Жолдама – қос қарағандылықта
Оралда тоғызқұмалақтан жастар мен жасөспірімдер арасында ел чемпионаты өткен. Оған елдің түпкір-түпкірінен 400-ден астам спортшы қатысты. Аталған турнирге облыс атынан 23 спортшы бақ сынап, жүлделі орындарға ие болды. Ал, Әділхан Төлегенов пен Мирас Аманжол жарыс қорытындысы бойынша Чехияның Пардубице қаласында өтетін әлем чемпионатына жолдама иеленді.
Тоғызқұмалақ турнирі рапид, блиц және классика санатында өткен. Облыс құрамында өнер көрсеткен спортшылар 15, 17, 19 және 21 жас ерекшеліктеріне қарай осы үш санатта өнер көрсетті. Жарыс қорытындысы бойынша Әділхан Төлегенов 21 жастағы жасөспірімдер арасындағы классика санатында қарсылас шақ келтірмей, жеңіс тұғырынан көрінді. Ал, дәл осы санатта 17 жастағы жасөспірімдер арасында өнер көрсеткен Мирас Аманжол ІІ орын иеленді. Сонымен қатар, рапид аталымы бойынша да бақ сынап, қола жүлдеге қол жеткізді. Қос спортшы енді әлем чемпионатында ел намысын қорғамақ.
Қыздар арасында 21 жас аралығында өткен сайыста теміртаулық Зухра Саидолланың да қанжығасы бос қайтпады. Ол блиц санатында өнер көрсетіп, ІІІ орын иеленді. Тоғызқұмалақтан облыс құрамасының бас жаттықтырушысы Сәуле Қаратай спортшылардың жетістігі жайында өз ойын білдірді.
– Біздің құрама орташа деңгейде ойын үлгісін көрсетті. Біз үміт артқан қыздар да болды. Бірақ, нәтиже біз күткендей болмады. Дегенмен, бәсекелестік өте жоғары. Бір санат бойынша 56-58 үміткерден тіркелген. Қарсыластарымыз күшті. Енді алдағы турнирлерде жақсы өнер көрсетуіміз үшін жаттығуды үзбейміз, – деді ол.
Айта кетейік, 19-25 сәуірде Қарағандыда тоғызқұмалақтан ересектер арасында облыстық чемпионат өтеді.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Сурет облыстың дене шынықтыру және спорт басқармасынан