Спорт

«Шахтер» жолдастық кездесуде жеңіске жетті

Қарағандылық «Шахтер» футбол клубының Түркиядағы оқу-жаттығу жиындары жалғасуда. Жерлестер күні кеше оқу-жаттығу жиындары аясында Мажарстанның «Будапешт Гонвед» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 2:0 есебімен жеңіске жетті.

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Бұл ойын – команданың оқу-жаттығу барысындағы бірінші жолдастық кездесуі. Алдағы уақытта жерлестер тағы өткізеді деп жоспарлануда. Дегенмен, қарағандылықтар бірінші ойынды жеңіспен бастап, қарсылас қақпасына екі гол салып үлгерді.

Бірінші голды салған – қорғаушы Роман Божко. 26-минутта әріптесі Владислав Прокопенконың бұрыштамадан ойынға қосқан добын қақпаға бағыттап, есеп ашты. Айта кетейік, 23 жастағы қорғаушы осы маусымда қызылордалық «Қайсар» клубынан ауысып келген болатын. Бүгінде оқу-жаттығу жиындарында көзге түсіп, сәтті өнер көрсетіп келеді.

Ал, екінші голды 58-минутта шабуылшы Артем Литош салды. Қосалқы құрамнан шыққан әріптесі Алан Азаматтың берген пасын қақпаға еш қиындықсыз бағыттап, есепті еселеп кетті. Осылайша жерлестер бірінші жолдастық кездесуді өз пайдаларына шешті.

– Жеңіс – біздің пайдамызға шешілді. Бірақ, біздің басты мақсат қарсыластарды жеңу емес. Керісінше, осы жолдастық кездесуде өзіміздің осал тұстарымызды анықтау еді. Яғни, оқу-жаттығу жиындары барысында сол олқылықтармен жұмыс істеп, жаңа маусымға үлкен күшпен оралу. Десе де, әр ойыншы өзі жіберген қателіктерді түсінді. Енді оқу-жаттығу жиындары барысында сол қателіктерімізбен жұмыс жасаймыз. Әлі бірнеше ойын бар, – деді шабуылшы Артем Литош.

Одан бөлек, ойын барысында шабуылшының гол салатын екі бірдей таза мүмкіндігі болған. Бірақ, ол сол мүмкіндікті дұрыс пайдалана алмады. Өзі бұл жайында:

– Әуелі маған 11 метрлік айып добын орындауды тапсырды. Бірақ, қарсылас қақпашысы менің тепкен добымның бағытын дәл тапты. Екінші мүмкіндік, қақпашымен бірге-бір шығуым еді. Өкінішке қарай, бұл кезде тепкен добым қисық кетті. Алдағы жаңа футбол маусымына үлкен күшпен ораламыз, – деді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button