«Жол жөндеуде сылтау керек емес»
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың басшылығымен өткен аппараттық кеңесте облыстың автожолдары туралы айтылды. Жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы бөлініп, жол сапасын лайықты деңгейге жеткізу үшін билік тырысып баққанымен, әлі де болса, күрделі жөндеуді қажет ететіндері жеткілікті. Мәселен, бірқатар учаскелердегі жұмыстар биыл аяқталса, енді бірі – келесі жылға өтеді. Бұл туралы облыстың жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Қожанов пен «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Қарағанды облыстық филиалының директоры Ерлан Жұмағұлов мәлімдеді.
Екеудің орнына – төртеу
Мақсұт Қожанов алдымен облыстық маңызы бар жолдарды жөндеу жұмыстары туралы баяндады. Айтуынша, биыл Нұра және Шахтер кенттері арасындағы 20 шақырым жолды реконструкциялау аяқталған. Ал, Осакаров пен Молодежный, Нұра мен Осакаров кенттерін жалғайтын 16 шақырым жолды жөндеу аяқталуға жақын.
– Жұмыстардың дені 2024 жылға жоспарланған. Соған қарамастан, қазір Нұра өзені арқылы Теміртаудан Токаревка ауылына баратын жол бойындағы көпірді реконструкциялау жүріп жатыр. Әзірге көпірдің шеткі екі тірегі дайын, бірақ, жоба келесі жылы жалғасады. Одан бөлек, облыс орталығындағы Космонавттар көшесі бойындағы жолды реконструкциялау жұмыстары басталды. Пичугин көшесіндегі жол да күрделі жөнделіп, Үлкен Михайловка станциясының аумағында теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілер көпірі салынады, – деді Мақсұт Жолдыбайұлы. Басқарма басшысының сөзіне сенсек, жолды күрделі жөндеу де, көпір құрылысы да қазір басталып кеткен. Бірақ, өзі айтқандай, биыл емес, келесі жылы аяқталады.
Басқарма басшысы бөліскен тағы бір жағымды жаңалық – келесі жылы жергілікті жол желісінің 600 шақырымы жөнделетіні. Тіпті, бірқатары кеңейтілетін де сыңайлы. Бұл қатарда Ақтастан Саранға және Қарағандыдан Шахтинск қаласына баратын жол бар. Көлік легі тәулігіне 30 мыңнан асатын жол болғандықтан, екі жолақтың орнына, төрт жолақ жасау жоспарда.
Мақсұт Жолдыбайұлының айтуынша, облыс орталығындағы Университет көшесіндегі жол да ұзартылады. Яғни, болашақта аталған көшеден тікелей Гапеев көшесіне шығуға болады. Бұл Мұқанов көшесіндегі көлік легін азайтып, Күнгей шағынауданына апаратын жол қосуға мүмкіндік береді.
– Осыған ұқсас тағы бір жоба – Мұқанов көшесін Көгілдір тоғандар шағынауданына дейін жалғау. Бұл Оңтүстік-Шығыс және Майқұдық бағытындағы, сондай-ақ, Қарқаралы ауданына апаратын тасжолдағы көлік легін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Мақсұт Қожанов.
Ермағанбет Бөлекпаев жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысы қай деңгейде екеніне ерекше тоқталып, сұрады. «Көпір ашылады» деп, сарсыла күткен тұрғындардың да шыдамы таусылуға шақ. Бірақ, биыл да ашыла қоятын түрі жоқ. Себебі, әуелде жобада қате кеткен. Енді келесі жылға қалады.
– Биыл көпірдің тіректері көтеріледі. 2024 жылы ашылуы керек, – деді басқарма басшысы. Ал, облыс әкімі болса, «Күзге дейін көпір ашылуы керек» деп қадап айтты.
