Жолы – темір, жаны – алтын
Президент тапсырмасымен бекітілген «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында өзі сүйген мамандық бойынша адал еңбек етіп, еліміздің өсіп-өркендеуіне үлесін қосып жүрген білікті мамандар баршылық. Бүгінгі кейіпкеріміз – «Қазақстан темір жолы – Жүк тасымалы» акционерлік қоғамы, Қарағанды облысы, Сұрыптау бекетіндегі ең жас электровоз машинистердің бірі – Айдарбек Төлеген. Ол паровозды – тепловоз, тепловозды – электровоз ауыстырған дәуірде еңбек етіп жатқан болашағынан үміт күттіретін жас маман.
Айдарбек Рамазанұлы 2019 жылы Қарағанды Теміржол колледжін үздік бітіріп, Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетіне түседі. Еңбек жолын 2020 жылы электровоз машинисінің көмекшісі ретінде бастаған. Қазір электровоз машинисі.
– Машинист әрқашан зейінді, тиянақты болуы керек. Жолда түрлі оқиға орын алуы мүмкін. Қарағанды Локомотив депосында Солтүстікте – Астана, Оңтүстікте – «Ақадыр-Мойынты-Сарышаған» жолын қамтимыз. Жолды алдын ала болжап, мұқият қарап отыру қажет. Машинист бес, он, жүз, бес жүз сынды сапарлардың жауапкершілігін сезініп, сапарды жоспарлай білуі қажет. Ол пойыздың түріне де байланысты. Мәселен, жолаушылар немесе жүк пойызы. Әр пойыздың салмағына және жұмыс күніндегі ауа райына, күндіз бе, түн бе, бәріне қатысты ақпаратқа ие болуы тиіс. Пойыздың ішіндегі тежеу мүмкіндігін де білсе, құба-құп. Осының барлығын реттеп, ойда сақтап отыру керек, – деп атап өтті Айдарбек Рамазанұлы.
Әр жұмыстың өз қиыншылығы бар. Мұндағы басты жұмыс орны – жол. Әр жол – әр түрлі. Әр сапар бір-біріне ұқсамайды.
Айдарбектің айтуынша, теміржолшы болуды бала кезден армандаса да, машинист болуға айналасындағы жанашыр жандар әсер еткен.
– Өйткені, Сұрыптау кентінің тұрғыны болғандықтан, маңайымда теміржолшылар көп болды. Олармен етене араластым. Олардың әңгімелері, сөздері, ойлары көңіліме қонатын. Сондықтан, осы жолды таңдадым. Мақсатыма жету үшін көп іздендім, білім алдым, тайқыған жоқпын. Жұмысым өзіме ұнайды, – дейді ол.
Бұл жұмыстың да қиын тұстары бар. Психикалық, физикалық, интеллектуалдық жағынан мықты болуы талап етеді. Шындығында, олай емес. Машинист – үнемі ой үстінде. Жолды, өзі жүргізіп келе жатқан техниканың жай-күйін, аман-есен жетуін үнемі уайымдап отырады.
Мәселен, машинистің алдында ток күшін көбейтіп, азайтатын тетік, тежегіш және пойыздың толық жағдайын көрсетіп тұратын көптеген датчик пен экран бар. Кейде теміржолға адам шығып қалуы кәдік. Арасында мал, жан-жануар кездеседі. Сондайда жылдам шешім қабылдауы тиіс. Кездескен тіршілік иесі де, пойыз да жапа шекпеуі маңызды.
Жүк пойыздың орташа есеппен ұзындығы – 800 метр болса, жолаушылар пойызының ұзындығы жүк пойызынан қысқа. Жүк пойызында тежегіштің жүйесі ауаға тәуелді болса, жолаушылар пойызында тоқ пен байланысты. Осы жағынан пойыз түрлерінің тежегіш жолының қызметі де әр түрлі. Бірі – қиындау, бірі жеңілдеу келеді.
– Бізде 1500-ге жуық адам жұмыс істейді. Оның көбісі – машинистер мен олардың көмекшілері. Күніне шамамен 50 пойыз – Астанаға, 50 пойыз Ақадырға жүреді. Айдарбек – жас маман. Жан-жақты әрі талапшыл жігіт. Түрлі қоғамдық шараларға да белсенді қатысады, – дейді Қарағанды пайдалану локомотив депосы бастығының орынбасары Асылбек Рамазанов.
Машинистің басты міндеттерінің бірі – өз техникасын қадағалау. Оған аманат ретінде қарап, дұрыс пайдаланып, зақым келтірмей, келесі ауысымдағы әріптесіне дін аман табыстауы керек. Теміржол ешқандай ауа райында тоқтамайды. Техникаға өз мүлкі ретінде көріп, ұқыпты қарауы міндет. Өз араларында «Жолымыз темір болса да, жанымыз – алтын» деген қалыптасқан сөз бар. Өйткені, мұндай жауапкершілігі мол жұмысқа екінің бірі бармайды. Осы себепті, теміржол саласына келетін адам мұны өмірлік таңдауы ретінде сезінеді.
– Қырағы машинист теміржолда жұмыс істейтін басқа да мамандармен тығыз қарым-қатынас жасап, олардың да жұмысын білуге тырысады. Жұмыс ережесі бойынша локомотив бригадасы үнемі білімін толықтырып отырады. Кез келген жағдайда адам өмірін сақтап қалатын, жүкке зақым келтірмейтін – машинистің білімі мен тәжірибесі, – дейді кейіпкеріміз.
Айдарбек жұмыстан тыс уақытта саламатты өмір салтын ұстанатынын айтады. 2020 жылдан бастап бері жүгіріске қатысады. Жарыстарға да қатысып тұрады. Түрлі қашықтықтағы және түрлі жағдайлардағы жүгіру эстафетасында бақ сынапты. Қарқаралыда өткен жүгіру жарысында ауа райы күрт бұзылып, жүгіру қиындаса да, алған бетінен қайтпай мәреге уақытылы жеткен.
Одан бөлек, Француз Ассоцациясы ұйымдастырған 200 шақырымдық веломарафонға қатысып, осы межені 6,5 сағатта жүріп өткен. Қарағанды-Топар-Жартас-Шахтинск-Шахан-Саран бағытында жүріп барып, осы жолмен кері қайту үшін де күш-жігер керек-ау! Кейін осы жарыстың нәтижесі ретінде Парижден «Бренд» марафонының арнайы медалін иеленіпті.
Бүгінде Айдарбек кәсіби байқауларға белсенді қатысып, бірнеше мәрте жүлдегер атанған. Марапаттарының қатарында «Үздік жас маман» және «Үздік машинистің көмекшісі» атағы бар.
Осындай жұмысын сүйетін мамандардың арқасында Қазақстан теміржолы алға жылжуда. Оның еңбек жолы – өз ісіне адалдықтың, кәсіпке деген жауапкершіліктің және үздіксіз дамуға ұмтылыстың жарқын үлгісі.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет кейіпкер мұрағатынан