Жолкен аға жадымда
Мен 1952 жылдың 7 қаңтарында қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының Ленин атындағы ұжымшарында (қазіргі Ақтау ауылдық округінде) дүниеге келіппін. Бұл жерлер патша заманында Ақмола уезі Асанқайғы болысының аумағына кіріп, мұнда Арғын – Қуандық руы мен қазақ ішіне сіңіп, өсіп-өнген біздің Қырғыз атасының балалары жайлап, мекендепті. Ұзындығы – 20, ені 10 шақырым болатын Ақтаудың сілемдері Жекетау, Қызылтас, Өгізтау, Айдаһарлы, Алшағырдың баурайларындағы кең қоныс, шұрайлы жайылым, бұлақтары мол Хансайы, Жылысай, Отаутас және ағып жатқан Сарысу, Темір өзендері олардың ешқайсына таршылық жасамай, бәріне жеткен екен.

Ата-анам Тәжікей (1898-1982 жылдары) мен Қымқаның (1914-1972 жылдары) шаңырағындағы 8 баланың ең кенжесі болып өмірге келген менің алаңсыз балалық шағым осы өңірде өтті. Осында ес біліп, етек жинап, асыр салып ойнап, өзім қатар құрдастарыммен бірге мектеп бітіріп, азамат атандым.
Марқұм әке-шешем Кеңес өкіметі орнаған кезден бастап, Жаңаарқа ауданында алғаш құрылған Үлгілі ұжымшарында әкей басқарма төрағасы, одан кейінгі Ленин атындағы ұжымшардың бірінші бөлімшесінде шопан болған қарапайым еңбек адамдары еді. Оның 4 бөлімшесі және орталығы Айшырақ ауылы болды. Біздің үй жаз шыға, Исабек базы деген қыстағымыздан жайлауға көшетінбіз. Сол 1950 жылдардағы жағдайдың өзі адам айтқысыз. Бөлімше басында салынып жатқан құрылыс жоқ. Елдің бәрі саман үйлерде тұратын. Бүгінгідей электр жарығын көрмейтінбіз. Үш бөлімшеде бастауыш мектеп, ал 10 жылдық мектеп Айшырақта болды. Соған жан-жақтан барған 40 бала бір бөлмелі интернатында жатып оқитынбыз. Бұл мектептің алғашқы директоры Әбдікәрім Омаров болып, сондағы 200-ден астам балаға Оспан Жәнібеков, Еренғайып Отарбаев, Зейнолла Рүстемов, Төлепбек Құлпейісов, Жапаш Маханов, Әбсалам Тәкешов сияқты мұғалімдер сабақ берді. Ол 1963 жылы аудан орталығындағы В.Ленин атындағы мектептің филиалы болып қайта құрылып, 1964 жылы кеңшар құрылуына байланысты орта мектеп атанып, келесі 1965 жылы оны 15 бала бітіріп шыққан.
Сол 1964 жылы ұжымшарлар ірілендіріліп, олардың орнына кеңшарлар құрыла бастаған мезгілде жайлаудағы біздің үйге Жолкен Әлмағанбетұлы Дүйсенов ат басын тіреді. Астына мінгені – «Газ-69» маркалы «бобик» көлігі. Ол өзі бізбен аталас ағайын және әкейді ертеден білетін, тонның ішкі бауындай араласқан адам екен. Тіпті, 1930 жылдардағы ашаршылық уақытында әке-шешесінен жетім қалған осы Жолкен ағатайымыз бен інісі Жолшыбекке әкей марқұм қолдан келгенше көп көмектескен көрінеді. Содан 1945 жылы Ұлы Отан соғысынан оралғанда бір соққан екен. Оның бұл жолғы келісі сәлем беріп, болашақ кеңшар жайын ақылдасу екенін ескертті өзі. Оған әке-шешем де қатты қуанып, қойын сойып, қол қусырып күтіп, біраз әңгіменің басы қайырылды. Ал, 2 күннен кейін қайтып келгенде, Жолкен ағамыз кеңшар орталығын біздің қыстақтың түбіндегі Ақтөбеге орналастырып, атын «Ақтау» қоятынын, біздің қыстақта үш жаңа үй мен баз салдыратынын айтып кетті.
Бала да болсам, сөйлеген сөзі мен отырыс-тұрысынан оның істің адамы, өмір көріп, шыңдалған басшы екені байқалып тұрды. Кейіннен өмірбаянына қаныққанымдай, 1925 жылы жоғарыда айтылған Асанқайғы болысында туып, жетімдік тақсіретін тартқан ол он сегізінде Отан қорғауға аттанып, I дәрежелі «Отан соғысы» ордені мен Бас қолбасшы И.Сталиннің Алғыс хатын, бірнеше жауынгерлік медаль алып, аман-сау елге оралады. От пен оқтың ортасынан келген майдангер жігіт бірден қызметке араласып, Атасу, Талдыбұлақ ауылдық кеңестерінің хатшысы (1946-1953 жылдары) болып, Жаңаарқа аудандық жоспарлау комиссиясын (1953-1956 жылдары) басқарады. Бұл елімізде 1954 жылдан бастап, тың жерлерді игеру кезеңі еді. Бірыңғай мал өсірумен айналысатын Жаңаарқа ауданында да бұл науқан қарқын алып, 1956 жылы Жолкен Әлмағанбетұлы Карл Маркс атындағы ұжымшардың басқарма төрағалығына сайланып, ол бұл қызметті 1962 жылға дейін мінсіз атқарады. Сол 6 жылдың ішінде ол ұжымшардағы 7 мың қойды 33 мың басқа, 100 жылқыны 2 мың басқа жеткізіп, түйе түлігінің санын өсіруге, ел-жұрттың әл-ауқатын арттыруға көп күш салып, жаңадан құрылған «Жеңіс» кеңшары партия ұйымының хатшысы (1962-1964 жылдары) болып сайланады. Онда да өзіне жүктелген міндетті абыроймен орындап, енді біздің аймақта кеңшар құрып, басқаруға жіберілген шағы.
