Жаңалықтар

Жолжақсы

­Егіндібұлақ ауданының «Шарықты» совхозына қарасты «Бестерек» қыстағы. Арқаның ақтүтек бораны ұйтқи соққалы апта айналды. Кәдімгі «ат құлағы көрінбейтін» ақ талқанның нақ өзі. Соғыс ардагері Шайман ақсақалдың шаңырағы таңертеңнен әбігерге түскен. Өткен жылы отау құрған ұлы Әкіжанның келіншегі Орынбике толғатып жатыр. Тысқа кіріп-шығып, дегбірі қашқан Шайман ақсақал:

 

 – Келінді Егіндібұлаққа, тым болмаса, мына тұрған ауыл орталығына да жеткізе алмадық-ау… Шіркін-ай, боранның соққанына қарамай, жол тазалап отыратын бір ұл тапсашы осы келінім, – деп тістенді. Күйіп кеткені шығар. Әйтпесе, ақсақалдың ашу араласқан аңсар көңілінің астарында жолшы болар, малшы болар, әйтеуір, келін шырақ шекесі торсықтай ұл тапса деген аяулы арман да жоқ емес еді.

Шайман ақсақал – соғыстан ауыр жараланып, бес қабырға, бір бүйрегін жау снарядына беріп келген майдангер. Қарнында көк ет атаулыдан жұрнақ қалмаған. Бүкіл ішкі ағзасын тері ғана ұстап тұр. Ел «жарық Шайман» атап кеткен. Ертелі-кеш қарнын жалпақ белдікпен қапсыра тартып, ат үстінде жүреді. Қартайып, қуаты қайтқанша бақташы болып, совхоздың малын бақты. Ел алдындағы абырой-құрметі завфермадан кем емес. Парасатты, сабырлы-ақ еді. Келіннің толғағына осынша күйіп-піскеніне бәйбішесі Жеміс әже де – аң-таң.

Төргі бөлмеден шыр еткен шақалақ үні де шықты. «Сүйінші, ұл!» деген дауыс естілгенде, Шайман ақсақалдың басы бақыттан айналып бара жатты. «Е, Алла, бергеніңе шүкір! Мәкіжаным бір қанатым болса, бұл немерем екінші қанатым болсын! Қанат бітірдің-ау, Алла!» деп, шынымен-ақ қанаттанып кеткен. Сойын Қанат деп соқталдады. Немеренің үлкені ғой, өз бауырына басты.

Сол Қанаты атасы мен әжесіне еркелеп ер жетті. Шолжаң болған жоқ. Достары шыбықты ат қылып мініп жүргенде, бұл ағаш қалдықтарынан машина жасап алып, сол көлігіне балшықтан көтерме жол салып ойнайтын. Жолында жыра, суағар кезіге қалса, мұрны пысылдап, көпір салып отырады. Негізі, ағаш машинасын қолтығына қысып, жыраны аттап өтуіне де болар еді. Бірақ, Қанат олай істемейді. Ерінбей, өткел салады. Оған қиыршық тас төсейді.

Немересінің әр қылығын қалт жібермей бақылап отыратын Шәкең бірде бәйбішесіне:

 – Әй, бәйбіше, менің осы балам жолшы болады. Егіндібұлаққа, тіпті, Қарағандыға Қанатым салған жолмен қас-қағымда жетіп баратын боламыз әлі, – деді. Қанаттың балаң арманы орындалып, атаның үміті ақталды. Әттең, дүния! Қанат 7 жасқа толғанда өмірден озып кеткен әжесі көре алмады.

***

«Шарықтының» (қазіргі Теректі ауылы) мектебінен сегізінші класс бітіріп, таудай талаппен Қарағандыға келді. Облыс орталығындағы №2 мектеп-интернатқа қабылданып, 9-10 класты осында оқыды. 1977 жылы Қарағанды политехникалық институтына оқуға түсіп, «автокөлік жолдары» мамандығын таңдады. Бұл жаңадан ашылып жатқан мамандық еді. Әлі оқыту базасы қалыптаса қоймаған. Содан Өскемен жол құрылысы институтына ауысып, оны 1982 жылы бітіріп шықты. Дәл осы мамандықты таңдауына ғұмыр бойы шаруашылықта көлік жүргізушісі болып істеген әкесі Мәкіжанның рейстен шаршап келіп, үнемі жол азабын қынжыла әңгімелеп отыратындығы да түрткі болса керек.

Жолдамамен Қарағанды облысы автокөлік жолдары басқармасына келген. Басқарма басшысы Федор Черненко жылы шыраймен қарсы алды.

«Ауылыңа – Егіндібұлаққа барасың» деді. Бұл келіспеді. Себебі бар. Шайман атасы бұл кезде шау тартқан. Ауылға келген сайын «Қанатым азамат болды. Оқуын бітіріп, қалада тұрады. Мені дәрігерге көрсетеді» деп отыратын. Ардақты жанның сол емеурінін аманаттай қабылдаған есті жігіт басқарма басшысымен нағашысындай еркін сөйлесіп отыр. «Ендеше, Қарқаралыға бар» дейді Федор Степанович. Бұл тағы келіспейді. Осакаровты ұсынды. Одан да бас тартты.

