Жолдамаға жақындай түсті
Қазақстан Бірінші лига ойындарының алғашқы 10 айналымы мәресіне жетті. Бұл кезеңде қарағандылық «Шахтер» клубы сырт алаңда түркістандық «Жетісаймен» кездесіп, 2:1 есебімен жеңіске жетті. Осылайша жерлестер турнирлік кестедегі өз орнын айшықтап алды.

Кеншілерге қателік жасауға болмайды. Яғни, ұпай жоғалтпауы керек. Өткендегі өскеменнің «Алтайымен» болған ойындағы қателіктерге бой алдырмау қажет. Сол ойынның бізге сабақ болғаны – жасырын емес.
Дегенмен, бұл ойын да оңайға соқпады. Қарсыластар турнир кестесінде бізден әлдеқайда төмен тұрғанымен, әр ойында кемі бір гол салып жүрген команда. Ал, бір гол – қай команданың болса да, тағдырын шешіп кететіні бар.
Алғашқы минуттан-ақ жерлестер басымдықты қолға алған. Қос қапталдан кезек шабуыл ұйымдастырып, қақпашының осал тұсын аңдыды. Бірақ, қарсыластар біз ойлағандай емес, қорғанысқа мығым. Қақпаға бағытталған соққыларға тосқауыл қойып, допты кері қайтарып тастап отырды.
Ойынның 30-шы минутында жерлестер алаң ортасынан шабуыл бастады. Осы тұста шабуылшы Максим Галкин өзіне асырылған пасқа бірінші жетіп, есеп ашады. Қарсылас қорғаушылары әккі шабуылшыға тосқауыл қоймақ болған-тын. Үлгертпеді. Қақпаның оң жақ жоғарғы бұрышын дәл көздеп, допты қақпаға тоғыта салды.
Бұдан кейін алаң иелерінің ойыны өзгерді. Допқа иелік етіп, басымдыққа ие болды. Шабуыл ұйымдастырып, барынша допты өздерінде ұстады. Сондай бір шабуыл барысында «Шахтер» қорғаушысы Уәлихан Мұхаметжанов өз айып алаңында ереже бұзып, алаң иелеріне пенальти тебуге мүмкіндік береді. Ал, пенальтиді Бекнұр Рысқұл орындап, 39-шы минутта таразы басын қайта теңестірді. Есеп – 1:1. Ойын қайта басынан басталды.
Сөз басында айтқанымыздай, түркістандық клуб – осал емес. Әр ойында бір гол салмай тарқаспайды. 40-шы минутқа дейін жеңіске бір табан жақын тұрған жерлестердің көңілін су сепкендей басты. Ойын жүйесін өзгертіп жіберді. Осындай өзгерістен кейін «Шахтер» бапкері Андрей Финонченко екінші таймда команда ойыншыларын алмастыра бастады. Жартылай қорғаушы Юрий Перцухтың орнына жас ойыншы Марк Холодты алаңға шығарды. Әрі қос шабуылшы Максим Комиков пен Сұлтан Шымырханды алып тастап, алаңға Айдос Таттыбаев пен Арман Нүсіпті ойынға шығарды. Осылайша, ойыншыларды қосып, қарсылас команданың жүйесіне қарсы ойнады.
Бірақ, бас бапкердің үкілеп екінші тайда ойынға қосқан ойыншылары үмітті ақтады. 67-ші минутта жерлестер тағы бір мәрте шабуыл ұйымдастырды. Оң қапталдан әуелете көтерілген допқа алаңға жаңадан қосылған Арман Нүсіп бірінші жетіп, жеңіс голын сыйлады. Осылайша, жерлестер бір гол айырмашылығымен алаң иелерін жеңіп, турнирлік кестеде ІІ орынға жайғасты. Қазіргі уақытта кеншілерде 10 ойынның қорытындысы бойынша 23 ұпай. ІІІ орында – павлодарлық «Ертіс» клубы. Олардың еншісінде 21 ұпай. Ал, 27 ұпаймен ақтаулық «Каспий» клубы – көш басында.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»