Тас жолда апат жиілеп тұр
Ал, Ерлан Жұмағұлов болса, республикалық маңызы бар жолдарға тоқталды. Оның ішінде, ерекше айтылғаны, әсіресе, төрт жыл қатарынан жыры таусылмаған «Қарағанды-Балқаш» күре жолы. Әуелде, жоба қолға алынғанда жолды қайта жаңарту 250 млрд.теңгеге бағаланған. Бірақ, біресе, бас мердігері өзгеріп, біресе, жобаның өзі қымбаттап, 2019 жылы басталған жобаны тапсыру мерзімі талай өзгерген.
Бірақ, Ерлан Маратұлы жалпы ұзындығы 363 шақырым жолдағы жұмыстардың 85 %-ы аяқталды деп сендірді.
– Көпір құрылысын реттеу ғана қалды. Қазірдің өзінде 11-і дайын, көлік жүріп жатыр. Келесі жылы жол жабынының жоғарғы қабатын төсейміз, көпірлерді жабдықтаймыз. Жұмыс сонымен аяқталады, – деді Ерлан Жұмағұлов.
Бірақ, жол-көлік оқиғалары жиі болатындықтан «ажал трассасы» аталып кеткен жолдағы жөндеу жұмыстарына көңілі толмаған Ермағанбет Бөлекбаев «Сіздер жобаны төрт жолақты ете отырып, ертерек тапсыруға уәде бергенсіздер» деп бөлді облыстық филиал директорының сөзін. «Жолды әзірше төрт жолақты етуге көптеген факторлар әсер етуде» деп, ақталуға тырысты Ерлан Жұмағұлов.
– Жоспар жүз пайыз орындалды. Дегенмен, көлік қозғалысын төрт жолақта қамтамасыз ету мүмкін емес. Қауіпті жерлер бар, – дейді ол.
Облыс әкімі «Жүргізушілерге мұндай сылтаулар керек емес. Тасжолдағы қайғылы оқиғалар жалғасып келеді. Жолда қозғалыс қарқынды бола тұра, тек екі жолақ бар» деп кесіп айтып, ескерту жасады.
Асфальт көрмеген жолдар да бар
Ерлан Жұмағұлов Қарағандыдан Жезқазғанға дейінгі жол мәселесін де қозғады. Айтуынша, жөнделуі тиіс 158 шақырымның 40 шақырымына мемлекеттік сараптама оң қорытынды берген. Ал, 40 шақырымның бір бөлігі – Қарағанды облысына тиесілі. Десе де, іс әлі де жобалау-сметалық құжаттама сатысында. Бірақ, құзырлы орган басшысы жұмыстар келесі жылдың үшінші тоқсанының соңына дейін аяқталады деп отыр.
Бүгінде «Қарағанды-Балқаш» қана емес, Қарағандыдан Қарқаралыға апаратын жол да бүгінде көпшіліктің үрейін алып тұр. Алдындағыдай «ажал трассасына» айнала қоймаса да, кейінгі кездің өзінде дәл осы жолдың бойындағы жол-көлік оқиғалары қаншама?! Бірақ, жөндеу жұмыстары келесі жылға өтеді. Болжам бойынша 69 шақырымды жөндеу жоспарда.
Ермағанбет Бөлекпаев Ақтас теміржол өткеліне де тоқталып, келесі жылы, ерте көктемде, осы жерге уақытша асфальт төсеуді тапсырды.
Қарағанды қаласының әкімі Мейрам Қожухов болса, қалаішілік жолдарға тоқталды. Оның айтуынша, облыс орталығында асфальт көрмеген аудандар да бар екен. Мәселен, биыл ешқашан асфальт болмаған жеке сектордағы 42 шақырым жол жөнделген. Атап айтар болса, Берлин кенті – 16 шақырым, Михайлов аумағында – 12 шақырым, қала секторы – 8 шақырым, Күнгей шағынауданы – 4 шақырым, Федоровка ауданы, Сұрыптау кенті және Пришахтинск ауданы – 4 шақырым.
Қала басшысы келесі жылы су құбыры немесе газдандыру бөлігінде қайта жаңартудан өткен жеке сектор жолдардың 45 шақырымына орта есеппен асфальт төселетінін де жеткізді.
Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz