Жолдау – баяндама емес, бағдарлама
Кез келген стратегиялық бағыт атаулысы – уақыт сынынан сүрінбей өтетін, өркениет көшінен қалыс қалмайтын мемлекеттің берік іргетасы. Осы орайда Қарағанды тек өнеркәсіп ошағы ғана емес, білім мен технологияның, парасат пен прогрестің тоғысқан ордасы екендігін естен шығармақ жоқ. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты биылғы Жолдауына арналған алқалы жиын өтті. Сабақтайық…

Қарағанды қазынасы
Атап айтқанда, цифрландыру мен жасанды интеллектіні айналымға енгізу, әлеуметтік тұрақтылықты нығайту және өзге де өзекті мәселелер көтерілді онда. Келелі кездесуге мемлекеттік органдар басшылары, депутаттар, ардагерлер, құрметті азаматтар және қоғам қайраткерлері қатысты. Қалалар мен аудандар басшылары онлайн режимінде қосылды. Маңызды мақсат – Жолдауда айқындалған міндеттерді облыс аумағында оңтайлы жүзеге асыру жолдарын талқылау.
Жиын барысында сөз алған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президенттің «Бүгінгі дәуірдегі біздің басты байлығымыз – мұнай емес, білім мен интеллект» деген сөзін негізге ала отырып, Қарағандының ежелден білікті кадрларымен, мықты білім беру әлеуетімен танылғанын тілге тиек етті. Өңір басшысы: «Ғылымға, өнеркәсіпке, медицинаға өлшеусіз үлес қосқан мамандарды даярлаған өңір бүгін, заман талабына сай, алгоритммен, жасанды интеллектпен жұмыс істейтін кадрлар тәрбиелеуі керек», – деп баса белгілеп айтты. Мұнымен бірге, аймақ басшысы «Қарағанды өңірі болашақ Қазақстанның зертханасына айналуы тиіс. Мұнда дәстүрлі өндіріс пен жаңа технология, ауыр өнеркәсіп пен жасанды интеллект тоғысуы қажет. Сонда ғана біздің белсенділігіміз бен бастамашылдығымыз тек өңірдің ғана емес, тұтас елдің даму қарқынына әсер етеді», – деп атап өтті.
Басқосу барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Азамат Тайжанов тұрғын үй-коммуналдық және көлік инфрақұрылымын кешенді жаңғырту мәселелері бойынша сөз сөйледі. Ол заманауи технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу аталған сала жұмысын жандандыруға мүмкіндік беретінін алға тартты. Ал, инвестиция, туризм, кәсіпкерлік және өңдеу өнеркәсібіне қатысты өңірде атқарылып жатқан жұмыс барысын облысы әкімінің әлеуметтік-экономикалық даму бағытына жауапты орынбасары Ермек Алпысов баяндады.
Оның айтуынша, қазіргі таңда облыста 120 инвестициялық жоба қолға алынған. Соның арқасында 20 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Жиынға қатысқан сарапшылардың айтуынша, бұл аймақ дамуына жаңа серпін береді.
Демек, орталық облыс еліміздің экономикалық алға басуында көшбасшы өңірлердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеп отыр. Бүгінде біз өңдеу өнеркәсібіне инвестиция тарта отырып, экономиканы жүйелі түрде жаңғыртып келеміз. Бұл бағыттағы жұмыстар нақты нәтижесін беруде. Мәселен, былтыр өңірде экономикалық өсім 8,8%-ды құрады. Ал, биылғы жеті айдың қорытындысы бұдан да жоғары. Бұл – бүкіл республика бойынша жоғары көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар, экономикаға құйылған инвестиция көлемі жыл басынан бері 10%-ға артқан. Сандар – нақты жұмыстың айғағы. Өткен жылдың өзінде өңірде 30-дан астам жаңа өндіріс іске қосылды. Қарағандының инвестициялық тартымдылығын арттыруда «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағының да орны ерекше. Елдегі ең ірі арнайы экономикалық аймақ шетелдік және отандық инвесторларға тиімді экожүйе ұсынуда. Мұнда бизнес үшін барлық жағдай жасалған. Инфрақұрылым, салықтық жеңілдіктер, қолдау тетіктері барлығы инвесторлардың мүддесіне сай. Инвестиция тарту, инновацияны енгізу және адами капиталды дамыту тегінде экономикалық көрсеткіштерді жақсартып қана қоймай, өңір тұрғындары үшін жаңа мүмкіндіктер мен ұзақ мерзімді өсімге жол ашады.
Ұлттық серпілістің эпицентрі
Мемлекет басшысы жаһандық тұрақсыздық пен ресурстар үшін күрес күшейіп отырған бүгінгі сындарлы кезеңде еліміздің әрекеті салмақты, ал, ұстанымы жауапты болуға тиіс екенін қадап айтты. Бұл – жай мәлімдеме емес, бұл – нақты іс-қимылға шақыру. Ел алдында тұрған басты міндет – сыртқы сын-қатерлерге жауап ретінде ішкі бірлікті нығайтып, жасампаз еңбекке сүйене отырып, барлық реформаларды сапалы әрі жүйелі түрде жүзеге асыру. Осы жауапты миссияны алға апаруда Қарағанды облысының рөлі айрықша. Елдің индустриялық жүрегі саналатын өңір енді реформалар алаңына, жаңғыру жобаларының алдыңғы шебіне айналуы тиіс. Қарағандыда бұған қажетті барлық алғышарттар бар. Яғни, қуатты өндірістік база, жоғары білікті адами капитал, аграрлық әлеует өңірдің мүмкіндігін еселей түседі.
Ендігі міндет – осы әлеуетті толық іске қосу. Дәстүрлі өндіріс пен озық технологиялар, ауыр өнеркәсіп пен жасанды интеллект өзара тоғысып, жаңа даму формуласы түзілуі тиіс. Мұндай ауқымды өзгерістер тек орталықтың емес, бүкіл елдің қарқынын арттырады. Ұлттық деңгейдегі серпілістің бастауы дейміз мұны бір сөзбен. Ал, соны серпілістің эпицентрі дәл осы Қарағанды болуы қажет. Өйткені, мұнда тек зауыт қазандықтары емес, жаңа идеялар қайнап жатыр. Ендеше, ілгері қадам басатын, бастамашыл, жаңашыл Қарағанды – бүкіл Қазақстанға үлгі болуы тиіс!
Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жолдары жөнінде облыс әкімінің орынбасары Руслан Кенжебеков баяндады. Атап айтқанда, агрохаб құру, ветеринариялық қызметті жетілдіру, өңірдің цифрлық картасын енгізу және су ресурстарын сақтау шаралары кеңінен талқыланды. Ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий «Digital Qazaqstan» ұлттық стратегиясы аясында атқарылып жатқан жұмыспен таныстырды. Сондай-ақ, алдағы 5 жылда «Qarmet» акционерлік қоғамына тиесілі өндірісті жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу және компанияның инвестициялық жобаларын іске асыруға байланысты жоспарымен бөлісті. Кәсіпорынның тұрақты даму жөніндегі басқарушы директоры – Ербол Исмаиловтың айтуынша, межелі мақсатқа 1,6 трлн теңге бөлінеді.
Қазіргі заман – жылдам шешімдер мен батыл бастамалардың уақыты. Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, цифрлық трансформация – тек технологиялық жетістік емес, жаңа даму философиясы. Бірақ сындарлы жолда мықты инфрақұрылымсыз алға басу мүмкін емес. Сондықтан, Қарағанды облысы тұрғын үй-коммуналдық және көлік инфрақұрылымын кешенді жаңғыртуды басым бағыт ретінде айқындады. Ол дегеніміз, жай ғана жол салу немесе құбыр тарту емес. «Ақылды қала» технологияларын енгізу, инфрақұрылымды басқарудың цифрлық платформалары, заманауи көлік жүйелері, жасанды интеллектпен интеграцияланған орта қалыптастыру. Жасанды интеллект дәуірі – қауіп емес, мүмкіндіктер кезеңі. Білім алуға және үнемі өзгеріп отырған әлемге бейімделуге дайын жандар үшін жаңа кеңістіктердің есігі ашылды.
Цифрлық экономиканың өзегі – логистика мен транзит. Өңірдің транзиттік әлеуетін арттыру – стратегиялық міндет. Осы бағытта мультимодальды хаб құру бастамасы қолға алынды. Оның нақты көрінісі – Teеz маркетплейсі базасында іске қосылған заманауи сауда-логистикалық қойма. Жоба жылына 27 миллионға дейін онлайн тапсырысты өңдеуге қауқарлы. Шағын және орта бизнестің қанат жаюы, электронды сауданың дамуына серпін береді. Енді өнім тек өндірілмейді, ол жылдам жеткізіледі, тұтынушыға дейін сандық жолмен жетеді. Тағы бір ауқымды бастама – «Сарыарқа» әуежайын мультимодальды авиациялық хабқа (CargoHUB) айналдыру. Жоталы жоба іске асса, Қарағанды Орталық Қазақстанның ғана емес, халықаралық жүк тасымалының маңызды торабына айналмақ. Аймақ логистикада бәсекеге қабілетті ойыншы болуға дайын екенін айқын аңғартып отыр.
Қарағанды облысында жол инфрақұрылымы кең ауқымда жаңартылып жатыр – республикалық трассалардан бастап, қала мен ауыл жолдарына дейін. Бұл – тек жол ғана емес, елдімекендердің қолжетімділігі, инвестиция мен бизнестің еркін қозғалысы, тұрғындардың өмір сапасын арттыру.
Қоршаған ортаны қорғау, суды үнемдеу, экологиялық мәдениетті қалыптастыру мәселелерін шешу жолдарын облыстық Қоғамдық кеңестің төрағасы Серікжан Байбосынов ұсынды. Баяндамашы «Таза Қазақстан» республикалық жобасының маңыздылығына айрықша тоқтап өтті.
Қарағандының болашағы – тек өндірісте ғана емес. Ең бастысы – табиғатты аялап, ресурстарды ұқыпты пайдалану. Бұл – келешек ұрпақ алдындағы қасиетті борыш. Болашақта Қарағандыны жай ғана индустриялық орталық ретінде емес, экологиясы таза, ауыл шаруашылығы дамыған, заманауи инфрақұрылымы бар, халқы жайлы өмір сүретін аймақ ретінде елестетуіміз керек.
Жауапты аймақ – жаңғырған Қазақстан
Отырыс соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев: «Тұрақты даму – бұл тек экономика мен экология ғана емес, сонымен бірге, мызғымас құқықтық негіз. Мықты мемлекеттің іргетасы – әділетке негізделген заң, парасатты билік және жауапкершілігі жоғары азаматтар. Осының бәрінің түпқазығы – Заң және тәртіп. Олай болса, Президент белгілеген стратегиялық бағыттар бойынша жұмысымызды жүйелеп, нақты қадамдарға көшейік», – деп ойын түйіндеді.
Аймақта қолға алынған инвестициялық жобалар, цифрлық жаңғыру, агроөнеркәсіп пен инфрақұрылымды дамыту барлығы да елдің әл-ауқатын арттырып, жаңа дәуір талаптарына сай болуға бағытталған. Ендігі міндет – басталған істі жүйелі жалғастырып, әрбір салада нақты нәтижеге қол жеткізу. Себебі, тұрақты даму экономикалық өсім ғана емес, әділет үстемдік құрған қоғам, саналы ұрпақ және ортақ жауапкершілікке негізделген азаматтық ұстаным. Ал, мұндай биік мұратқа ұмтылған елдің келешегі кемел болары анық. Мемлекет басшысының халыққа Жолдауы – басалқы бағдар, нақты әрекетке үндейтін, баршамызды ұйыстыратын, болашаққа нық сеніммен қарауға шақыратын үндеу. Өңір алғы күнге дайын.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»