«Жолдың жайын жүрген білер»
«Автокөлік жолдарының құрылысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақытылы және сапалы жасалмайды. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауапқа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек».
Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ.
Елдімекен арасын жалғап жатқан күре жолдың жайын жүрген білер. Бейнетін де тартатын, зейнетін де көретін – жолаушылар. Бірақ, әлеуметтік желіге кіре қалсаңыз жол, жол сапасы жайлы жарытып жарым сөз айтатындар ілуде біреу. Мәселен, талай жылдан бері жөндеу жұмыстары жүріп жатқан «Қарағанды-Балқаш» күре жолы. Мына жақтағы «Қарағанды-Қарқаралы» тасжолы. Одан қала берді «Қарағанды-Жезқазған» бағытындағы жолдың жыры да қосылады. Қазір барлық бағыт бойынша жол жөндеу жұмыстары үзіліссіз жүріп жатыр. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов өңірдегі жолдардың сапасын бес балдық жүйе бойынша үшке бағалады. Осы тұста сіздің де, біздің де тараптан сан сауал туындайтыны анық. Орынды-ақ. Біз сізге өңірдегі күре жолдың жайын жайып салайық. Бағасын өзіңіз берерсіз…
Аймақта 3000 шақырым жол жөндеуді қажет етеді
Аймақта жалпы ұзындығы 9332 шақырым жол бар. Оның 1825 шақырымы – республикалық маңызы бар жол болса, 4775 шақырымы – облыстық, ауданаралық жолдар. Бүгінде оның 3000 шақырымына жөндеу жұмыстары қажет. Солардың бірі – «Қарағанды-Қарқаралы» бағытындағы тасжолы. Басқарма басшысы аталған бағыттағы тасжолға халық тарапынан сын көп айтылатынын да жасырмады.
– «Қарағанды-Қарқаралы» бағытындағы тасжолы бойынша сын көп. Негізі, бұл – республикалық маңызы бар автожол. Десе де, барлық сұрақ пен мәселе облыс басшылығына, содан барып «ҚазАвтоЖол» АҚ-ға жетеді. Ия, өңірде жол жөндеу жұмыстарына үлкен қажеттілік бар. Бірақ, біз жөндеу жұмыстарын елдің айтқанымен, немесе біреудің дегенімен жасамаймыз. Арнайы мамандар шақыртылып, комиссия құрылады. Комиссияның шешімімен шамадан тыс зақымдалған тұстары анықталады. Мәселен, өткен жылы «Қарағанды-Қарқаралы» бағытындағы тасжолдың 44 шақырымы жөнделді. Биыл тағы 52 шақырымы жөндеу көреді. Бүгінде жөндеу жұмыстары жалғасып жатыр. Осы мәселеге облыс басшылығы араласып, Көлік министрлігінен толық жөндеу жұмыстарын келесі жылы аяқтауды сұрады, – деді Мақсұт Қожанов.
Екі бағытта үнемі қатынайтын Абай есімді аудан тұрғыны:
– Жөндеу жұмыстары аудан басынан басталған. Қазір Ащысуға жетіп қалды. Шамамен жеті шақырымдай қалған шығар. Ал, әрі қарай, яғни, қалаға дейінгі жол сол баяғыша. Жүк тиелген камаздар жолдың бәрін құртып бітті. Өзім үнемі осы екі ортада жүремін. Бұрынғыдай емес, жол шаршатпайды. Арнайы белгілер қойылған. Тек, ақ сызықты әлі жүргізбепті. Жаңа жол төселгелі жол алшақтығы да қысқарды, – деді.
Сапа сын көтере ме?
Аудан тұрғындарының сөзіне сүйенсек, жолдың жақсарғанын айтады. Бұрынғы шұрық-тесігі көп жолдың қашықтығы қысқарған. Ал, басқарма басшысы өңірдегі жол сапасына «үш» деген баға береді. Бұл туралы өзі:
– Біздің облыс – үлкен. Жолдары да қашық. Сол себепті жол сапасына «үш» деген баға беремін. Сапаны көтеру мақсатында тиісті жұмыстар атқарылуда.
Мәселен, Ақмола облысының (Анар ауылдық округі) шекарасынан Жамбыл облысының (Приозерск) шекарасына дейінгі аралық – 700 шақырымға жуық. Құрылыс объектілерін тексеру үшін осы аралықта үнемі жүремін. Негізі, объективті түрде қарасаңыз, бізде сапалы жолдар көп. Мысалы, Астанаға апаратын төрт жолақты тасжолды айтуға болады. 2000 жылдардың басында екі жолақты жолдың құрылысы басталған-тын. Қазір кеңейді. Сол секілді басқа бағыттағы тасжолдар да қалыпқа келіп қалды, – дейді.
«Қарағанды-Жезқазған»: жөндеу жұмыстары қашан?
Сонау жылдары құрылысы басталған «Қарағанды-Балқаш» төртжолақты автожолының екінші бағыты әлі ашылмады. Жалпы, екінші бағыты бойынша – 360 шақырым. Оның 202 шақырымына асфальттың үстіңгі қабаты төселген. Жақында Ақбастауға дейінгі аралық, яғни, 55 шақырымы ашылыпты. Енді жыл соңына дейін толыққанды пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жол сапасын жолаушылардан сұрау мақсатында үнемі екі ортада қатынап жүретін көлік жүргізушісімен тілдестік.
– Бұрынғыдай емес, жол жақсарды. Бұған дейін айналма жолдар көп еді. Қазір бәрін алып тастады. Енді жыл соңына дейін төрт жолақты тасжолды толық пайдалануға берсе екен. Соңғы кездері жол апаты жиі орын алып кетті. Жол бойы тәртіп сақшылары қарауылдайды. Тиісті жол белгілері де қажетті жерге қойылған. «Сақтансаң, сақтайды» дейді. Жылдамдықты шектен тыс асырмай, қауіпсіздік ережелерін сақтап жүрген абзал. Жол апатының бәрі осы қағидаларды ескермегендіктен болған жағдайлар деп ойлаймын, – деді Ерқанат есімді көлік жүргізушісі.
Дәл осындай төрт жолақты тасжол «Қарағанды-Жезқазған» бағытына да салынады. Қос шаһардың арасы 513 шақырым. Оның 158 шақырымы – Қарағанды облысының аумағына кіреді. Басқарма басшысы алдағы уақытта осы тасжолға жөндеу жұмыстары жүргізілетінін баса айтты.
– Қазіргі уақытта «Қарағанды-Жезқазған» төртжолақты автожолының жобасы әзірленуде. Біздің шекараға, яғни, құзіретімізге кіретін жол Жаңаарқаға дейінгі жетер-жетпес аралық. Қазір Қарағандыдан әрі қарай 40 шақырым жолды жөндеу жұмыстары күтіп тұр. Сметалық құжаттары әзір. Ал, жыл соңына дейін толық төртжолақты тасжолдың сметалық құжаттары дайын болады. Содан кейін конкурс өтіп, жөндеу жұмыстары басталады. Автожол екі ауданның шекарасында жатқандықтан жөндеу жұмыстары екі қаладан бірдей басталады, – деді.
Діттеген жерге жетудің тиімді жолы жасалуда. Мәселе біртіндеп шешілуде. Ал, оның қызығын да көретін, сапасына да баға беретін – өзіңіз!
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz