Жаңалықтар

Жолы дара бауырым

Сурет автордан

Ол құранға жүйрік болатын. Сауатты, әрі өте жылдам оқитын. 40-45 секундта бір бетін еңсеретін.
Ол маған: – «Кәһф» сүресін жаттаудың жеңіл жолы – аптасына бір рет (әдетте жұма күні) басынын аяғына дейін толық (бір жүз он аят, он екі бет) оқып отырсаңыз, бір жылда-ақ (елу екі аптада елу екі рет оқысаңыз) жаттап аласыз, – деуші еді.
Ол Құранды жүрекпен оқитын, уағызды жүрекпен айтатын. Қарағандыға жолым түссе, онымен жүздесіп, сұхбаттасуға, уағыз-насихаттарын тыңдауға тырысатынмын. Меніңше, оның білімінің, түсінігі мен ақыл-парасатының деңгейі біз танығаннан әлдеқайда жоғары болатын. Алланың қалауымен ананың сүтімен, әкенің қанымен, білім мен тәлім-тәрбиемен бойына біткен жақсы қасиеттерін жалпақ жасырып ұстаған сияқты. Бәлкім, «мен-мен» деген мына жалған дүниеде пенделік пен рия­дан сақтанудың сара жолы осы болар?!.
Бір жүздескенімізде ол маған мына бір басынан өткен оқиғаны баяндап еді. Жігіт шағында (1996 жылы) білім алуды Мысырдағы Әл-Азхар университетінде жалғастыруға бел буып, бас мүфти Ратбек Нысанбайұлы хазіретке барып, өтініш жазады. Хазірет оның бұл шешімін құптамайды да, өз бұйрығымен Жәйрем кентінің мешітіне бас имам етіп тағайындайды. «Мысыр» деп аттанып, амалсыздан аттың басын ауылға кері бұрған ол Ратбек хазіретке кәдімгідей қапаланып қайтады…
Ол осы оқиғаны ширек ғасырға жуық уақыт өткен соң (2020 жылы) еске ала отырып: – Хазіреттің мені Мысырға не себепті жібермегенін кейін түсіндім. Алғашқы жылдары барғандардың ішінде теріс ағымдарға түсіп кеткендері болды. Ол мені «жоғалтқысы» келмеген екен. Хазіреттің сол шешімі дұрыс болды. Мен ұстазға разымын, – деді.
Көп уағыт өткен жоқ. Мен Ратбек хазіретпен екеуара сұхбаттасып отырып, Дархан бауырымның оқиғасын есіне салып, оның разылығын жеткіздім. Бүгіндері Дархан Асылтайұлының Қарағанды облысының наиб-имамы екенін, үлкен ұстаз дәрежесіне көтерілгенін айттым. Ратбек хазірет қатты қуанды: «Бұл – менің еңбегімнің жанғаны!» – деп жүзі нұрланып кетті. Мен дереу Дархан бауырыма телефон шалып, мән-жайды қысқаша түсіндіріп, телефонды хазіретке ұстаттым. Екеуі тамаша әңгімелесті. Шәкірті ағынан жарылып алғысын айтты, ұстазы разы болып, батасын берді!
Ратбек хазірет бас мүфти қызметін Әбсаттар Дербісәлі ұстазға тапсырарда мұсылмандар қауымдастығының құрылтайы шақырылады. Осы құрылтайда Ратбек хазірет қасиетті Құранды өзі таңдап, Дархан Асылтайұлына оқытады. Кейіндері Әбсаттар хазірет те бірнеше үлкен жиындарда Құран оқуды Дархан ұстазға сеніп тапсырады.
«Ұлық болсаң, кішік бол» демекші, Дархан ұстаз бірнеше рет дүйім жұрттың алдында өзінің жолын маған беріп, құран оқуымды өтінді. Бірақ мен бірде – бір рет бұл ұсынысын қабыл алмадым. Себебі, оның қасиетті Құран туралы білімі мен оқу шеберлігі менікінен әлдеқайда жоғары еді.
Дархан бауырымыздың мына дүниеде өзінің көгілдір аспаны, дара жолы, әдемі әлемі болды. Оның дара да тура жолы мен әдемі әлемі айналасына, өскелең ұрпаққа өнеге, бағыт-бағдар беруші нысана болмақ.
Қазақтың ақиық ақыны Мұқағалида мынандай өлең жолдары бар:
«Енді бір өмір сүрсем жиырма жыл.
Жиырма жыл. Шынымен қиын ба
бұл?
Онда жетер, қимаса жиырмасын.
Тек жүректен атылсын құйын,
дауыл.
Сексен жасап, сегіз сөз
қалдырмаған
Әлдекімнің өмірі бұйырмасын!»

Қазақтың жеті бірдей ханына кеңесші болған абыз Бұқар жырау:
«Жақсының аты өлмейді.
Ғалымның хаты өлмейді», – деп пе еді.
Дархан бауырымыздан артына өлмейтін хаты, салихалы сөзі, берген білімі, имани әдебі мен өнегесі қалды. Ол да мына жалғандағы жақсылардың бірі еді. Ендеше аты өлмейді!
Дархан бауырымыздың қабірі жәннаттың бақшасы, мәңгілік мекені фирдаус жәннаты болсын!

Бағдат ТЕЛТАЕВ,
техника ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы
Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым
академиясының академигі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button