Бас тақырыпМәселе

Жолаушыдан сауал көп, автопарктен жауап жоқ

Қоғамдық көліктердің ережеге мұрын шүйіріп, ойына келгенін қылып жүргеніне ел куә. Әсіресе, тап қазіргі қоғамның карантин талабына бас ұрған тұсында автобустардың аузы-мұрнынан шығара адам толтырып алып, ызғыта жүйткуі жаға ұстатар жайт емес пе? Бұған, тіпті, «Формула-1» спорттық көлік жүргізушілері де таң қалар еді. Шылбырша шұбатылған мәселенің бұл тек бір ұшы. Осы мәселені май шаммен қарап, кеселдің дауасына кеңірек үңілсек…

«Жеңіл автокөліктердің жолын кес-кестеп, жол-көлік апатын жасаған автобус», «жолаушыларын түсіріп кеткен автобус», «кондукторы сыймай қалған автобус» – әлеуметтік желі осы сынды ақпаратпен жаңғыруда. Бұқара осылайша қоғамдық көліктердің келеңсіздігін айтып зар илеуде. Мұны автопарк қожайындары да, жергілікті билік те жақсы біледі. Жиі қозғалса да шешімі табылмай жүрген мәселенің төркіні неде? Бұл туралы жұртшылықтың ойы сан алуан. Бірі сол автобус жүргізушілері мен кондукторларды кінәласа, енді біреуі «бар кінә автопарк қызметкерлерінде һәм қожайындарында» деп шырылдауда. Тұрғындардың жанайқайы саңыраудың құлағына жетсе де, мәселе күрмеуі әлі шешілмеді.

– Меніңше, бұл мәселе барлық жолаушының көкейінде жүр. Тек көбісі барар жеріне жетіп, шайын ішіп, көңілі жайланысымен болған жайды ұмытып кетеді. Осылайша, бұл оқиға – өзге бір жолаушының басынан өтеді. Көбіне сыпайылығымыз ұстап, әлгіндей оқиғаларды көрсек те көрмегендей болып, «сен тимесең, мен тимен, бадыраң көз», деп отыра береміз. Қазір індеттің өршіп тұрған шағында, талап пен ережені сақтау міндеттелген уақытта автобуста ине шаншар бос орын болмауы дұрыс па? Кондукторлар кейде өздері сыймай қалады. Оның үстіне автобус жүргізушілерінің жеңіл автокөлікпен жарыса жүріп, жолкөлік апатына ұшырағанын көзімізбен талай көріп, куә болдық қой. «Жүргізушілерге жай жүруге болмай ма?» деген бір ауыз сөз айтсаңыз, жүз жауапқа қарық боласыз. Қала берді кондукторы жабылып, өзіңді ит қосып қуып салады, – дейді қала тұрғыны Валентина әжей.

Сөзінің жаны бар. Не десек те қоғамдық көліктердің қызмет көрсету сапасы өте төмен. Жол ережесін сақтамағаны былай тұрсын, қызметтік мәдениеттің өзі түгілі көлеңкесі де жоқ. «Жол азабын жүрген біледі» демекші, жол әуресі жолаушыға аян ғой қашанда. Қоғамдық көлікке күні қарамаған жандар мұны біле бермейді. Сөйте тұра олардың да айтары бар. Майқұдықтан таңертең автокөлікпен жұмысқа келе жатқанда талай көрдік, кептелісте тұрған көліктер арасындағы саңылауға сыймаса да ойланбастан кіре беретін дүлей автобустарды. Кейде «жол бер» деген ишара танытпай да ортадан кес-кестеп өте шығады. Ішін адамға лық толтырып, өгіздей ыңырана ортаға кіргенде еріксіз тежегіш басып, тоқтауға мәжбүр боласыз. Алайда, олар себеп болған көлік апаты кісі өліміне де әкеліп соғары сөзсіз-ау. Дегенмен, таяқтың екі ұшы барын ұмытпайық…

– Иә, бар кінәні біздің жүргізушілердің мойнына іле салу, әрине, оңай. Бізде орнықты жүйе бар. Күнделікті жоспарды орындау үшін барымызды саламыз. Сонымен қатар, ең бастысы – уақыттың тапшылығы, осының барлығы берілген міндетті жоспарға сай уақытылы орындау қажеттілігінен туындайды. Автобусқа кісіні шамадан тыс толтыру, асығуымызға себеп те – осы. Әркім өз қалтасының қампаюын ойлайды. Автобус парктерінің көбі жекеменшік болған соң, олар да жоспардың орындалғанын қалайды. Кесте бойынша 12 сағат жұмыс жасау керек болса, біз 16 сағат жұмыс істейміз. Жоспар бойынша күніне әр автобустан 63 мың теңге көлемінде кіріс кіруі шарт. Ал, жоспар орындалмаса айлық аз. «Автобустар сынса, жүргізушілер жауап бермейді» деген қате пікір. Егер, біз жүргізген көліктің бірі сынса, автопарк мамандары жөндейді. Сайман және басқа да керекті заттарға кеткен шығын біздің қалтамыздан ұсталады. Темір болған соң сынбай тұрмайды ғой, кейде дөңгелек жарылады, қозғалтқыш істен шығады. Міне, осының барлығы тікелей жүргізушілердің мойнында. Мұның барлығы автопарктегі жүргізуші тапшылығына тіреліп тұр. Бір автобус екі бірдей міндетті атқаруға мәжбүр. Автопаркке жаңа жүргізушілер келсе, мәселе шешіледі деп санаймын. Онда автобус жүргізушілерінен асқан момын адам болмас еді, – деп езу тартты №3 автопарк автобусының жүргізушісі Айдос Арынов.

Жүргізуші пікірін білген біз сөз кезегін №3 автопарк басшылығына ұсындық… Бірақ, автопарк үнсіз қалды. Жолданған үшбу хат адасқан күшік секілді ұлып, жұртқа қайта оралды. Не құпия барын кім білсін? Әйтеуір автопарк жауаптан ат-тонын ала қашты. Соған қарағанда қоғамдық көліктің «жыры» әлі «жырланатын» сыңайлы. Әрине, жергілікті биліктің өзі араласып, мәселені түбегейлі шешпесе…

Жансая СӘРСЕНБАЙҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button