АймақБас тақырыпҚарағанды

Жолдар мен бизнестегі жасанды интеллект: Қарағанды инновациялар зертханасына айналып келеді

Қарағанды облысында жасанды интеллект технологиялары жолдардағы ақауларды анықтауға, көлік кептелісін азайтуға және қызмет көрсету саласында тиімділікті арттыруға көмектесуде. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

– Біздің өңір IT саласындағы базасы мықты және бұл бағытта нақты нәтижелер көрсетіп келеді. JoLScan атты пилоттық жоба іске қосылды. Ол жедел жәрдем көліктерінің камераларынан алынған деректер арқылы жол жабынындағы ақауларды анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, «Яндекс» компаниясымен бірлесіп «ақылды бағдаршамдар» жүйесін енгіздік – жүргізушілерге бағдаршамның ауысу уақыты туралы ақпарат нақты уақыт режимінде беріледі. Ал ақылды автотұрақ жүйесі бейнебақылау мен жасанды интеллектті біріктіріп, бос орындарды онлайн көрсетеді, – деді аймақ басшысы.

Қарағанды облысының IT-компаниялары стартаптарды сәтті дамытып, инновациялық жобаларды іске асыруда. Солардың бірі дәмханалар мен мейрамханаларға автоматтандырылған бақылау жүйесін жасап, қызмет сапасын арттыруға, қызметкерлерді ынталандыруға және орташа чек көлемін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Жобаға қазірдің өзінде 200 мың доллар көлемінде инвестиция тартылған және ол АҚШ нарығына шығуға дайындалып жатыр.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың сөзінше, өңірлік IT-экожүйе тек инновацияның көзі ғана емес, сонымен қатар нақты салық түсімдерін қамтамасыз ететін салаға айналып отыр. Әр жыл сайын IT-саланың өсімі 35%-дан асады.

– Бұл Елбасының цифрландыруды жеделдету және басқаруда ақылды технологияларды енгізу туралы тапсырмаларына сәйкес келеді. Қарағанды облысы бүгінгі таңда осы міндеттерді іс жүзінде қалай іске асыруға болатынын көрсетіп отыр, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Қарағанды IT-секторының дамуы тек кәсіпкерлікті қолдаумен шектелмей, өңірдің экономикалық тұрақтылығын нығайтып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button