«Не деген қырсық едің?» дейді амалы таусылған басқарма. Ал, Қанат қырсық емес, бірбеткей еді. «Абайға барасың ба?». Бұл ұсынысқа келіспесе, дөй басқарма шорт сынып, морт кетуі мүмкін. Алғыр жігіт оны да аңғарып отыр. Сол сәтте мектепте оқып жүргенінде Топар ГРЭС-іне саяхатқа барғаны есіне түсе кетсін. Қалаға жақын болуы керек. Келісті. Қара телефонға қол созған Черненко жас маманның табандылығына риза кейіп танытып, басын шайқады. Жүзіне шуақты күлкі үйіріліп: «Түбі жақсы жолшы боласың, Шаймин!» деді. Кадр бөлімінің инспекторын шақырды. Абайдағы ДЭУ36 бастығына қоңырау шалды. Өзінің «ГАЗ-69» қызметтік көлігін беріп, кадр бөлімінің инспекторын ертіп, Абайға жіберді. Ол жақтағы бастығына: «Қазір Өскеменнің институтын бітірген жас маман барады. Бұйрығына қол қойдым, жатақханасын дайындап қойыңдар» деп тапсырма да беріп үлгерді. Басқарма басшысының жас маманға деген құрметі мен қарапайымдылығына риза болып, қайта-қайта алғыс жаудырып Абайға тартты. Жолы – жақсы. Өмір соқпағындағы жауапты сәтте алдынан жақсы адам кезігіп, ақ жол тілеп, өз көлігін беріп, шығарып салды.

Міне, сол сәттен бері жол бойында келе жатыр. Жылдың төрт мезгілі, тәуліктің әр сағаты жол жағдайына алаңдаумен өтеді. Үйде болғаннан жолда жортқаны көп. Осы төңіректің шиырлаған жолының бәрінде Қанат Әкіжанұлының қолының табы, табанының ізі бар. Тіпті, сонау «Батыс Қытай-Батыс Еуропа» көлік дәлізінің 410 шақырымында, «Астана-Бурабай» жолының біраз бөлігінде құрылыс сапасын қадағалап, тапсырыс беруші болғаны бар. Қостанай облысында да «ҚазАвтоЖол» ҰК-ның облыстық филиалын басқарды. Комсомол, партия, кеңес қызметтерінде шыңдалды. Абай қаласы әкімінің бірінші орынбасары да болды. Асфальт-бетон зауытының тізгінін ұстады, облыс аумағындағы бірнеше ДЭУ мекемелерін басқарды. «Қарағанды жолдары» ААҚ, «Қазақавтожол» РММ Қарағанды облыстық филиалында, ҚР Көлік және коммуникация министрлігі автокөлік жолдары комитетінің Қарағанды облыстық департаментінде, облыстың көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасында басшылық қызметтер атқарды. Тыным тапқан жоқ. Жолда жүр. Жолжақсы.

… «Қарағанды жолдары» ААҚ-на қарасты Абай жол пайдалану басқармасын басқарып жүрген кезі. «Теңіз ауданы аумағында Шұбаркөлден көмір тасып жүрген бірнеше жүк көлігі қар құрсауында қалды» деген дабыл қағылды. Он шақты адамнан шұғыл жасақталған бригадамен жолға шыққан. Тура 10 күн жол бойына түнеді. Аспан мен жер аппақ болып тұтасып кеткен. Қарға адым жер көрінбейді-ау. Жолға алып шыққан азық-түлік түгесілуге айналған. Жолшылар қосында (вагон) жатыр. Боран ашылса, шығып, жол тазалап келеді. Су да таусылды. Қар ерітіп, шай ішеді. Жолшылардың жүйкелері жұқарып, әбден шаршағанын аңғарып жүр. Бір механизатордың әкесі қартаң кісі еді, бұлар жолға шыққанда әл үстінде жатқан. Ол әкесіне алаңдайды. Қанат Әкіжанұлы оған басу айтып, сабасына түсіреді. Осылайша 10 күн бойы жол азабын тартқаны бар. Талай ұсыныс жасалды. Шайминнің іскерлігі мен қайрат-жігерін танығандардың ұсынып отырғаны – кілең жайлы қызмет. Жылы кабинет. Жоғарыда атқарған лауазымды қызметтерінің бірінде де кеңседе отырып көрмеген Қанат үшін жаны тыныш қызмет қызық емес еді. Қиындыққа төзді, кедергіні жеңді. Ақыры, абырой биігіне көтерілді.

