Бас тақырып

Жолаушының жолы жеңілдейді

ONAY! электронды төлем жүйесі Қарағандыда 2021 жылдың 1 желтоқсанында іске қосылды. Бүгінде бұл жүйе Саран мен Балқашта, қалааралық маршруттарда сәтті енгізілді. Өткен екі жыл ішінде ONAY! жолаушылардың нақты санын көруге әрі Қарағанды облысындағы ең жиі қолданылатын бағыттарды анықтауға септескен. Теміртау, Шахтинск және Абай қоғамдық көліктерінде төлем тәртібі енгізілгенімен, жол ақысын төлеудің бұл әдісін жолаушылар келер жылдан бастап қолдана алады.

«Алматы қаласының Көлік холдингі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Георгий Когайдың айтуынша, Теміртауға автобустарды жабдықтау үшін екі айға жуық уақыт кетеді.

– Жергілікті автопарктермен алдын ала келісім бар, – деп түсіндірді Георгий Александрович. – Барлығы сегіз тасымалдаушының жартысы негізгі бағыттарда жұмыс істейді. Біз жабдықты әлі 140 автобусқа орнатуымыз керек. Қажетті жабдыққа тапсырыс беріп үлгердік. Тиісті өнім қаңтардың басында келуі керек. Одан кейін жеңілдік карталарын беру басталады. Өйткені, жеті жастан 18 жасқа дейінгі балалар 50% жеңілдікпен жүруі керек. Бұл мәселені жергілікті атқарушы органдар жолаушылар тасымалдаушыларымен бірлесіп реттегені маңызды себебі, оларға өтемақы көзделмеген.

Балқашқа келетін болсақ, онда тұрғындар ендігі электронды билеттің артықшылығын бағалап үлгерген. Ол жерде 10 желтоқсаннан бастап сараланған тариф қолданыла бастайды.

– Балқаштың жергілікті билігінің деректері бойынша, егер бұрын жолаушылар ағыны күніне алты жарым мың адамнан аспаған болса, жүйе енгізілгелі бері екі есе өсім тіркелді. Дифференциалды тариф енгізілгеннен кейін бұл сан тағы артады деген болжам бар.

Жалпы, осы екі жыл ішінде қоғамдық көлік қатынасында едәуір оң өзгеріс белең алған. Автопарктер жаңа автобустар сатып алды. Қоғамдық көліктің желіге шығу жүйелілігі артты. Жаңа маршруттар ашылды.

– ONAY! жүйесі тасымалдаушыларға жолаушылар мен қаражат көлемін нақты анықтауға тың мүмкіндік берді. Бастапқы кезде ONAY! карталарымен тек үш мыңнан астам жолаушы жол ақысын төлейтін еді. Енді жұмыс күндері Қарағандыда күн сайын 290 мыңнан астам транзакция жасалуда. Осындай өсімді облыстық маршруттарда да байқауға болады. Онда сапар саны 15 мыңнан 35 мыңға дейін өсті. Мұнымен қатар, автобустарда жанжал жайттары күрт азайған, – деп мәлімдеді спикер.

Бүгінде өңірде жолаушылар тасымалы қызметі бойынша тоғыз компания бар. Барлығы дерлік 58 бағытқа қызмет көрсетеді. Жол ақысын электрондық төлеу жүйесі 500 қалалық және 122 облыстық автобуста енгізілген.

– Кейбір желілерде автобустардың саны артып, жаңа бағыттар қосылды. Мысалы, №19 маршрутта желіге шығу жоспары қазір 100%-ға орындалады. Ал, №56 маршрутта автобус саны алтыдан 12-ге дейін өсті, – дейді Қарағанды қаласының коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі жолаушылар көлігі секторының меңгерушісі Темірлан Талдыбаев. – Сонымен қатар, биыл «Күнгейде» №20, Үлкен Михайлов аумағында №48 және №63 нөмірлі үш жаңа маршрут қайта жанданды.

ONAY! жүйесі желідегі автобустар саны, уақыты және транзакциялар көлемі туралы ақпарат беру арқылы жолаушылар көлігі бөлімінің қызметкерлерінің жұмысын жеңілдетті. Бұрын қоғамдық көліктің жұмысын бақылау үшін арнайы рейдтер жүргізіп, автобустар мен жолаушыларды қолмен санау керек болатын. Енді барлық процестер автоматтандырылған.

Электрондық төлем жүйесін пайдалану жолаушылар үшін де ыңғайлы. Мобильді қосымшада бір минут ішінде виртуалды картаны тіркеуге және ONAY! жүйесі бар кез келген қалада бірыңғай тариф бойынша жол ақысын төлеуге болады. Сондай-ақ, қосымша арқылы алдын ала автобусты таңдап, жол ақысын төлеуге болады.

Желтоқсан айының басында облыста 432 мыңнан астам ONAY! картасы сатылып, оның 159 мыңға жуығы жеңілдікпен жүретін тұрғындарға берілген.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz 

Басқа материалдар

Back to top button