Жолды Қоғамдық кеңес қадағалайды
Жақында өткен Қарқаралы аудандық Қоғамдық кеңесінің отырысында бірнеше мәселе талқыланды. Негізгі проблеманың бірі жолдың жайы болғандықтан, отырысқа арнайы шақырылған «Қазавтожол» мекемесінің пайдалану және жол қозғалысы қауіпсіздігібөлімінің басшысы Әлібек Аманжолов пен «Қарағанды жолдары» мекемесінің басшысы Мәди Дадиев те қатысты.
Шынында да, аудандағы жолдардың басқа мәселесін айтпағанда, кейінгі уақытта Қарағанды – Қарқаралы республикалық жолымен ауыр машиналар, ондаған тонна қиыршық тас тиелген жүк көліктері жиі қатынағанын білеміз. Солар былтыр ғана жөнделген жолды қайтадан баяғы ойдым-шойдым қалпына түсірмей ме деген алаңдаушылық бәрімізде де бар.
Сөйтсек, лауазымды тұлғалардың айтуынша, қиыршық тас Ақжол ауылына апаратын жолды жөндеуге тасымалданған екен және ол кезде қыс айы болғандықтан жердің тоңы қалың, жолға залал келе қоймайды-мыс. Ал қазір тасымалдау жұмыстары тоқтатылған.
Дегенмен, Қарағанды бағытындағы 110-шы мен 163-ші шақырымдар арасындағы биыл жөнделетін елу шақырымнан астам аралыққа материалдар әлі де тасымалдануда. Яғни, бұл дегеніңіз былтыр жөндеу жұмыстары аяқталған жерден Ащысуға дейінгі жер. Материалдар жеткізілмесе, жол жөнделмейді. Сондықтан бұл мәселеге көпшілік түсіністікпен қарағаны абзал.
Сайлау Әлиұлы бастаған Қоғамдық кеңес мүшелері жол мамандарына барлық жол жөндеужұмыстарының барысы жіті бақылауда болатынын ескертті.
Қоғамдық кеңестің отырысында, сонымен қатар, аудан әкімінің орынбасары С. Ахмединнің көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары туралы, Қарқаралы қаласының әкімі А. Рахымбергеновтің қала мерейтойын атап өту, қаладағы сәулет жоспары, тарихи ескерткіштерді қорғау, қаланың ауызсу, кәріз жүйесі, жылу, абаттандыру мәселелерітуралы мәлімдемелері және М.Әдекенов атындағы Қарқаралы ауыл шаруашылығы колледжінің директоры С. Оспановтың мамандарды даярлау бойынша есебі тыңдалды.
Бұдан бөлек, отырыста Нұркен, Қайнарбұлақ, Қаракөл, Угар, Қаршығалы және Тегісшілдік ауылдық округтерінің әкімдері су тасқынының алдын алу бойынша әзірліктерін баяндады.
Кеңес отырысының қорытындысында барлыққаралған мәселелер бойынша ұсыныстар айтылып, ортақ шешімдер қабылданды.
Болатбек ӘШІМҰЛЫ
Қарқаралы ауданы