жекешелендіру кезінде жекеменшікке өтіп кеткен бұрынғы мектеп-интернат ғимаратын қалпына келтіріп, жаңа мектепке айналдырды. Қарқаралыдағы бірнеше тарихи ғимаратты, қазіргі Қ.Аманжолов атындағы орталық кітапхана ғимаратын жөндеп, қатарға қосты.

Сонымен қатар, Қарқаралының сыртындағы бұрынғы демалыс үйлерінің бірін күрделі жөндеуден өткізіп, табиғат аясында туберкулезден емдейтін аурухана ашуға мүмкіндік жасады. «Өнім» кәсіпорыны «Жібек жолы» бағдарламасымен қаланы аббаттандыру, көркейту, қалпына келтіру бойынша қаншама жұмыстарды белсене жүзеге асырды.

Ескерткіш тақта орнатылған аудандық балалар кітапханасының ғимаратын да Жомарт Олжабекұлы жаппай жекешеліндіру науқанында өз қаражатына сатып алып, 2005 жылы халықтың игілігіне қызмет етсін деп қаланың иелігіне қайтарып беріп еді. Енді, міне, халық та жайсаң азаматын еске алып, рухына тағзым жасады. Ізгі ниет қабыл болсын!

Болатбек ӘШІМҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button