Алғаш отау құрған жылдарында ДЭУ-дің кеңсесінде тұрғандары бар. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы дағдарыс жол құрылысы саласын да айналып өткен жоқ. Қақаң дәл осы тұста Абай қалалық атқару комитетінің хатшысы еді. Абай қаласы қаңырап бос қала бастаған. Жылу жоқ, жарық өшкен. Су – әу бастан өзекті мәселе. Таңертең жұмысқа келгенінде ашынған тұрғындар қарсы алады. Тіпті, «Мына баланы өздерің бағыңдар. Үйде жылу жоқ» деп, 2-3 жасар баланы кабинетіне әкеліп тастап кететіндер де бар. Сондай күрделі кезеңде де мұқалмады.

Арасында атқарушы билік, партия, кеңес жұмысында болғанына еш өкінген жоқ.

– Ол да жөн болған шығар. Жолшы үнемі далада, жол бойында жүреді. Жаздың аптабында да, қыстың үскірігінде де жол бойындасың. Ал, партия, әкімдік саласындағы қызметім мені халыққа жақындатты. Елмен тіл табысуға тәрбиелеп, тұрғындар тұрмысындағы проблеманы көзбен көріп, көңілмен таразылауға дағдыландырды. Өкінбеймін, – дейді өзі де.

Мұрап пен жолшы қызметінің сауабы мол дейді ғой көнекөздер. Қақаңның да артында тиянақты іс, ізгілікті із қалды. 2007 жылы «Сәтбаев-Ұлытау» бағытындағы жолдың 30 шақырымына күрделі жөндеу жұмыстарына басшылық жасағаны бар. Жұмыстан қолы қалт еткенде киелі өңірдегі тарихи орындарды аралайды. Ұлытау сілемдерінің ең биік шыңы Едіге тауының басына шығады. Бұл шыңда Алтын Орданың билеушілері Едіге мен Тоқтамыс жерленген. Ұлы хандардың мәңгілік мекеніне еш белгі қойылмағаны ұлтжанды Қанаттың жанына батады. Ақыры, жолшылардан ескерткіш болсын деп, тарихи тұлғалардың басына қара граниттен белгітас қойып, оған «Қарағанды облыстық көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы, «Қарағанды жолдары» ЖШС және Ұлытау жолын күрделі жөндеуден өткізуге қатысқан ұрпақтарынан» деген жазу қашалады. Міне, Қақаңның азаматтығы!

***

Алла тіл-көзден сақтасын, Қанат Әкіжанұлы – төрт құбыласы тең азамат. Өз әкесі Мәкіжан мен анасы Орынбике, қайын атасы Қабыжан мен қайын енесі Қапиза да ұл-қыздарының қызығын көріп, дін аман жүріп жатыр. Қақаңның қазынасы жасаған еңбегімен де, осы қариялардың пейілімен де еселеніп жатқан жайы бар. Отасқандарына 35 жыл болған асыл жары Зәурештің өнегесінде өлшем жоқ. Ғұмырының жартысы жол тосумен өтіп келеді. Отағасын тосып, отта тұрған қазаны талай суыған. Бірақ, жүрек қалауымен табысқан Қанатына деген, қос балапаны Қайрат пен Саятқа деген сезімі суыған емес. Келіндері Әлия мен Лейланы да өз қызындай мәпелеп тәрбиеледі. Аяулым, Айбар, Дилара, Ернар, Назар есімді немерелерінің тәтті қылығына тамсанып, үнемі жолда жүретін Қанатын шығарып салып, қарсы алып, жүріп жатыр.

…Бүгін Қақаң тағы ерте тұрып, жолға қамданды. «Тағы жол жүресің бе?» деген Зәурешке:

– Иә, барлық бағыттағы жолдарды қар басып қалыпты. Соңғы үш күнгі боран алапат болды ғой. Соған техника шығарып, өзім бірге жүрмесем, – деп келте жауап қайырды. Жолдасының осылай асығыс аттануына да, келте жауабына да үйреніп алған асыл жары:

– Бүгін туған күнің ғой, – дегеннен әріге бармады.

..Иә, Қақаң асқаралы 60 жастың асқарына көтерілді. Асқақ абырой, биік парасатпен. Азығы – адалдық, қазығы – қанағат. Нұр-Сұлтанда тұратын үлкен ұлы Қайраттың отбасы келді. Немерелері атасының мойнына асылып:

– Ата, біз Сіз салған жолмен келдік, – деп жатыр. Қақаң да кішкентай құлыншақтарға мейірімін төгіп:

– Мен де аталар салған сара жолмен жүріп келемін, құлындарым! Бабалар ізінен ізгілік танып, солар аманаттаған адалдықтан айныған жоқпын, – деді. Толқып кетті. Жанарынан ыршып, омырауына тамған мөп-мөлдір тамшыны өзінен басқа ешкім аңғара қоймады. Сол моншақтай тамшы абзал азаматтың боямасыз болмысы мен тағылымды тағдырының көшірмесі екенін көшелі жұрты біледі. Қанат ағаның жолы – жақсы. Ендеше, екінші аты – Жолжақсы болсын!

Ерсін МҰСАБЕК

Басқа материалдар

Back to top button