«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы өңірге серпін беруде. Бұл бағытта ауданда және ауылдарда жолдарды жаңғырту жұмыстары кең көлемде жүргізілуде.
Шет ауданының Тағылы ауылдық округінде жолдар салынып, ауыл тұрғындарын қуантып жатыр. Жұмыскер ауылының М.Мәметова, Б.Момышұлы, Т.Бигельдинов, И.Қуанышбаев, М.Бейсенбеков көшелеріне асфальт төселді. Көше жолдарын мердігер «КапиталСтройАспект» ЖШС толығымен аяқтап, пайдалануға берді.
– Біздің ауылымызда үлкен бір өзгеріс, жақсы бастама қолға алынды. Жол мәселесі, көше жолдары көптен бері өзекті мәселенің бірі еді. Жағдай жаман емес, қазір жақсы. Жол мәселесін тұрғындар жиындарында аудан, облыс басшыларына айтқанбыз. Ойлаған ісіміз оңынан болып, мәселе түбегейлі шешімін табуда. Мемлекет басшысының саясатын лайықты жүзеге асырып отырған жергілікті басшыларға үлкен алғысымызды білдіргім келеді, – дейді Жұмыскер ауылының тұрғындары.
Жоба аясында ауданның елді мекендерінде көше жолдарын жөндеу жұмыстары әлі де жалғасады. Ауыл халқының сөзінше, жылдар бойы асфальт көрмеген көшелерге асфальт төселген. Бұл ауыл азаматтарының өмір сүру сапасын жақсартумен қатар, ауыл көркін ашары хақ. Сонымен қатар, Шет ауданындағы іргелі елді мекен Мойынты кентіндегі Тұрар Рысқұлов атындағы көше жолы жөнделіп, пайдалануға берілсе, кенттегі басқа да жолдарға асфальт төсеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Жолдың сапасы тұрғындардың да, тапсырыс берушінің де көңілінен шығып отыр.
Айта кетейік, Шет ауданына автокөлік жолдарын жөндеуге биыл облыстық, аудандық бюджет көздерінен 944,0 млн.теңге қаржы қарастырылған. Облыстық бюджеттен 473,0 млн.теңге және аудандық бюджеттен 471,0 млн. теңге қаржы бөлінген. Оның 173 млн. теңгесіне 1 округке қарасты аудандық маңызы бар және 10 елді мекеннің ішкі көшелеріндегі жалпы 24,1 шақырым көлік жолдарын жөндеуден өткізу жоспарланған екен.
Материалды әзірлеген Ербол ЕРБОЛАТ.