Айтқандай-ақ, Жолкен ағамыз сөзінде тұрды. Сол жазда біздің қыстаққа салып берген үш жаңа үй мен базды көріп, қатты риза болдық. Ол – ол ма, жаңадан құрылған «Ақтау» кеңшарына жан-жақтан білікті мамандар ағылып келіп, Орталық пен бөлімшелерде тұрғын үйлер, клуб, аурухана, кітапхана салынып, электр, телефон желілері тартылып, жолдар жөнделіп, халықтың жағдайы да жақсарып, түзеліп қалды. Аз ғана жылда Ақтауымыз кішігірім қалашыққа айналды. Шаруашылықта немере ағаларым Ұзақбай Оспанов, Қыдырбай Төлеуов, Есенжол Әбітов, өз ағаларым Аманжол мен Жанжол, тағы басқалары еңбегімен озат атанып, елге танылды.
«Ақтау» кеңшарында Дүйсенов директор болған 10 жылда (1964-1974 жылдары) мал және егін шаруашылығы қатар өркендеп, біз үшін басты қуаныш жаңа ғимаратқа көшкен мектебіміздің орта білім ошағына айналуы десек керек. Онда барлық керек-жарағы сай, балаларға қолайлы интернат үйі де ашылды. Мектебімізде көптеген үйірмелер мен оқу комбинаты ашылып, оқушылардың жан-жақты дамуы мен тракторшы-комбайншы, жүргізуші мамандығын алып шығуына мүмкіндік туды.
Мен осында Жолкен ағамыздың қызы Гүлнармен бір сыныпта оқып, 1969 жылы оны ойдағыдай аяқтадым. Әлі күнге Гүлнармен хабар үзбей, байланысып, араласып тұрамын. Маған сабақ берген ұстаздарымның ішінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Өмір Кәріпұлы мен дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Амангелді Әбжановтың орындары бөлек. Бірі мені әдебиет пен өнерге, өмірдің мәніне үйретсе, екіншісі спортпен айналысуға баулыды. Әлі күнге көзі тірі сынып жетекшіміз Әнипа Бекхожинаның берген тәлім-тәрбиесі естен кетпейді. Бұл білім ордасынан бізден кейін де қаншама елге белгілі тұлғалар түлеп ұшты.
«Ақтауды» он жыл алға сүйреген Жолкен ағамыз бұдан соң 15 жыл Жаңаарқа аудандық жол пайдалану мекемесіне басшылық етіп, зейнет демалысына шықты. Бірақ аяулы Қамар жеңгеміз екеуі тірлігінде әке-шешемізбен қатты араласып, сыйласып, туыстық байланыстарын бір үзбеді. Олар қайтыс болғанда, арнайы келіп, жаназасына қатысып, өз қолымен топырақ та салған.
Ал, мен мектеп бітіргеннен кейін 3 жыл әскери-теңіз флотында әскер қатарында болып, Қарағандыда жоғары оқу орнына түсіп, көбіне елден сырт жүрдім. Дегенмен әлпештеп өсірген ата-анама, туған ауылыма барып тұруды естен шығарған емеспін. Сонда жиын-тойларда жұртшылық Жолкен ағамызды жиі еске алып, оның елге, жерге сіңірген еңбегін әрдайым айтып отыратын. Амал нешік, ол 2002 жылы өмірден озды.
Енді биыл сол өз қолымен құрған «Ақтауының» алпыс жылдығы тойланатын тұста Жолкен ағамыздың аты алдымен аталып, ардақталуы тиіс деп ойлаймын. Өйткені, «Жақсының аты, әлімнің хаты өлмейді» дегендей, оның есімі мен аруағына лайықты құрмет көрсетілуі керек. Өкініштісі, оның өмірбаяны мен суреті «Жаңаарқа» энциклопедиясы мен «Толағай – тектілер мекені» кітаптарына енгізіліп, аудан орталығы Атасу кентінде бір көшенің аты берілгенімен, бір кезде өз қолымен құрған «Ақтауында» оны есте қалдырарлықтай бір белгі жоқ. Бұл айтқаным аста-төк той жасағалы жатқан ақтаулық жерлестерімнің құлағына да жетсе деймін.Олар осы биылғы кеңшардың мерейтойы жылында оның тұңғыш қазығын қағып, директоры болып, оны он жыл бойы өркендеткен Жолкен Дүйсеновтің атына округ аумағынан бір көшенің атын берсе, болмаса кезінде өзі тұрған үйге ескерткіш тақта орнатса, жөн болады деп санаймын. Біле білгенге, егер ол болмағанда, Ақтауымыз бүгінгідей дәрежеге жетпес еді. Ал, арада қанша жыл өтсе де, Жолкен ағамның жарқын бейнесі менің мәңгі жадымда.
Дүйсенбай ТӘЖІКЕЕВ,
Қазақстан Республикасының спорт шебері және еңбек сіңірген жаттықтырушысы.