Жолдаудан көп ой түйдік
Теміртау қаласындағы Тоқтар Әубәкіров атындағы гимназияның педагогикалық ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған Жолдауын құлақ қоя тыңдап, қызу талқылады.
Бұл Жолдау еліміздің барлық азаматтарының мүдделерін қорғауымен ықыласымызды туғызды.
Сөзінің басында Қасым-Жомарт Кемелұлы әдеттегідей қол жеткен жетістіктеріміз туралы айтты. Атап айтқанда, “Соңғы 5 жылда ауқымды реформалар жасалды. Еліміздің саяси жүйесі түбегейлі өзгерді. Жұрттың сана-сезімінде бетбұрыс болып жатыр. Халықтың құқықтық мәдениеті артып келеді.
Азаматтардың бойында жаңа әдеттер, дағдылар қалыптасып, жаңа құндылықтар орнығуда. Саяси және қоғамдық болмысымыз, менталитетіміз және мәдени кодымыз өзгере бастады. Бір сөзбен айтқанда, Әділетті Қазақстан құрылып жатыр. Мұның бәрі, ең алдымен, халықтың қолдауымен жасалуда” деп, Мемлекет басшысы одан әрі жаңаруымыздың жолдарын айқындап берді.
“Біз дамудың жаңа бағдарын белгіледік. Экономиканы әртараптандыру ісіне тың серпін бердік. Инфляция баяулады, яғни былтырғы ең жоғарғы деңгейден 2,5 есе төмендеді. Еліміздің халықаралық резерві 100 миллиард доллардан асты. Өңдеу өнеркәсібі тау-кен саласымен салыстырғанда жылдам өсіп жатыр. Біз осы қарқынды жоғалтпауымыз керек. Бұған дейін жасалған қолайлы жағдайды тиімді пайдаланып, жаңа инвестициялық кезеңді бастауымыз керек” деді Президент.
Бұл міндеттерді іске асыру әрқайсымыз үшін маңызды. Өйткені Жолдауда “Тұрақты әлеуметтік-экономикалық өрлеуді қамтамасыз ету, азаматтардың жасампаздық әлеуетін толық ашу және халықтың әл-ауқатын арттыру – мемлекеттің маңызды міндеті” делінген.
Өз кезегінде,біздің “Тоқтар Әубәкіров атындағы гимназия” ЖМ педагогикалық ұжымы да Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында айтылған басымдықтар мен міндеттерді жүзеге асыруға бар күш-жігерін жұмсайды.
Сергей УРЫВАЕВ,
“Тоқтар Әубәкіров атындағы гимназия” ЖМ директоры,
Теміртау қалалық мәслихатының депутаты