Бас тақырыпБасты тақырыпСпорт

«Премьер-лигаға қайта оралдық-ау» деп үміттеніп едік…

Жуырда ХХІІ тур аясында «Шахтер» клубы өз алаңында «Жетісайды» қабылдап, 5:0 есебімен жеңіске жетті. Жерлестер өз алаңында ұпай жоғалтпағанымен, лигадағы жағдайы мәз емес. Қысқасы, келер жылы да жерлестер Бірінші лигада доп тебейін деп тұр…

«Шахтер» – «Жетісайға» қарағанда әлдеқайда күшті команда. Құрамы немесе тактикалық тұрғыдан алып қарасаңыз да, лигадағы командалардан бір бәсі жоғары тұр. Әрі осы лиганың басты фовариттері-тін. Әу баста тәп-тәуір ойын көрсетті. Тіпті, ІІ орынға дейін көтерілді. Сол уақытта «Премьер-лигаға қайта оралдық-ау» деп үміттеніп едік. Бірақ, кейінгі тіркелген нәтижелерге қарап қуанышымыз су сепкендей басылды.

Бұл ойын да команда тағдырын шешетін кездесу-тін. Дегенмен, мүмкіндікті мүлт жібермей, кестедегі орынын сақтап қалды. Алғашқы айналымда қарсыластар қақпасына екі доп салынды. Оның өзі қарсыластың өз автоголы. Екінші айналымда Диас Қалыбаев үшінші голды салып, мүмкіндік қалдырмап еді. Шабуылшы Максим Галкин 76-шы және 86-шы минутта дубль тіркеп, ойынның нүктесін қойды.

Қазіргі уақытта жерлестердің қоржынында – 44 ұпай. Осы турдың қорытындысы бойынша IV орында. Ал, Премьер-лигаға алғашқы екі команда ғана өтеді. Қазір ақтаулық «Каспий» 56 ұпаймен – І орынға, павлодарлық «Ертіс» 51 ұпаймен – ІІ орынға шықты. Ал, үшінші сатыда 45 ұпаймен өскемендік «Алтай» клубы тұр. Енді төрт ойыннан кейін бірінші лига ойындары аяқталады. Ал, жерлестердің келесі лигаға өту ықтималдығы – төмен.

Неге дейсіздер ғой?! Жерлестер 25 қыркүйекте сырт алаңда шымкенттің «Оңтүстік академиясымен» кездеседі. Бірінші кездесуде жерлестер өз алаңында қарсыластарын тас-талқан еткен. Бұл жолы сырт алаңда жеңуге қауқарлы. Олай болса, маңызды төрт ойынның біреуінде жеңіп, үш ұпайды қанжығаладық дей беріңіз. Енді келер айда үш ойын өткізеді екен. Оның екеуі – өз алаңында. Әуелі «Таразды» қабылдайды. Өткен жолы жерлестер тараздықтардан айласын асыра алмаған. Осы жолы есе жібермеуі қажет. Сондықтан, жеңіс үшін барын салуы қажет. Жерлестердің өз алаңында өткізген ойындарына көз жүгіртсек, жеңісі басымырақ. Бұл кездесуді дәл осы статистикаға сүйеніп жеңісті жерлестердің еншісіне жазып бердік делік. Сонда қоржында – 6 ұпай. Одан кейін сырт алаңда ақтаулықтармен ойнайды. Бірінші кездесуді өз алаңымызда өткізіп, 2:3 есебімен жеңілгеніміз бар. Сырт алаңда жеңу-жеңбеуіміз екіталай. Әрі көш басында келе жатқан командалар да ұпай жоғалтқысы келмейді. Сондықтан, сырт алаңдағы ойынның тағдырын ойыншыларға қалдырдық. Сәйкесінше, ұпайды да есепке алмаймыз.

Ал, соңғы кездесуде түркістандықтарды өз алаңымызда қабылдаймыз. Бірінші ойында жеңіс біздің жақта болған. Екінші кездесуде де жерлестер есе жібермесі анық. Бұл ойыннан да үш ұпай еншілеріміз һақ. Ал, соңғы төрт ойыннан жинаған ұпайымызды қазіргіге қоссақ, барлығы 53 ұпай болады екен. І орынмен шықпасақ та, Премьер-лигаға ІІ орынмен шығудың өзі бақыт қой. Бірақ, қазірдің өзінде ІІ орында тұрған павлодарлықтардың қоржынында 51 ұпай. Олардың да қалған төрт ойыны бар. Әрі оларды өкшелеп келе жатқан «Алтай» клубы және бар. Сондықтан, павлодарлықтар алып тұрған жолдамасын қарсыластарға беріп қойып қарап отырмайды. Тымқұрығанда үш ойынды жеңуге әрекет жасайды. Ал, қарағандылықтар тағы да ұпай айырмашылығымен тағы қалып қояды.

Айтпақшы, команданың негізгі қақпашысы 36 жастағы Игорь Шацкий «Қайратқа» ауысуы мүмкін деген ақпарат бар. Қақпашы «Шахтермен» келісімшартын үзіп, еркін агент ретінде алматылық клубқа қосылуға дайын. «Қайраттың» негізгі қақпашылары жарақат алғандықтан, команда FIFA мен UEFA ережесіне сәйкес маусым соңына дейін бір еркін агентті тіркей алатын көрінеді. Ал, алматылықтардың көздегені – қарағандылық клубтың қақпашысы екен. Қысқасы, келер маусымда Игорь Шацкий бірінші лигада ойнамайды…

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button