Ресми

Жолдаудың басты бағыттарын талқылады

AMANAT партиясының Қарағанды облыстық филиалы жанындағы «TALQYLAU» диалог алаңында кезекті отырыс өтті. Жолдауды қолдауға арналған жиынға облыстық мәслихат депутаттары, тарихшылар, қоғам белсенділері, облыстық әкімдікке қарасты басқарма басшылары, студенттер қатысты.

– Президенттің бұл жолғы Жолдауының ерекшелігі кез келген кезде халықтың үніне құлақ асатын Үкімет екендігімізді тағы бір мәрте көрсете білді. Біз тіршілік етіп жатқан сәтімізде «неден күш аламыз, неден нәр аламыз?» дегенді үнемі ойда ұстауымыз керек. Егер жұтқан ауа, ішкен суымыз таза болмаса, қуат беретін азық-түлігіміз сапасыз болса, қиыншылық туындары сөзсіз. Тіршіліктің көзі суға байланысты жақсы ойлар айтылды. Электр энергетикасы саласында тапшылықты болдырмау мақсатында АЭС салу жөніндегі пікірді жалпыхалықтық референдум арқылы шешу керектігін айтты. Осының бәрі жаңа министрліктерді құруға себеп болды. Бұл – уақыт талабы, – деді AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Бекзат Алтынбеков.

Жиында бүгінгі таңда атқарылып жатқан істер де сараланды. Арнайы келіп, жастарға өз ойын жеткізген Қарағанды университетінің ұстазы, профессор, тарихшы Нұрсахан ­Ахметқызы: – Әділетті Қазақстанның ал­да­ғы уақытта қалай дамуының басты бағыттары Президентіміздің Жолдауында жан-жақты талданып, баяндалды. Бәсекеге қабілетті ел болу үшін саяси реформамен шектелмей, әлеуметтік экономикалық реформаларды іске асыру бүгінгі Қазақстанның басты мақсаты екенін нақтылап, дәлелдеп көрсетіп берді. Сонымен қатар, өнеркәсіптің өңдеу саласына ерекше көңіл бөліп, креативтік индустрияны дамыту жолындағы кедергілерді жою, осы саланы қорғауды, құқықтық жолдарын жетілдіру арқылы оның маңыздылығын жете түсіндіруі ұтымды болды. Президент өзінің сайлау алдындағы бағдарламасында халықтың ой-пікірімен санасу биліктегілердің басты міндеті деген ұстанымына берік екенін осы Жолдауында тағы көрсетті.

Қарапайым адам ретінде маған Президентіміздің елге шетелден қайтарылған активтердің ашық болуы және мемлекеттік қорларды біріктіру туралы ұстанымы ұнады. Жолдаудағы ерекше қолдау табатын бағыттардың бірі – ауыл шаруашылығы туралы мәселелер. Соның ішінде, өнім өңдеу, оның жұмысын ынталандыру арқылы мол табыс табу, соның нәтижесінде ішкі өнімді көбейте отырып, экспортты нығайту. Ол үшін мемлекет тарапынан ауыл-аймақтағы бизнесті қолдау, ұсақ шаруашылықтарды біріктіру мәселесін шешуді атап көрсетумен қатар, өнім өткізу саясатын дұрыстау арқылы шетелге шығару керек дегені өте орынды. Бұндай саясаттың тарихи өзегі – биыл құрылғанына 175 жыл толып отырған атақты Қоянды жәрмеңкесі. Ол заманда мал өнімдерін тауар ретінде сату, айырбастау барысында ұтылумен қатар мол пайда табудың мектебінің тарихи тағылымы мол еді. Олай болса, тарихтан сабақ алудың да бір мысалы осы Жолдаудан көрінді, – деп атап өтті.

Сонымен қатар, «TALQYLAU» диалог алаңында сөз сөйлеген «Сенімен болашақ» бірлестігінің Қарағанды облыстық филиалының басшысы Индира Тоқмурзина: «Жолдау – біз үшін стратегиялық құжат. Жолдаудың жүзеге асуына, орындалуына бәріміз, халық болып жауаптымыз. Мемлекет басшысының қоғамдық сананы өзгерту керек дегені құптарлық. Өйткені, ортақ мүддеге жұмылуымыз тікелей қоғамның санасына байланысты.

«Әділетті Қазақстан ­және Адал азамат ұғымдары егіз құндылық ретінде әрдайым қатар жүруге тиіс» деді Президент. Олай болса, азамат адал болғанда, біздің мемлекетімізде әділеттілік орнайды», – деді.
Жиында студенттер аға буыннан өз сұрақтарына тұщымды жауап алды.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button